Медицина қызметкері күні қарсаңында еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің барлық өкілдерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Ақ халатты абзал жандар — сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында елімізде жыл сайын жүздеген мың науқасқа көмек көрсетіліп, миллиондаған жедел жәрдем шақыртуларына жауап беріліп, мыңдаған күрделі операциялар сәтті орындалады. Дәрігерлер мен мейіргерлер жаңа өмірдің басталуына — сәбилердің аман-есен дүниеге келуіне де тікелей себепкер болып келеді.
Ұлт денсаулығы — Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар басым бағыттардың бірі. Бүгінде еліміздің барлық тұрғындарына медициналық-санитариялық алғашқы көмекпен қатар, жоғары технологиялық медициналық қызметтер де қолжетімді. Бұл — денсаулық сақтау жүйесінің үнемі дамып, халыққа жақындай түскенін көрсетеді.
Қазақстан медицинасында халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті бағыттар қалыптасып, ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие мамандар мен қызметтер саны артып келеді. Мұның бәрі – сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің, жанкешті еңбектеріңіздің және адам жанына деген жауапкершілік пен жанашырлықтың нәтижесі.
Сіздерге шексіз ризашылығымызды білдіре отырып, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс пен жоғары құрмет тілейміз!