Автор: Нурпеисова Рыскельды Курмангалиевна, жалпы тәжірибелі дәрігер
«Алакөл аудандық орталық ауруханасы» МКК Қабанбай ауылдық аурухана бөлімшесі
Тұмау (ГРИПП) және жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) бір-біріне өте ұқсас, ауамен жұғатын, адамнан адамға тез таралатын жұқпалы аурудың бірі. Тұмау жыл сайын өзгеріn отырады және ол өте қатаң түрде болады, ал жедел респираторлық вирустық инфекция дегеніміз ол аденовирусты А,В,С, пневмовирус, пикарновирусы әлсіз түрде өтеді. Бұл жұқпалы аурудың көтерілуі қазан айынан сәуір айының аралығында болады, сондықтан күз айларында аурудың алдын алу үшін тұмауға қарсы қатерлі топтағы адамдар: балалар, жүкті әйелдер, 65 жастан асқан қарт адамдар, созылмалы ауруы бар диспансерлік есепте тұратын науқастар екпе алғаны абзал. Тұмау және ЖРВИ-дің клиникалық белгілері ете ұқсас. Тұмау кезінде 6 айлық және 3 жаска дейінгі балаларда ларинготрахеит немесе круп жиі дамиды. Круп синдромы аурудың негізгі көрінісі ретінде бірінші тәулікте дене қызуының 38,5-39 градусқа жоғарылауымен басталады, мазасыздық, дауысының қарлығуы, кейде дауыстың жоғалуына (афония) дейін әкеледі, жөтел, ентікпе және көгерулер болады. Аллергиялық аурулары бар балаларда круп синдромы өте жылдам түрде дамиды, стеноздың алғашқы белгілері байқалғанда ауруханаға міндетті түрде жатқызылады.
Тұмаудың емінде жалпы мынандай шараларды сақтау маңызды:
- Науқасты жекелеу, тесектік тәртіпті сақтау және дәруменге бай құнарлы дәмді тәбетіне қарай беру, сонымен бірге аз ғана мөлшерде сұйықтықты жиі-жиі ішкізу (таңқураймен шай, сусындар, минералды су т.б.).
Дене қызуын түсіретін дәрілер гипертермия кезінде және анамнезінде тырысуға бейімділігі бар балаларға беріледі.
- Дене қызуын түсіру мақсатында парацетомол, ибуфен,тайлол қолданылады. Интерферон мұрынға 3-5 тамшыдан күніне 4-6 рет тамызылады.
- Вирусқа қарсы Виферон-1 (150 000) балауызы жеті жасқа дейінгі балаларда қолданылса, Виферон-2 (500 000) жеті жастан жоғары балаларға 1 балауыздан күніне 2 рет тағайындалады.
- Ремантадин 7-10 жас аралығындағы балаларға күніне 50 мг-нан 2 рет беріледі.
- Тұмаудың ауыр түрінде арбидол, рибавирин (10мг/ кг төулігіне) күніне 4 реттен 3-5 күн қолданылады. Науқас балалардың барлығына аскорбин қышқылы, рутин, B тобындағы дәрумендер (тиамин, рибофлавин) беріледі.
- Жөтелге қарсы мукалтин, амброксол, бромгексин, ацетилцистеин 0,25% оксалин жағындысы мұрын айналасына қолданылады. Ацелилсалицил қышқылы балаларға пайдалануға болмайды. Жүкті әйелдерге вирусқа қарсы осельтамавир 75мг күніне екі рет 5күнге пайдалануға болады. Асқынған жағдайда осельтамавир 150мг 2 рет 10 күн аралығында пайдалану керек. Антибактериалды ем бактериалды асқынулар болған жағдайда және ерте жастағы балаларға ем тұмаудың ауыр түрінде ғана тағайындалады!
Өздігінен антибактериалды ем қабылдамағаныңыз дұрыс.
Тұмаудың алдын алу жолдары:
- Вакцинация. Жылына бір рет, күз айларында, барлық жанұя мүшелерінің тұмауға қарсы вакцина алуына кеңес беріледі.
- Тұмауға қарсы витаминдік профилактика балалар мен ересек адамдардың респираторлық вирустарды жұқтыруына тосқауыл болады.
- Респираторлық вирустарғa қарсы тұруға жеке бас тазалығын сақтау және белсенді салауатты өмір салты көмектеседі.
- Үйдің тазалығын сақтау — қоршаған орта әсерінен тұмау вирусы тез жойылады (тұрақты түрде бөлмелерді желдету және ылғалды тазарту, бөлме температурасын 20-24С және ылғалдылықты 30-35% аралығында ұстау).
- Көкеніс пен жеміс-жидектен тұратын толыққанды байытылған тамақтарды пайдалану.
- Дене шынықтырумен, спортпен айналысу жене организмді шынықтыру. Тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциясына шалдыққанда өздігінен ем-дом жасамаңыз, дәрігердің кеңесіне жүгінгеніңіз абзал! Асқынған жағдайда көбіне балаларда және жүкті әйелдерде өлімге әкеліп соғады! Дене қызуы 38-39 градустан түспеген жағдайда, жөтел тоқтамағанда, әлсіздіктің басым болғанда және балаларда дауыстың қарлығуы, емшектен бас тартуы болған жағдайда 103-ке қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырыңыз!