Анафилаксиялық шок: қауіп-қатер, шұғыл көмек және мейірбике ісіндегі рөлі

Uncategorized

Авторлар: Умирбекова Сауле Юсупакыновна — хирургия бөлімінің мейірбикесі
Молдабаева Роза Мадалимовна — жұқпалы аурулар бөлімінің аға мейірбикесі
Сагындык Арай Сагындыккызы — реанимация бөлімінің мейірбикесі
ШЖҚ «Райымбек аудандық ауруханасы» МКК


Кіріспе

Анафилаксиялық шок – аллергиялық реакциялардың ішіндегі ең ауыр түрі. Бұл патология аса жылдам өрбіп, адамның өміріне нақты қауіп төндіретін, шұғыл медициналық көмекке мұқтаж клиникалық жағдай. Шок кезінде бірнеше жүйе қатарынан зақымдалып, жүрек-қантамыр, тыныс алу және жүйке жүйесінің жұмысы тоқтауға дейін жетуі мүмкін.

Ауруханалар мен шұғыл көмек көрсету бөлімдерінде анафилаксиялық шокпен кездесетін мамандар – ең алдымен мейірбикелер. Себебі өмірлік маңызы бар алғашқы әрекет пен шешім дәл сол сәтте, дәл сол мейірбикенің қолында болуы мүмкін.

ДДҰ статистикасы және эпидемиологиялық шолу

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 2023 жылғы деректеріне сәйкес:

  • Жыл сайын әлемде анафилаксияға байланысты 1–3% аралығында адам өлім-жітімі тіркеледі.
  • Еуропа елдерінде соңғы 10 жылда анафилаксиялық реакциялардың жиілігі 400%-ға артқан.
  • Болжам бойынша 2025 жылға қарай жер бетіндегі әрбір үшінші адамда аллергиялық аурулардың бір түрі пайда болуы мүмкін.
  • Қазақстанда ресми дерек бойынша анафилаксиялық реакциялар жылына 3000-нан аса жағдай ретінде тіркеледі, алайда бұл көрсеткіштің шынайы саны одан да жоғары болуы мүмкін, себебі кейбір жеңіл формалары тіркелмей қалуы ықтимал.

Аурудың себептері мен механизмдері

Анафилаксия – аллерген ағзаға түскеннен кейін иммундық жүйенің аса қатты реакциясы. Бұл реакция нәтижесінде қанда гистамин, брадикинин, серотонин сияқты белсенді заттар бөлініп, тамырлардың кеңеюі, бронхоспазм, жүрек қызметінің бұзылуы байқалады.

Ең жиі кездесетін себептер:

  • Дәрілік заттар: антибиотиктер (пенициллин, цефалоспорин), анестетиктер (новокаин), вакциналар
  • Тағам өнімдері: жаңғақ, жұмыртқа, теңіз өнімдері, сүт, бал
  • Жәндіктер шаққанда: ара, шегіртке, маса
  • Контрастты заттар, латекс, косметикалық құралдар

Клиникалық көріністері

Анафилаксиялық шоктың алғашқы белгілері көбінесе аллерген ағзаға түскеннен кейін 1–15 минут ішінде байқалады. Ерекше жағдайларда — бірнеше секундта дамиды.

  • Терінің қызаруы, есекжем, ісіну
  • Жөтел, дауыстың қарлығуы, кеудеде қысылу сезімі
  • Қан қысымының кенет төмендеуі (гипотензия)
  • Тахикардия немесе брадикардия
  • Бас айналу, естен тану
  • Қатты үрей, тұншығу, тыныс жетіспеушілігі
  • Құсу, іштің ауыруы, диарея
  • Клиникалық өлім

Шұғыл көмектің алгоритмі: мейірбикенің рөлі

Анафилаксия кезінде ең бастысы — уақытты жоғалтпай, нақты және жүйелі әрекет ету.

  1. Аллергенді жою

Аллергенмен байланысты бірден тоқтату:

  • дәрі енгізілсе — тоқтату
  • жәндік шақса — инені алып тастау

Дәрігерге және реанимация тобына шұғыл хабарлау

  1. Науқастың жағдайын тұрақтандыру

Науқасты жатық күйге келтіру, аяғын көтеру

Оксигенотерапия: оттегі беру

Тамыр ішілік жол ашу (венозный доступ)

  1. Дәрілік шұғыл көмек көрсету
Препарат Дозасы Енгізу жолы
Адреналин (1:1000) 0,3–0,5 мл бұлшықет ішіне (иық, сан)
Преднизолон 90–120 мг көктамыр ішіне
Супрастин/тавегил 2 мл бұлшықет ішіне
Физ. ерітінді 400–1000 мл инфузиямен

Маңызды: Адреналин — өмірді сақтайтын негізгі препарат. Оның қолжетімділігі мен дұрыстығы шешуші рөл атқарады.

  1. Мониторинг

Қан қысымы, пульс, тыныс алу жиілігі әр 3–5 минут сайын өлшеніп отыруы тиіс

Қажет жағдайда жүрекке жабық массаж, ИВЛ, дефибрилляция

Мейірбикенің кәсіби және моральдық жауапкершілігі

Мейірбике анафилаксия жағдайында:

  • Жылдам, салмақты, шешімді әрекет етуге міндетті
  • Шокқа қарсы жиынтықтың толымдылығын күнделікті тексеріп отыруы тиіс
  • Әр дәрінің дозасы мен енгізілген уақытын медициналық құжатта нақты көрсетуі қажет
  • Пациенттің өміріне араша түсу жолында салқынқанды, сабырлы және епті болуы шарт

Алдын алу шаралары

  • Пациенттің аллергологиялық анамнезін мұқият жинау
  • Бұрын реакция берген дәрілерді медициналық картада белгілеу
  • Инъекция алдында міндетті түрде аллергиялық реакцияға дайын болу
  • Вакцинация, инфузиялық терапия кезінде науқасты бақылауға алу

Қорытынды

Анафилаксиялық шок — күтпеген, бірақ кез келген медициналық қызметкер үшін аса маңызды сынақ. Науқастың өмірі көбіне алғашқы 5–10 минуттағы мейірбикенің іс-әрекетіне байланысты. Сондықтан білім, дайындық, тәжірибе және сабыр — бұл жағдайда шешуші факторлар.

Қай жерде болмасын мейірбике – өмір мен өлім арасындағы алтын көпір. Ал оның уақытында көрсеткен көмегі – ең үлкен ерлік.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *