Автор: Косанова Мадина Алмаханбетовна, Жалпы тәжірибелі дәрігер, Шардара аудандық орталық ауруханасы
Туберкулездің алдын алу: флюрографиялық тексерудің рөлі мен маңыздылығы
Туберкулез – адамзат баласына ежелден таныс, әлеуметтік маңызы жоғары жұқпалы аурулардың бірі. Аурудың негізгі қоздырғышы – Mycobacterium tuberculosis (Кох таяқшасы) деп аталатын микроб. Ол ауа арқылы, яғни жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде ауаға таралып, сау адамның ағзасына тыныс алу жолдары арқылы енеді. Туберкулез, әсіресе, иммундық жүйесі әлсіреген адамдар үшін өте қауіпті. Қазіргі таңда елімізде бұл аурумен күреске бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізіліп келеді. Дегенмен, туберкулезді мүлде жойып жіберу мүмкін болмай отыр. Себебі, аурудың кейбір түрлері ұзақ уақыт бойы жасырын түрде өтеді. Осыған байланысты туберкулездің алдын алу мен оны ерте кезеңде анықтау – қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының бірі болып қала бермек.
Аурудың белгілері мен қауіп факторлары
Туберкулездің алғашқы белгілері басқа тыныс алу жолдарының ауруларына ұқсас болғандықтан, оны бастапқы кезеңде анықтау қиынға соғады. Көп жағдайда келесі белгілер байқалады:
— екі аптадан ұзақ уақытқа созылатын жөтел;
— дене қызуының көтерілуі;
— түнгі тершеңдік;
— тәбеттің төмендеуі және салмақ жоғалту;
— әлсіздік пен шаршау.
Аурудың асқынған түрінде қан түкіру, тыныс алудың қиындауы, кеудедегі ауырсыну сияқты симптомдар пайда болуы мүмкін. Алайда кейбір жағдайларда туберкулез мүлде белгісіз түрде дамып, тек профилактикалық тексеріс барысында ғана анықталады.
Туберкулезбен ауру қаупі жоғары топтарға жататындар:
— иммунитеті әлсіреген тұлғалар (АИТВ-жұқтырғандар, қант диабетімен ауыратындар);
— әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар;
— ұзақ уақыт тар жерде өмір сүретін немесе жұмыс істейтін адамдар;
— темекі шегетіндер мен ішімдікке тәуелділер;
— бұрын туберкулезбен ауырғандар.
Алдын алудың негізгі жолы — флюрографиялық тексеру
Туберкулездің алдын алу шараларының ішінде флюрографиялық тексеру маңызды рөл атқарады. Флюрография – өкпе құрылымындағы патологиялық өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық әдіс. Бұл әдіс арқылы тек туберкулез ғана емес, өкпенің басқа да аурулары (ісік, фиброз, пневмония т.б.) анықталуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынымына сәйкес, 15 жастан асқан барлық азаматтар жылына кемінде бір рет флюрографиялық тексеруден өтуі тиіс. Бұл халық арасында аурудың таралуының алдын алып, оны ерте кезеңде емдеуге жол ашады. Көп жағдайда адамдар уақыт тапшылығын немесе ауру белгілерінің болмауын алға
тартып, флюрографиялық тексеруден өтуді кейінге қалдырады. Бұл — дұрыс емес көзқарас. Себебі туберкулездің жасырын кезеңі ұзақ болуы мүмкін, ал ол уақытта ауру адам айналасына жұқтыруы ықтимал. Ерте анықталған дерт – емделуі жеңіл дерт екенін ұмытпаған жөн.
Мемлекеттік деңгейдегі қолдау
Қазақстанда туберкулезбен күрес мемлекеттік деңгейде жүргізіледі. Еліміздің барлық өңірінде фтизиопульмонологиялық орталықтар, тубдиспансерлер жұмыс істейді. Ауруды диагностикалау, емдеу және диспансерлік бақылау тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ұсынылады. Бұл – әр азаматқа қолжетімді мүмкіндік.
Сондай-ақ, туберкулезбен ауырған адамдарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету де жолға қойылған. Жұмыс орнында, отбасында қолдау тауып, емделу тәртібін сақтаған науқастардың айығып кету көрсеткіші өте жоғары. Сондықтан бұл дертке душар болған адамдарға қоғам тарапынан дұрыс көзқарас қажет.
Қорытынды
Туберкулез – алдын алуға, ерте кезеңде емдеуге болатын ауру. Оның негізгі жолы – жыл сайын флюрографиялық тексеруден өту. Бұл шараны әрбір азамат өзінің және қоғамның денсаулығы үшін жауапкершілік деп қабылдауы тиіс.
Аурудың ерте анықталуы тек науқастың өмірін сақтап қана қоймай, оның отбасын, ұжымын және қоғамды індеттің таралуынан қорғайды. Сондықтан әрбір саналы азамат өз денсаулығына бейжай қарамай, профилактикалық тексеруден уақытылы өтуге міндетті.