Автор: Жунисова Кенескул Турганбаевна, фтизиатр дәрігер,
№10 Қалалық емхана, Шымкент қаласы
Диспансерлік бақылау жүйесі әрбір емханада есепте тұрған науқастарға қолданылады. Бұл жүйе туберкулез ауруына шалдыққан науқастар үшін де маңызды, себебі диспансерлік бақылаудың басты мақсаты – ауруды бақылау, оның таралуын болдырмау және науқастың қоршаған ортаға, отбасына қауіпсіз болып, толықтай сауығып шығуына жағдай жасау.
Диспансерлік бақылаудың негізгі мақсаты
Туберкулез ауруының таралуын тоқтату үшін диспансерлік бақылау жүйесі науқастың жағдайын қадағалайды, ауру ағымын жоюға, тоқтатуға және жеңілдетуге бағытталған. Бұл жүйе арқылы науқастың толық сауығуы, сондай-ақ инфекцияның басқа адамдарға таралуының алдын алу қамтамасыз етіледі.
Туберкулезбен ауырған науқастарды бақылау фтизиатр дәрігер мен жалпы тәжірибелі дәрігердің қарауында өтеді. Диагноз қойылғаннан кейін науқасқа кешенді ем тағайындалады, емдеу үрдісі қатаң бақыланады, зертханалық және рентгенологиялық тексерулер жүргізіледі.
Бақылау кезінде жүргізілетін процедуралар
- Диагностика және ем тағайындау – Туберкулез диагнозы қойылған сәттен бастап науқасқа тиімді емдеу курсы жасалады. Емдеу барысында науқас қақырығын тапсырып, дәрілік сезімталдығын анықтау үшін ПЦР әдісімен зерттеу жүргізіледі.
- Лабораториялық тексерулер – Науқастардың қақырығының экспресс-тексеру нәтижесі екі сағат ішінде анықталады. Туберкулезге қарсы дәрілерге, әсіресе рифампицинге сезімталдық анықталған жағдайда, емдеу бірінші қатардағы дәрілермен жүргізіледі.
- Рентген және инструменталды тексерулер – Науқас рентген және басқа да инструменталды тексерулерден өтеді, аурудың динамикасын бақылау үшін қажет.
- Дәрігерлік кеңестер және емді түзету – Науқастың жағдайына қарай емдеу курсы өзгертіліп отырады. Туберкулезге қарсы дәрілердің әсерін бақылау мақсатында дәрігерлік кеңес өткізіледі, қажет болған жағдайда қосымша дәрілер тағайындалады.
Науқастарды диспансерлік бақылау топтары
I топ – белсенді науқастар тобы Бұл топқа аурудың белсенді сатысындағы науқастар кіреді. Өз кезегінде, I топ А (дәріге сезімтал) және В (дәріге тұрақтылық анықталған) топшаларға бөлінеді. Мысалы, егер рифампицинге сезімталдық сақталса, науқас бірінші қатардағы дәрілермен емделеді және 6–8 ай аралығында ем қабылдайды. Ем аяқталғаннан кейін науқас диспансерлік бақылауда бір жыл болады.
Егер рифампицинге тұрақтылық анықталса, емдеу екінші қатардағы туберкулезге қарсы дәрілермен жүргізіледі. Бұл жағдайда емдеу курсы 9 айдан 18 айға дейін созылады, кейде 24 айға дейін болуы мүмкін. Ем аяқталғаннан кейін мұндай науқастар 2 жыл диспансерлік бақылауда болады.
II топ – емін аяқтағаннан кейінгі бақылау Емді толық аяқтаған науқастар осы топқа жатқызылады. Екінші топтағы науқастар жылына екі рет реабилитациялық ем қабылдауы тиіс. Бұл емнің мақсаты – туберкулездің қайталану қаупінің алдын алу. Оңалту барысында науқастарға туберкулезге қарсы дәрілер тағайындалмайды, тек денсаулығын жақсартуға арналған шаралар жүргізіледі.
Науқастар бақылауда болған мерзімнің аяқталуынан кейін, жалпы тәжірибелі дәрігерлердің қарауында қалдырылады. Олар жыл сайын рентгенографиядан өтіп тұрады, осылайша аурудың қайталану қаупі алдын-ала анықталады.