Жақ-бет аймағындағы қатерлі ісік

Мақала

Авторлар:КеримбаеваГулайымТелихановна ВОП,

 Буйрабекова Мира Ерболовна ВОП, Оразаева Айжан Женисовна

Жетісу облысы, Алакөл ауданы, МКҚ  Алакөл аудандық орталық ауруханасы, Достық ауылдық ауруханасы

Жоғарғы жақ пен жақ-бет аймағының қатерлі ісігі – өте қауіпті онкологиялық ауру. Бұл дерт науқастардың медициналық көмекке кеш жүгінуі және емнің кеш басталуынан өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Қазақстанда жыл сайын 300-ден астам адамға жақ-бет және ауыз қуысы аймағының қатерлі ісігі диагнозы қойылады.


Аурудың себептері мен қауіп факторлары

Жақ-бет аймағындағы ісіктер, көбінесе, ұзақ уақыт бойы емделмеген немесе дұрыс ем қабылдамаған мұрын қуысы мен қосалқы қуыстардың (синустардың) созылмалы іріңді-қабыну ауруларының (мысалы: синусит, этмоидит, полипозды-синусит) негізінде дамиды.

Науқастардың өз бетімен емделуі немесе медициналық көмекке кеш жүгінуі дәрігерлерге қатерлі ісік диагнозын ауру алға басқан кезде ғана қоюға мүмкіндік береді.

Тәуекел факторларына мыналар жатады:

  • Темекі шегу
  • Алкогольді ішімдікті шамадан тыс қолдану
  • Генетикалық бейімділік, тұқым қуалайтын мутациялар
  • Адам папиллома вирусы (HPV)
  • Иммундық жүйенің әлсіреуі
  • Шырышты қабықтың созылмалы аурулары
  • Шырышты қабықтың жиі жарақат алуы немесе тітіркенуі

Жақ-бет аймағы ісігінің белгілері:

  • Мұрын бітелуі
  • Мұрынмен тыныс алудың қиындауы
  • Қан аралас немесе іріңді бөліністер
  • Бас ауруы (ауру басатын дәрілерге көнбей қойса)
  • Көру қабілетінің төмендеуі немесе көзі айналасындағы ұю
  • Тістердің босаңсуы
  • Көзден жас ағуы
  • Тіс пен жақтың ауыруы
  • Бет әлпетінде өзгеріс, асимметрия
  • Ауыздан жағымсыз иіс шығуы
  • Тәбет жоғалуы, салмақтың кенеттен төмендеуі
  • Ауыз қуысында қан кету немесе жаралардың пайда болуы
  • Жақ сүйегін жабудағы қиындықтар
  • Экзофтальмоз (көздің алға қарай шығып кетуі)
  • Неврологиялық бұзылыстардың белгілері

Ісік үлкейген сайын беттің айтарлықтай асимметриясына, күрделі косметикалық және функционалдық мәселелерге алып келуі мүмкін.


Диагностика қалай жүргізіледі?

Жоғарғы жақ пен жақ-бет аймағындағы қатерлі ісікті тек онколог дәрігер анықтай алады. Көп жағдайда науқас алдымен стоматологқа (тіс ауруымен), офтальмологқа (көру қабілетінің нашарлауымен) немесе отоларингологқа (мұрын бітелуімен) жүгінеді. Дегенмен нақты диагнозды анықтау үшін кешенді тексеру қажет.

Қолданылатын диагностикалық әдістер:

  • Риноскопия (мұрын қуысын зерттеу)
  • Сцинтиграфия
  • Рентген
  • КТ (компьютерлік томография)
  • МРТ (магниттік-резонанстық томография)
  • Биопсия – зақымдалған тіндерден үлгі алу
  • Гистологиялық және цитологиялық зерттеулер

Ерте диагностика – тиімді ем мен өмір сүру ұзақтығының басты кепілі.


Емдеу жолдары

Емдеу ісіктің түріне, орналасуына және таралу деңгейіне байланысты жүргізіледі. Көп жағдайларда кешенді (аралас) емдеу қолданылады:

  • Хирургиялық емдеу
  • Химиотерапия
  • Сәулелік терапия

Кейбір ісіктер консервативті емдеуге көнуі мүмкін, бірақ көп жағдайда зақымдалған жақ бөлігін резекция (алып тастау) қажет болады. Емдеу тактикасын дәрігерлер тобы жеке жағдайға сәйкес анықтайды.


Алдын алу шаралары

  • Мұрын, тіс, ауыз қуысы аймағындағы кез келген шағымдар болса (мұрын бітелуі, тістердің қозғалысы, іріңді бөлініс, жаралар) уақытылы дәрігерге қаралу
  • Жақ-бет хирургі, стоматолог, оториноларинголог және онколог мамандарының тұрақты бақылауынан өту
  • Темекі мен алкогольден бас тарту
  • Жалпы иммунитетті күшейту және салауатты өмір салтын ұстану

Қорытынды:
Жақ-бет аймағындағы қатерлі ісіктер – сирек кездесетін, бірақ өте күрделі әрі қауіп төндіретін ауру. Ерте диагностика, дер кезінде ем және алдын алу шаралары науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *