ИНФЕКЦИЯ ЖӘНЕ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУЛАР ТУРАЛЫ ТҮСІНІК
Авторлар: Нургамысова Талшын Аманкелдиновна — жалпы тәжірибелі медбике,
Абдрахманова Мухаббат Пайзуллаевна — жалпы тәжірибелі медбике,
Чокатпаева Айгерим Ахилбековна — жалпы тәжірибелі медбике,
Жетісу облысы,Алакөл ауданы ШЖҚ Алакөл аудандық орталық ауруханасы Достық ауылдық ауруханасы.
Медициналық және мал дәрігерлік микробиологияның, эпидемиологияның және эпизоотологияның даму барысында инфекция (латынша инфектио — жұқтыру, зарарландыру) ұғымы біршама өзгерді. Алғашында медициналық сөздіктерде инфекция деп тек жыныс мүшелері арқылы тарайтын ауруларды атайтын. Кейіннен бірте-бірте инфекция деген ұғымның мағынасы ұлғайып, қазіргі кезде адам мен жануарлардың зиянды (патогендік) микроорганизмдер туғызатын бүкіл ауруларын атайды.
Сонымен, ғылыми тұрғыдан қарағанда инфекция дегеніміз патогендік микробтардың микроорганизмде орын тепкеннен кейінгі өзара эволюциялық қалыптасқан күрделі биологиялық қарым-қатынасы.
Белгілі бір ортада ауру қоздырғышы мен микроорганизмнің өзара қарым-қатынасының өршу барысын инфекциялық процес деп атаймыз. Бұл ұғымға бір жағынан ауру қоздырғышының өсіп-өнуі, таралуы және орналасуымен қоса микроорганизмнің оған қарсы күресу қабілеті енеді. Бір сөзбен айтқанда, инфекциялық процесс жұқпалы аурудың залал-зардабының негізі. Макро және микроорганизмдердің өзара қарым-қатынасы эволюциялық дәуірде қалыптасқан және бүкіл тірі жан-жануардың барлық белгілі симбиоздық бірге тіршілік ету қатынасын қамтиды. Ол қатынастар мутуализм, комменсализм, паразитизм.
Мутуализм дегеніміз, симбионттардың (бірге тіршілік етуші организмдердің) бір-біріне пайдалылығы. Мысалы күйіс қайыратын мал қарнында тіршілік ететін микробтар өсімдік клетчаткасын ыдыратып, крахмалға айналуға көмектеседі де, өздеріне керекті бактериялық белокты ажыратып алады. Ішек таяқшасы бактернясы ас қорыту органдарында макроорганизмге керекті В2, В3, В5, В6, В7, В9, В10, К2 және Е витаминдерін құрап шығарады, микробтың кейбір түрлері В1, В12 және К витаминімен қамтамасыз етеді. Комменсализм (жемтіктестік) дегеніміз симбионттардың бір-біріне зияны тимей, біреуінің екіншісінің еншісімен қоректенуі. Комменсалдарға тері бактериялары, антиномицеттер, стафило және стрептококктар, тыныс жолдарындағы пневмококктар, пастереллалар және ірің стрептококктары, ішек-қарындағы ішек таяқшасы, энтерококктар және шіріту микробтары. Кейде бұл комменсалдар мал қоңы төмендегенде жеке ауру қоздырғышы болып шығуы да мүмкін.
Паразитизм дегеніміз табиғатта ең көп тараған бір организмнің екінші организм тарапынан қоректенуі. Микроб-паразиттер өздері мекендеген иесінің есебінен қоректеніп, өсіп-өнуімен қоймай, оған тікелей зиян келтіреді. Мұндай микробтарды патогендік (ауру тудыратын) деп атайды. Бұлар енген организмде микробтардың өсіп-өнуіне қарсы жауап ретінде қорғану күштерінің шамасына қарай патогенді микробтар зарарсызданады немесе сол микробтың түріне байланысты ауру басталады. Мұндай ауру туғызатын микроб-паразиттерге әр түрлі бактериялар, вирустар, грибоктар, риккетсиялар, микоплазмалар және хламидиялар жатады.
