Photo: Unsplash, Bruce Mars
Қазіргі заманда смартфондар біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналғаны анық. Олар бізге байланыста болуға, күнделікті міндеттерді шешуге және көңіл көтеруге көмектеседі. Бірақ шамадан тыс қолдану денсаулыққа зиян тигізіп, ұйқының бұзылуына, алаңдаушылықтың күшеюіне және көңіл-күйдің нашарлауына алып келуі мүмкін. Әсіресе, телефонды таңертең ұйқыдан ояна салысымен қолдану ерекше зиян.
Телефонды бірден қолданудың зияны
Британдық психолог, Психология қоғамының мүшесі Антонио Каленцис телефонды таңертең бірден тексеру әдеті күннің көңіл-күйін бұзатынын айтады.
«Ұйқыдан кейін ми «ұйқылы инерция» күйінде болады, бұл – ұйқы мен ояу арасындағы өтпелі кезең. Бұл кезде когнитивті функциялар толық қалпына келмейді,» — дейді Каленцис.
Осы себепті интернеттен алынған ақпараттың ағыны, хабарламалар немесе жаңалықтар ойдың шаршауына алып келеді. Бұл жағдай адамның сергектігін төмендетіп, күні бойы алаңғасарлық пен шаршау сезімін тудыруы мүмкін.
Тағы бір қауіп — ақпараттық стресc. Жаңалықтар, жұмыс хаттары немесе басқа да хабарламалар денені стресске ерте бейімдейді. Бұл таңертеңгі тынығуды қысқартып, жаңа күнді тиімді бастауға кедергі жасайды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі «идеал» өмірдің бейнесі (достардың, әріптестердің суреттері) өзін-өзі бағалауға теріс әсер етіп, уайым тудыруы мүмкін.
Телефонның жарығы да көзге күш түсіреді. Ұйқы кезінде қараңғыға үйренген көздерге жарыққа бейімделу үшін уақыт керек, ал телефонның көгілдір жарығы бұл процеске кедергі жасайды. Каленцис бұл жарық көздің құрғауы мен тітіркенуін тудыратынын, бұл жағдай бүкіл күн бойы сақталуы мүмкін екенін түсіндіреді.
Пайдалы әдеттерді қалыптастыру
Телефонды таңертең бірден тексеру әдеті өнімділікті де төмендетеді, себебі адам маңызды істерден гөрі екінші дәрежелі заттарға алаңдайды.
Бұл әдеттен арылу үшін психолог мынаны ұсынады:
- Телефонды түнде басқа бөлмеде қалдырыңыз немесе оны төсектен алыс жерге қойыңыз.
- Будильник ретінде телефонды емес, қарапайым сағатты немесе смарт-колонканы пайдаланыңыз.
- Ұйқыдан кейінгі алғашқы минуттарды физикалық жаттығуларға, душ қабылдауға және таңғы ас дайындауға арнаңыз.
Бұл тәсіл таңертеңгі уақытты өнімді өткізуге және телефонға тәуелділікті азайтуға көмектеседі. Есіңізде болсын: әлем сіз оянған алғашқы 30 минутта өзгере қоймайды.