Авторы : Жакупова А.А.
Дулатбаева Ж.А.
Дуйсенбинова С.Т.
Қалалық орталық емханасы №2 учаскелік медбекелері
Қыста ағзада жиналған күш беретін дәрумендер таусыла бастағанда адамдар шаршағыш келеді. Жұмыс уақытында шаршауды болдырмайтын тәсілдерді психолог және диетолог мамандар жақсы біледі. Тамақтану және психикалық денсаулық жөніндегі мамандардың айтуынша, жұмыс күнінің ортасында шаршаудан арылуға көмектесетін тиімді тәсілдерді әркімнің білгені жөн. Сондықтан біз кез келген адамның жұмысқа ынтасын күшейтетін 10 тәсілмен таныстыра кеткенді жөн көріп отырмыз. Атап айтқанда, тәжірибелі мамандар төмендегідей кеңес береді.
Бірінші. Жұмыс күнінің ортасында күші таусылып, шаршау белгісі біліне бастағанда жақсы көретін бейнелерді – жақын адамдардың, ата-ана мен балалардың, достардың суреттерін бір қарап шығыңыз. Индиана университетіне қарасты медиа мектебінің 7 мың адам қатысқан зерттеуі бұл белсенділіктің көңіл-күйді жақсартатынын, стресті төмендететінін және энергияны арттыратынын көрсеткен.
Екінші. Темірге бай тағамдар жеу. Ағзасында темірі аз адам тез шаршайды. Кептірілген жемістер, асқабақ дәні, қара шоколад нағыз темірге бай тағам түрлері болып саналады.
Үшінші. Сағыз шайнаудың миға қан баруын жақсартатыны, бұл өз кезегінде сергектікті жоғарылататын дәлелденген.
Төртінші. Бірнеше минут сурет кітаптарды парақтап шығыңыз. Бояу стресті жеңілдетеді, алаңдаушылықты азайтады және зейінді арттырады. Сары және қызғылт сары түстер энергия деңгейін арттырады.
Бесінші. Салқын душ қабылдау немесе басты салқын сумен жуу. Осының арқасында иммундық жүйе нығаяды және адамның күш-қуаты артады.
Алтыншы. Ұнайтын музыка тыңдау. Британдық дыбыс терапиясы академиясының жаңа зерттеулері ұнамды әуенді тоғыз минут тыңдаған адамдардың 65%-ы өзін бақытты сезінетінін, 89%-ының энергия деңгейі жоғарылайтынын және 82%-ы өз өмірлеріне риза болатынын анықтаған.
Жетінші. Жарық жерге шығу немесе бөлмеде шам жағу. Жарықтың мол болуы серотониннің бөлінуін күшейтеді, бұл адамды сергітеді және жігерін жаниды.
Сегізінші. Өзіңізге ұнайтын парфюмерия себу. Көптеген клиникалық зерттеулер белгілі бір эфир майларының энергия деңгейін жоғарылататынын және шаршауды жеңілдететінін растаған. Мысалы, жалбыз майы физикалық өнімділікті жақсартып, шаршауды болдырмайды. Ал, эвкалипт майы миды демалдырады.
Тоғызыншы. Жақсы көретін адамға, досыңа қоңырау шалу. Байланыс көңіл-күйді жақсартатын, кортизол мен стресс деңгейін төмендететін дофамин мен окситоциннің бөлінуін күшейтеді.
Оныншы. Жаңа зімбір сығындысын ішу, әдетте, ол 50 мл. аспауы тиіс. Зімбір – адамның күш-қуатын өсіретін табиғи стимулятор.
Қабылдайтын тағам түрлеріне, дәрілік препараттарға әрбір адамның ерекше реакциялары болуы мүмкін. Сондықтан мамандар бұл кеңестерде айтылған тағам түрлерін тек дәрігердің кеңесінен кейін қолдану қажеттігін ескертеді.