Микроб-паразиттердің арғы негізі табиғатта жан-жануарға зияны жоқ органикалык, заттармен қоректенетін сапарофиттерден шыққан. Микроорганизмдердің жалпы эволюциялық бірінші сатысында автотрофтар тұр. Бұлар өздеріне қажетті қоректік заттарды қарапайым органикалық емес қосылыстардан (көміртегіні — ауадағы көмір қышқыл газынан немесе карбонаттардан, азотты — аммиактан т. б.) алған. Автотрофтарға нитрофициялық бактерия, темір бактериясы және жіңішке күкірт бактериясы т. б. жатады. Бұлар күрделі көміртегі қосындыларымен қоректене алмайтындықтан жан-жануарларды ауырта алмайды. Келесі сатыдағы микробтар гетеротрофтар (басқалай қоректену) тобына жатады. Олар өздеріне қорек ретінде көміртегіні күрделі қосындылардан, яғни белоктардан, майлардан, углеводтардан, метаннан, көмірсутегінен т. б. ажыратып алады. Микробтардың эволюциялық дамуына байланысты бірқатар гетеротрофтар өз қорегіне кездескен органикалық қосылыстарды ажырата алатын болды. Бұл топқа негізінен шіріту микробтары, грибоктар, топырақ пен суда тіршілік ететін микроорганизмдер және адам мен жануарлардың аутофлорасы (ішек-қарын мен тыныс алу органдарының зиянсыз микробтары) жатады. Бұлар органикалық қалдықтарды ыдыратып қоректенеді де сапрофиттер (шіріген шөп) деп аталады. Бертін келе гетеротрофтардың бірталайы қорегіне қажет көміртегіні өлі органикалық субстраттармен, зат алмасу қалдықтарымен қатар өсімдіктер мен жан-жануарлар клеткаларынан тікелей алатындай сатыға жетеді. Мұндай микробтарды паразиттер немесе паратрофтар (қасында қоректену) деп атайды. Олар өсімдік, жәндік, жануар және адам тканьдерінде ғана тіршілік ете алады. Солардың клеткаларындағы қосондылармен қоректенеді.
Алғашында, микроб-паразиттер жануарлар терісінде, сыртқы ортамен тікелей қатысы бар ас қорыту, тыныс алу жолдарында, зәр шығару, жыныс жолдарының кілегейлі қабықтарында өсіп-өнуге бейімделген. Қеле-келе олар тері мен кілегейлі қабықты тесіп өтіп, сыртқы ортамен тікелей қатынасы жоқ органдарда да өсетін болды. Сонымен қатар микроб-паразиттер бірте-бірте өздерінің өсіп-өнуіне ыңғайлы жануарларды іздеп, жайлы органдарды ғана мекендейтінді шығарды. Микробтардың әлгінде айтылған машықтығы сыртқы ортаның физикалық-химиялық жағдайы мен микроорганизмнің қорғаныс күшінің қалыптасуымен қатар жүрді.
Сонымен қазіргі кезде мал ауруын туғызатын қоздырғыштардың басты тобы сапрофиттік тіршілік ете алмайтын облигатты (шартты) паразиттер және олардың ең жоғары сатысындағылары — клетка ішінде тіршілік ете алатын вирустар, кейбір потогенді қарапайымдар, риккетсиялар, микоплазмалар, хламидиялар. Клетка ішінде өсуге дағдыланғандар өршу процесінде өздерінің ферменттік системасын жоғалтуға айналған вирустар тек клетканың ферментін пайдаланады. Бұлармен қатар жануарларды ауруға шалдықтыратын факультативті (уақытша) паразиттер де кездеседі. Мысалы ботулизмнің және сіреспенің қоздырғыштары көбінесе сапрофиттікке бейімделген. Микробтың бірталай түрлері малға патогенді бола тұрып сыртқы ортада да тіршілік ете алады. Қазіргі кезде бір топ микроорганизмді шартты патогенді қоздырғыштар деп атайды. Қейінгі жылдары, малды жаппай вакциналау мен пәрменді эпизоотиялық шаралардың қолданылуына байланысты шартты паразиттер туғызатын аурулар азайды. Мұндай табысқа жеткен шаруашылықтар қазір этиологиялық себептерден туатын факультативті паразиттермен қатар бұрын белгісіз болып келген аурулардан зардап шегуде. Әсіресе мұндай жағдай малын бір жерге шоғырландырған ірі шаруашылықтар үшін қиын болып отыр. Бұл дағдарыстың басты себептерінің бірі антибиотиктердің шамадан тыс қолданылуына байланысты микробтардың белгілі түрлерінде күтпеген қасиеттердің пайда болуында. Сонымен қатар антибиотиктерді ұзақ уақыт қолданғанда малдың жайсыз жағдайларға қарсы тұратын өзіндік табиғи төзімділігі төмендеп кетеді.
Инфекция қоздырғышының зияндылығы. Патогендік (ауру тудырушылық) дегеніміз микробтың белгілі бір түрінің инфекция тудыра алатындай қабілеті. Патогендік — микробтың зат алмасу және морфологиялық өзгешеліктерге жауапты ген «бақылауындағы» қоздырғыштың маңызды белгісі. Микробтың бұл өзгешелігінің оның өсіп-өрбуі, таралу, сақталуы үшін маңызы зор. Әрбір микробтың түрі өзіне лайықты патогендік сипатына сай аурудың тек бір түрін ғана туғызады да, қоздырғыштардың организмге енуі, таралуы және орын тебуіне байланысты организмнің дертке шалдығуы, иммунитеттің өзгеру және микробтардың сыртқы ортаға таралу жолдарын, аурудың сыртқы белгілерін қалыптастырады.