Автор: Хибатова Жанерке Хибатқызы
Жалпы тәжірибелік дәрігер, “№5 қалалық емхана”
Сәуір айының соңғы аптасында жыл сайын Еуропалық иммундау апталығы өткізіледі. Бұл — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасы, оның мақсаты — вакцинацияның маңыздылығын халыққа жеткізу және жұқпалы аурулардың алдын алу жолдарын түсіндіру.
Екпе — жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әдістерінің бірі. Қазіргі вакциналар 20-дан астам аурудан қорғайды, олардың қатарында қызылша, күл, сіреспе, көкжөтел, В гепатиті және адам папилломасы вирусы (HPV) бар.
Иммундау тек жеке адамның қорғанысы ғана емес, сонымен қатар қоғамды қорғаудың тиімді құралы. Бұл – ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы медициналық қарсы көрсетілімі бар адамдарды да жанама түрде қорғау. Вакцинация деңгейі неғұрлым жоғары болса, инфекцияның таралу қаупі соғұрлым төмен болады.
Екпе — сенім мен жауапкершіліктің көрінісі. Дәрігер ретінде мен күн сайын екпеге қатысты түрлі сұрақтар мен күмән-күйге толы пікірлермен бетпе-бет келемін. Бұл — қалыпты жағдай. Әрбір адам өзінің және баласының денсаулығы үшін дұрыс шешім қабылдағысы келеді.
Біздің міндетіміз — ғылыми дәлелденген, нақты әрі сенімді ақпарат беру, жалған түсініктер мен қауесеттерді сейілту. Қазіргі вакциналар бірнеше сатыдан тұратын мұқият зерттеуден өтеді. Екпеден кейінгі жағымсыз әсерлер сирек кездеседі және көбіне жеңіл өтеді.
Әрқайсымыз не істей аламыз?
- Сіз және балаңыз Ұлттық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцина алғанына көз жеткізіңіз;
- Қажет болған жағдайда ревакцинация жасаңыз;
- Иммундау туралы сұрақтарыңызды дәрігермен талқылаңыз, расталмаған ақпаратқа сенбеңіз;
- Күмәнданған жандарға көмектесіп, сенімді ақпаратпен бөлісіңіз.
Қазақстандағы Ұлттық екпе күнтізбесіне қандай вакциналар кіреді?
Қазақстанда мемлекет тегін ұсынатын вакциналар мыналарды қамтиды:
- Туберкулез (БЦЖ)
- Гепатит B
- Дифтерия, сіреспе, көкжөтел (АКДС)
- Хиб-инфекция
- Полиомиелит
- Қызылша, қызамық, паротит
- Пневмококк инфекциясы
- Адам папилломасы вирусы (қыз балаларға)
Вакциналар бала өмірінің алғашқы айларынан бастап, нақты кесте бойынша салынады. Кестеден қалып қойған жағдайда, қайта жоспарлап алу мүмкіндігі бар — бұл үшін емханаға жүгіну жеткілікті.
Вакцина салдыру — бұл қамқорлық. Өзіңізге. Жақындарыңызға. Келешек ұрпаққа.