Авторы: Батырбекова Анар Нурлановна – процедуралық медбике
Исмаилова Айнур Маратовна – процедуралық медбике
Мухаметқалиева Жансая Бақытқызы – учаскелік медбике
МКҚК ШЖҚ «Ақсу аудандық орталық ауруханасы» Емханасы
Қатерлі ісіктің белгілері бастапқы кезеңде айқын болмауы мүмкін, сондықтан оларды басқа аурулардың белгілерімен шатастырып алу оңай. Ісік ұлғайып, басқа ағзаларға таралғанда (метастаз бергенде) ғана анық байқалуы ықтимал. Дегенмен, қатерлі ісіктің бар екеніне күдік тудыратын, «алғашқы қоңырау» болатын бірқатар жалпы белгілер бар. Соларға тоқталайық.
Адам мынадай жағдайларда дәрігерге тезірек қаралғаны жөн:
- Созылмалы жөтел: Бір айдан артық уақытқа созылған, себебін түсіндіру қиын жөтел. Әрине, жөтел бронхит, тұмау сияқты маусымдық аурулардың салдары болуы мүмкін. Бірақ айқын себепсіз ұзаққа созылған жөтел күдік тудыруы керек (әсіресе темекі шегетін адамдарда бұл өкпе рагының белгісі болуы ықтимал).
- Дауыстың өзгеруі: Дауыстың қырылдауы, қарлығуы, тембрінің өзгеруі, әсіресе ұзақ уақыт бойы сақталса, көмей немесе қалқанша без ісігінің белгісі болуы мүмкін. Бұл кеуде қуысындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюымен де байланысты болуы ықтимал. Сонымен қатар, ауыз қуысында жазылмайтын жаралардың немесе ісіктердің бар-жоғын тексеру керек.
- Ас қорытудың бұзылуы:
- Ұзақ уақыт (бірнеше апта) бойы ас қорытудың бұзылуы, асқазанның ауырсынуы, тамақ ішуге тәбеттің болмауы, астың сіңбеуі.
- Іштің өтуі мен қатуының алма-кезек қайталануы тоқ ішек онкологиясының белгісі болуы мүмкін.
- Үлкен дәретте қанның болуы (ашық қызыл немесе қара түсті) – шұғыл түрде дәрігерге қаралуды қажет ететін өте маңызды белгі. Дәрігер тоқ ішекті тексеру үшін колоноскопия тағайындайды.
- Ұсыныс: 40-45 жастан асқан адамдарға (әсіресе қауіп тобындағыларға) тоқ ішек рагының алдын алу және ерте анықтау мақсатында мезгіл-мезгіл колоноскопиядан өтіп тұру ұсынылады.
- Зәр шығарудың қиындауы немесе жиілеуі: Зәр шығару кезінде ауырсыну, қанның ізі байқалуы. Бұл инфекциялық аурудың да, қуық немесе қуықасты безінің (ерлерде) қатерлі ісігінің де белгісі болуы мүмкін.
- Үнемі қыжыл және тамақ жұтудың қиындауы: Асқазандағы қышқылдың жоғарылауы, тамақтың өңештен өтуінің қиындауы немесе ауырсынумен өтуі асқазан немесе өңеш ісігіне күдік тудыруы мүмкін.
- Әйелдердегі белгілер: Арқаның төменгі бөлігінде немесе жамбас аймағында тұрақты ауырсыну, іштің кебуі, ас қорытудың бұзылуы, жыныс жолдарынан әдеттен тыс (қан аралас немесе жағымсыз иісті) бөлінділердің шығуы, қышыну – бұл аналық без немесе жатыр ісігінің белгілері болуы мүмкін.
- Терідегі өзгерістер:
- Денеде пайда болған және ұзақ уақыт жазылмайтын жаралар, түйіндер немесе ісік тәрізді томпаюлар.
- Қалдар мен меңдердің түсінің, пішінінің немесе мөлшерінің өзгеруі, қышуы немесе қан кетуі.
- Терідегі жарақаттардың ұзақ уақыт жазылмауы.
- Ауыз қуысында (тілде, ұрттың ішкі бетінде, тіс етінде) ақ немесе қызыл дақтардың пайда болуы, ауырсыну.
- Жалпы белгілер:
- Себепсіз салмақ жоғалту.
- Ұзақ уақыт бойы себепсіз шаршау, әлсіздік.
- Дене қызуының себепсіз көтерілуі (әсіресе ұзақ уақыт бойы).
- Түнде қатты терлеу.
- Бастың жиі және қатты ауыруы (әсіресе бұрын болмаған).
Маңызды: Бұл белгілердің біреуінің немесе бірнешеуінің болуы міндетті түрде қатерлі ісіктің бар екенін білдірмейді. Алайда, егер осы белгілердің кез келгені ұзақ уақыт бойы сақталса немесе ушықса, міндетті түрде дәрігерге қаралып, тиісті тексерулерден өту қажет. Ерте диагноз қою – сәтті емделудің басты кепілі.