Автор:
Б.Б.Танабаева
«Коксумед» клиникасының дәрігер-офтальмологі
Адамның көру қабілеті жастайынан сынаққа түседі. Бала жанарының өткір болуы үшін қарапайым тұрмыстық ережелерді сақтау керек.
Адам көз арқылы өзін қоршаған ортаны таниды, табиғаттың небір таңғажайып сұлу көріністерінен эстетикалық ләззат алады, оқып, білім алады. Яғни, өмірдегі қажетті ақпараттың 90%-ға жуығын адам тек көз арқылы игеретін көрінеді. Көздің дұрыс жетілуі және оның көру қабілетінің қалыптасуы адамның жас шағынан басталады.
Қазіргі кезде көз ауруларының түрі жылдан-жылға артып келеді. Ғалымдардың зерттеу жұмыстарының деректеріне қарағанда, дүниежүзінде жақыннан көргіштік көз ақауы бар (миопия) балалардың саны жыл сайын көбейіп, оның диоптриялық дәрежесі жоғарылай беретіндігі анықталып отыр. Миопия сөзі грек тілінен аударғанда «көзімді сығырайтып қараймын және көзқарас, көру» деген мағынаны білдіреді. Яғни, алыстан жақсы көре алмайтын адамның сығырайып қарайтын әдетіне сай айтылса керек. Қазақ мұндайды «сығыр» деп те айтады. Медициналық көзқарас тұрғысынан алғанда, жақыннан көргіштік (миопия) немесе күшті рефракция жарық сәулесі, яғни бейнелер көздің торлы қабығының тікелей өзіне емес, алдыңғы жағына жинақталады. Бұл жағдайда көздің өткірлігі тек тек жақыннан байқалады; алыстағы заттардың көрінуі тұманданып бұлдырай түседі.
Орта мектепті бітіретін оқушылардың 40% — ға жуығында миопия кездесетін көрінеді. Оның себептері өте көп. Мысалы, сыртқы ортаның қолайсыздығынанжақын жерден баланың көзіне үнемі күш түсуі. Яғни, жарық қуаты жеткіліксіз күңгірт, алакөлеңке жерде жазу, сурет салу, оқу және т.б., отыратын үстелдің, партаның және орындықтың баланың бойына сәйкес болмауы, ұзақ уақыт бойы теледидар көру. Жақыннан көргіштіктің дәрежесі диоптрия бірлігі арқылы анықталады. Жақыннан көргіштіктің бірлігі артқан сайын баланың алыстан көруі нашар болады.