Бүгін Денсаулық сақтау министрлігінде Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 2030 жылға дейінгі ынтымақтастықтың елдік стратегиясының жобасы қаралды.
Талқылауға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, ДДҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты Өкілі Скендер Сыла, Алматыдағы МСАК жөніндегі еуропалық орталығының басшысы Мелита Якаб және ДДҰ Қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісова қатысты.
Бұл стратегия Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және жалпы жұмыс бағдарламасы мен еуропалық денсаулық сақтау жоспарларына сәйкес келетін даму мақсаттарын қолдауға бағытталған.
Министр өз сөзінде 2028 жылға дейінгі ДДҰ-ның он төртінші жалпы жұмыс бағдарламасында алты негізгі басымдық белгіленгенін атап өтті. Олар:
- Климаттың өзгеруіне бейімделу және денсаулық сақтау саласына әсерін азайту;
- Денсаулықтың бұзылуына ықпал ететін негізгі факторлармен күрес;
- МСАК-тың (медициналық-санитариялық алғашқы көмек) заманауи тәсілдерін енгізу;
- Денсаулық сақтау қызметтерін кеңейту және қаржылық қорғанысты күшейту;
- Халық денсаулығына қауіп төндіретін факторларды азайту;
- Төтенше жағдайларға ден қою және денсаулық сақтау жүйесінің төзімділігін арттыру.
Стратегияның негізгі бағыттарының бірі – семіздік пен дұрыс тамақтанбау мәселелерімен күрес, денсаулық сақтау қызметтерін цифрландыру, аналар мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту.
Кездесу барысында тараптар ұсыныстарды талқылап, бірлескен жұмыстың соңғы нұсқасын бекітуге келісті. Құжатқа қол қою рәсімі Астанада өтетін ТМҰ (Түркі мемлекеттері ұйымы) елдерінің денсаулық сақтау министрлерінің 5-ші кездесуінде, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюгенің қатысуымен жоспарланған.