Семей қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық терминология комиссиясы мен Семей медицина университетінің ұйымдастыруымен республикалық терминологиялық конференция өтті.
Жиында медициналық терминдердің бірыңғай сөздігін жасау, денсаулық сақтау саласына қатысты нормативтік-құқықтық құжаттардағы терминдерді жүйелеу және заманауи медициналық терминология сөздігін қалыптастыру мәселелері қарастырылды.
Конференцияда жас ғалымдар медициналық терминологияның өзекті бағыттары бойынша пікір алмасты. Олар ғылыми жарияланымдарда қолданылатын қысқартуларды, заңнамалық құжаттардағы ұғымдарды және ғылыми-медициналық тілдің жүйелілігін зерттеуге ерекше мән берді.
Салаға жасанды интеллект технологияларын енгізу тақырыбы да жеке талқыланды, атап айтқанда KAZHealthGPT жүйесін жасау жоспары ұсынылды.
Сонымен бірге, қатысушылар мемлекеттік тілде жарық көретін медициналық оқулықтар жобасына қолдау білдіріп, қазақ тілінде жазылған ғылыми еңбектерді ынталандырудың маңыздылығын атап өтті. Журналдарда жарияланған үздік материалдар үшін марапаттар тағайындау ұсынылды.
Жас зерттеушілердің пікірінше, бұл бастамалар мемлекеттік тілдің ғылымдағы орнын нығайтуға және қазақ тілінің ғылыми ортада кеңінен қолданылуына ықпал етеді.