2025 жылдың 13 сәуірінен бастап Жапонияның Осака қаласында өтіп жатқан EXPO-2025 көрмесінде Қазақстандық дәрігер-зерттеушілер тобы ұсынған «ALEM» атты бірегей медициналық құрылғы халықаралық қауымдастық назарына ұсынылды. Жүйе UMC Жүрек орталығының бастамасымен, Heart Center Foundation қоғамдық қорының қолдауымен әзірленген.
ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) – донорлық органдарды, соның ішінде жүректі, 24 сағаттан астам уақыт бойы тіршілікке жарамды күйде сақтауға мүмкіндік беретін инновациялық технология. Бұл — Қазақстан сияқты кең байтақ аумақты елдер үшін ерекше маңызды, себебі трансплантологияда ең үлкен қиындықтардың бірі – органды дер кезінде жеткізу.
Қалыпты әдіспен ағзаны сақтау уақыты 4–6 сағатпен шектелсе, ALEM жүйесі қанайналымды оттегімен қамтамасыз етіп, тұрақты температура мен физиологиялық жағдайды сақтай отырып, ағзаның өміршеңдігін әлдеқайда ұзартады. Құрылғы сондай-ақ нақты уақыт режимінде барлық негізгі көрсеткіштерді бақылауға мүмкіндік береді.
Жобаның жетекшісі, UMC Басқарма төрағасы Юрий Пя құрылғы идеясын ауа райының қолайсыздығына байланысты донорлық жүректі дер кезінде жеткізе алмаған жағдайдан кейін ойлап тапқанын атап өтті. Идея клиникаға дейінгі зерттеулер нәтижесінде өзінің қауіпсіздігі мен тиімділігін дәлелдеді.
Кардиохирург Тимур Лесбеков құрылғының ерекшелігін былай сипаттады: ALEM жүйесінде тек органды сақтау ғана емес, оны денеден тыс жерде емдеу де мүмкін. Бұл медицина үшін үлкен серпіліс.
Құрылғыны дайындау жұмысына инженерлермен қатар кардиохирургтер, анестезиологтар, морфологтар, мейіргерлер және зертханашылар да белсенді қатысқан. Даму кезеңі бірнеше жылға созылып, құрылғы енді клиникалық сынақтардан өту сатысына жетті.
ALEM жобасы Қазақстан павильонындағы «Connecting Lives» («Өмірлерді біріктіру») аймағында ұсынылуда. Биылғы EXPO көрмесінің басты тақырыбы — «Өміріміз үшін болашақ қоғамды қалыптастыру». Жоба еліміздің ғылыми-технологиялық әлеуетін танытумен қатар, трансплантология саласының маңызын жеткізу, жаһандық ынтымақтастықты нығайту және болашақ шешімдерді бірлесе табу мақсатына негізделген.
«Heart Center Foundation» қорының директоры Мұрат Зауыров бұл құрылғыны Қазақстанның халықаралық аренадағы ғылыми жетістігі деп бағалады. Ол ALEM жобасы — отандық медицинаның дамып, жаһандық инновациялық үдерістің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанының дәлелі екенін атап өтті.
Жоба авторларының пікірінше, ALEM тәрізді технологиялар дәстүрлі медициналық тәсілдердің шекарасынан асып, медициналық ғылымның келешегін кеңейтіп, күрделі жағдайдағы адамдарға өмір сыйлайтын нақты шешімге айнала алады.