Авторлар:Гульмира Бижигитовна Есиркенова – фельдшер, Жаңалық дәрігерлік амбулаториясы, ШЖҚ «Ақсудың орталық аудандық ауруханасы» МКК
Гульфия Нурхановна Нургожина – жалпы практика мейіргері, Жаңалық дәрігерлік амбулаториясы, ШЖҚ «Ақсудың орталық аудандық ауруханасы» МКК
Альмира Мырзагалиевна Кыдырманова – жалпы практика мейіргері, Жаңалық дәрігерлік амбулаториясы, ШЖҚ «Ақсудың орталық аудандық ауруханасы» МКК
Кіріспе
Катаракта – көз бұршағының бұлыңғырлануымен сипатталатын және көру қабілетінің біртіндеп төмендеуіне алып келетін кең таралған офтальмологиялық ауру. Бұл жағдай хрусталиктің мөлдір құрылымының бұзылуына байланысты жарықтың көздің тор қабығына өтуі қиындайды.
Аурудың атауы көне грек тілінен шыққан καταρράκτης – «сарқырама» деген мағына береді. Бұл – көз алдындағы «перде» тәрізді көрудің бұзылуын сипаттайтын бейнелі атау. Катаракта дамыған елдерде ересек адамдарда соқырлықтың басты себептерінің бірі болып табылады.
Этиологиясы және жіктелуі
Катарактаның пайда болуына әртүрлі факторлар себеп болады. Олар туа біткен және жүре пайда болған түрлерге бөлінеді.
Туа біткен катаракта
Жүктілік кезінде ананың вирустық аурулармен (қызамық, тұмау және т.б.) ауыруы ұрықтың көз бұршағының дұрыс қалыптасуына кедергі келтіріп, катарактаның дамуына алып келуі мүмкін.
Жүре пайда болған катаракта
Бұл түрі көбінесе 50 жастан кейін байқалып, уақыт өте келе біртіндеп үдей түседі. Жүре пайда болатын катарактаның жиі кездесетін себептері:
- Қартаюға байланысты табиғи өзгерістер
- Қант диабеті
- Экзема және зат алмасу бұзылыстары
- Созылмалы көз аурулары (увеит, прит, көздің тамыр қабығының қабынуы және т.б.)
- Көздің жарақат алуы
- Жоғары температурада ұзақ жұмыс істеу (мысалы, балқыту пештері маңында)
- Радиациялық сәулелену және көзді қорғайтын жабдықсыз жұмыс істеу
Клиникалық белгілері
Катарактаның морфологиялық түрлері:
- Алдыңғы полярлы катаракта
- Артқы полярлы катаракта
- Ұршық тәрізді катаракта
- Қатпарлы (морщинистая) катаракта
Аурудың бастапқы кезеңінде көз бұршағының айналасында бозғылт дақтар пайда болады. Олар уақыт өте келе ұлғайып, хрусталиктің толық бұлыңғырлануына алып келеді. Бұның салдарынан көру қабілеті төмендейді.
Егер қарауыту хрусталиктің ортасында басталса, көру жітілігі ерте кезеңде нашарлайды. Ал шеткі аймақта орналасқан жағдайда науқас ұзақ уақыт бойы жақсы көре беруі мүмкін.
Науқастар жиі көз алдында «тұман», «перде» тұрғандай сезімге шағымданады, жарыққа сезімталдық артады, ұсақ мәтінді оқу қиындайды.
Алдын алу және емдеу тәсілдері
Аурудың бастапқы кезеңінде арнайы көз тамшылары мен дәрілік препараттар қолданылуы мүмкін, бірақ бұл әдіс тек процестің үдеуін баяулатуға бағытталады.
Катарактаның айқын сатысында хирургиялық ем – ең тиімді және кең таралған әдіс болып табылады. Бұл кезде көз бұршағы алынып тасталып, орнына жасанды линза (интраокулярлық линза) салынады.
Операциядан кейін:
- Жарық сынуының бұзылуы көзілдірік немесе линза арқылы қалпына келтіріледі.
- Пациентке витаминге бай тағаммен тамақтану, майлы және тұзды тағамдарды шектеу ұсынылады.
- Көзді шамадан тыс жүктемеуден, инфекциялар мен жарақаттардан қорғау маңызды.
Қорытынды
Катаракта – дер кезінде анықталып, дұрыс ем жүргізілген жағдайда көру қабілетін қалпына келтіруге болатын ауру. Ең бастысы — ерте диагностика, офтальмолог маманның бақылауы және науқастың өзін-өзі күту мәдениетін қалыптастыру.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мамандар (фельдшерлер, мейірбикелер) ауылдық жерлерде профилактика, ерте анықтау және халыққа түсіндіру жұмыстарында маңызды рөл атқарады.