Мектеп мейірбикесі – бала денсаулығының күзетшісі

Детское здоровье Сестринское дело


Автор: Кулабаева Зауреш Турсыновна, ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» КМК, Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназиясының мектеп мейірбикесі

Бала – ұлттың болашағы. Олардың денсаулығы – елдің ең басты байлығы. Осы жолда қажырлы еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – мектеп мейірбикесі. Қазіргі таңда мектеп мейірбикесі тек қана емдеу мен алдын алу шараларын жүргізуші маман ғана емес, ол – баланың жан-жақты дамуы мен қауіпсіз ортасында өсуіне тікелей үлес қосатын сенімді тұлға. Мен, Кулабаева Зауреш Турсыновна, Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназиясында мейірбике ретінде қызмет атқарып келемін және осы саладағы жауапкершіліктің маңызын күнделікті жұмысымда айқын сезінемін.

Күнделікті қызмет бағыттары
Мектеп мейірбикесінің негізгі міндеті – білім алушылардың денсаулығын бақылау және сақтау. Таңертеңгі уақытта дене қызуы көтерілген немесе өзін жайсыз сезінген оқушыларды қабылдау, алғашқы тексеріс жүргізу – күнделікті атқаратын жұмысымның бір бөлігі. Егер оқушының денсаулығында ауытқушылық байқалса, ата-анасына хабар беріліп, қажет болған жағдайда тиісті медициналық мекемеге жолдама беріледі.

Сонымен қатар, жоспарлы профилактикалық тексерулер мен салалық мамандардың скрининг жұмыстарына қатыстыру, оқушылардың бойы мен салмағын қадағалап, дене дамуын бағалау – жүйелі түрде жүргізілетін жұмыстар.

Жиі кездесетін аурулардың алдын алу
Балалар арасында жиі кездесетін жұқпалы аурулардың алдын алу – аса маңызды бағыттардың бірі. Суық тию, тұмау, қызылша, скарлатина сынды аурулардың өршуінің алдын алу үшін санитарлық-ағартушылық жұмыстар ұйымдастырылады. Әсіресе күзгі-қысқы кезеңде оқушыларға жеке бас гигиенасын сақтау, маска тағу, бөлмені желдету туралы түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

Алғашқы көмек және вакцинация
Күтпеген жағдайда бала жарақат алып қалуы немесе өзін жайсыз сезінуі мүмкін. Осындай сәтте алғашқы медициналық көмек көрсету – мейірбикенің басты міндеттерінің бірі. Мектептің медициналық пунктінде барлық қажетті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер дайын тұрады.

Иммундау – оқушылардың денсаулығын сақтау мен қауіпті аурулардың алдын алудағы маңызды шаралардың бірі. Мектепте вакцинация жұмыстары білім бөлімдері мен аудандық аурухана келісімімен бекітілген жоспар бойынша өткізіледі. Вакцина егілетін оқушылардың тізімі алдын ала жасалып, ата-аналардан жазбаша рұқсат алынады. Егу алдында балалар міндетті түрде тексеруден өтеді.

Дұрыс тамақтану мен гигиеналық тәрбие
Дұрыс тамақтану – баланың бойының өсуі мен ми қызметінің дамуына тікелей әсер етеді. Осы бағытта оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, фастфуд пен тәтті сусындардың зияны туралы лекциялар мен сынып сағаттарын ұйымдастыру – менің жұмысымның бір бөлігі.

Сонымен қатар, жеке бас гигиенасы – тазалық пен денсаулық кепілі екенін балаларға күнделікті түсіндіріп отыру маңызды. Қол жуу, тіс тазалау, тазалық сақтау туралы ақпараттық бұрыштар мен суретті нұсқаулықтар ілініп, арнайы іс-шаралар өткізіледі.

Ата-аналар мен мұғалімдермен бірлескен жұмыс
Бала тәрбиесі мен денсаулығы – тек мектептің ғана емес, ата-ананың да басты міндеті. Осы орайда, ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс істеу – мектеп мейірбикесінің қызметінің ажырамас бөлігі. Денсаулығында ерекшелігі бар балалармен жеке жұмыс жүргізу, үйде күтім көрсету бойынша ата-аналарға кеңес беру тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, сынып жетекшілерімен бірлесіп, балалардың психоэмоционалды жай-күйін бақылау, күйзеліске бейім оқушыларды анықтау жұмыстары да жүргізіледі. Баланың көңіл-күйі мен денсаулығы – бір-бірімен тығыз байланысты. Осы тепе-теңдікті сақтау – бірлескен еңбектің жемісі.

Қорытынды
Мектеп мейірбикесі – тек денсаулық сақшысы ғана емес, оқушыға жақын, сенімді ересек адам. Оның кәсібилігі мен жанашырлығы бала болашағы үшін үлкен рөл атқарады. Әр баланың күлімдеген жүзін көру – мен үшін ең үлкен марапат. Алдағы уақытта да бала денсаулығы жолында қажырлы еңбек ету – басты парызым деп білемін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *