Адал еңбегімен ардақталған жан

Адам және оның еңбегі

 

Тұрсынхан Карибжанқызы — денсаулық сақтау саласына бүкіл саналы ғұмырын арнаған тәжірибелі маман. Ол 1965 жылдың 2 мамырында дүниеге келіп, 1993 жылдан бері медицина саласында түрлі қызметтер атқарып келеді. Қазіргі таңда Халықаралық травматология және ортопедия ғылыми орталығында қызмет атқарып, өзінің кәсібилігімен, қарапайым мінезімен, ашық-жарқын көңілімен әріптестері мен халықтың шексіз алғысына ие болып отыр.

Тұрсынхан апай — ұжым арасында ерекше орны бар жан. Оның еңбекке деген адалдығы, әр науқасқа жылы лебізбен қарап, жанашырлық танытуы, кәсіби білімін өмірлік даналықпен ұштастыра білуі көпшілікке үлгі. Қарапайым киінгенімен, әрдайым ұқыпты, жинақы келбеті, мәдениетті сөйлеуі, әріптестерімен және емделушілермен тіл табыса алатын қабілеті оның биік адами болмысын көрсетеді.

Биыл, 2025 жылдың маусым айында Тұрсынхан Карибжанқызы 60 жасқа толып отыр. Бұл — жай ғана мерейтой емес, халқына адал қызмет еткен, сансыз алғыс пен марапатқа лайық жанның өмір жолына шынайы құрмет білдіретін кезең. Ол — екі қыздың ардақты анасы, бір күйеу баланың сүйікті енесі, төрт немеренің асыл әжесі. Отбасында да, туған-туыстары мен дос-жарандар ортасында қадірлі, сыйлы жан.

32 жылдық еңбек жолында Тұрсынхан апай бірнеше марапат пен алғыс хатқа ие болды. Бірақ ең үлкен марапат — емделушілердің ақ жүректен шыққан алғысы. Оның парасаттылығы, кішіпейілдігі мен нәзік жан дүниесі әр адамның жүрегінен орын тапқан. Ол — кәсібилігімен қатар, адамгершілігімен де биік тұлға.

Біз, бір топ емделушілері атынан, Тұрсынхан Карибжанқызына шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Сізге зор денсаулық, отбасылық амандық, әрдайым ажарыңыз ашық, көңіліңіз шат болуын тілейміз. Әріптестеріңіз бен жастарға үлгі болып, әлі де талай биіктерден көріне беріңіз!

Пациентка Гулнар Дәнешқызы және бірнеше достарының атынан

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *