Авторлар:КеримбаеваГулайымТелихановна ВОП,
Буйрабекова Мира Ерболовна ВОП, Оразаева Айжан Женисовна
Жетісу облысы, Алакөл ауданы, МКҚ Алакөл аудандық орталық ауруханасы, Достық ауылдық ауруханасы
Сіңірдің тартылуы: себептері, қауіп факторлары және алдын алу жолдары
Аяқ-қолдағы сіңірдің жиі тартылуы — көптеген адамдарға таныс жағдай. Бұл көбіне бұлшық еттің әлсіреуінен, ағзадағы дәрумендер мен минералдардың жетіспеушілігінен немесе жасырын аурулардың белгісі ретінде пайда болады. Сондықтан мұндай кезде өз бетінше ем қолданбай, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.
Сіңір тартылуының негізгі себептері:
1. Ағзаның сусыздануы
Судың жеткіліксіз болуы жүйке ұштарының қозуына әкеліп, бұлшық еттердің жиі тартылуына себеп болады. Мұндай жағдайлар, әсіресе, ыстықта немесе спортпен белсенді шұғылданғанда жиі байқалады.
2. Минералды заттардың жетіспеушілігі
Ағзаға кальций, калий, магний және натрий сынды микроэлементтер қажет. Олардың жетіспеуі бұлшық еттердің жұмысына кері әсер етеді. Мұндай тапшылық дұрыс тамақтанбаудан немесе асқазан-ішек жолдарындағы сіңірілу бұзылысынан туындауы мүмкін.
3. Қант диабеті
Қант диабеті кезінде қан айналымы және жүйке жүйесінің жұмысы бұзылады. Бұл аяқ-қолдың сіңір тартылуына алып келуі мүмкін.
4. Варикоз (тамыр кеңеюі)
Аяқтың төменгі жағындағы ісіну, ауырлық және шаршау – варикоздың белгілері. Бұл жағдай да аяқтағы қан айналымының бұзылуы арқылы сіңір тартылуына әкеледі.
5. Гормоналды теңгерімсіздік
Жасөспірімдік кезеңде, жүктілік кезінде немесе климакс кезінде гормондар өзгеріп, сіңір тартылуы пайда болуы мүмкін.
6. Алкоголь мен темекі
Ағзаға зиянды бұл әдеттер тамыр жүйесіне, микроэлементтердің сіңірілуіне және жүйке жүйесіне әсер етеді. Нәтижесінде сіңір тартылуы жиілейді.
7. Дене қызуының жоғарылауы
Балаларда дене қызуы қатты көтерілген кезде фебрильді құрысулар жиі кездеседі. Бұлшық еттің тартылуы дене температурасы қалпына келген соң басылады.
8. Темір мен фолий қышқылының жетіспеушілігі
Бұл элементтердің тапшылығы кішкентай бұлшық еттердің жиырылуын тудырып, аяқ-қолдың тартылуына әсер етеді.
Кімдерде сіңір жиі тартылады?
- Спортшылар мен артық салмағы бар адамдарда;
- 3 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдерде;
- Гормоналды өзгерістерді бастан кешіп жүрген әйелдерде (жүктілік, климакс және т.б.);
- Ұзақ уақыт тік тұрып жұмыс істейтіндерде;
- Алкоголь және темекі қолданатындарда;
- Қатаң диета ұстанушыларда;
- Қалқанша безі, қант диабеті, жүрек-тамыр немесе онкологиялық ауруы бар адамдарда;
- Күніне жеткілікті су ішпейтіндерде.
Неліктен сіңір тартылғанда ауырсыну болады?
Сіңір тартылғанда бұлшықет тіндерінде оттегінің жетіспеушілігі (гипоксия) пайда болады. Қоректік заттар мен оттегінің жетпеуі салдарынан ағзада улану процесі жүреді. Бұл жүйке ұштарының тітіркенуіне және ұзаққа созылатын ауырсынуға әкеледі.
Егер сіңірдің тартылуы жиі қайталанса немесе бүкіл денеңізде бұлшық ет ауырсынуы байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, толық тексеруден өткен жөн.