Белгілі кардиохирург Юрий Пяның жетекшілігімен University Medical Center мамандары 6 сағатқа созылған күрделі жүрек трансплантациясын сәтті аяқтады. — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлайды.
Дәрігерлер ми өлімін анықтағаннан кейін, Алматы облысының 45 жастағы тұрғынының туыстары оның органдарын басқа науқастарға беруге келісімін берді. Бұл шешім Қазақстанның төрт азаматының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Жүрек трансплантациясы 43 жастағы ер адамға жасалды. Ол дилатациялық кардиомиопатияның (уытты) ауыр түріне шалдыққан. Энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынуы оның жүрек қызметінің соңғы сатыдағы жеткіліксіздігіне әкеліп, дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін жағдайға душар еткен. 2023 жылдың желтоқсанынан бері оның тыныс алуы қиындап, қалыпты жағдайда жатса да ентігетін болған.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы Марат Пашимов елімізде кардиохирургия мен кардиореанимацияның жоғары деңгейде дамығанын және UMC командасының біліктілігі жүрек трансплантациясын сәтті орындауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ол сондай-ақ донордың туыстарына алғысын білдіріп, олардың игі ісі адамгершіліктің жарқын үлгісі екенін айтты.
Кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев жүрек трансплантациясының өте күрделі ота екенін, бірақ Қазақстандық дәрігерлердің тәжірибесі мен заманауи жабдықтарының арқасында бұл операциялар жоғары деңгейде орындалатынын жеткізді.
Донорлық органдар кімдерге трансплантацияланды?
✔ Жүрек – 43 жастағы науқасқа (дилатациялық кардиомиопатия)
✔ Бүйрек – Жетісу облысының 17 жастағы тұрғыны мен Астананың 18 жастағы тұрғынына
✔ Өкпе – Қостанай облысының 43 жастағы пациентіне
✔ Көз қабығы – екі реципиентке кератопластика жасалды
Қазақстанда жүрек трансплантациясына сұраныс артып келеді
2025 жылдың 10 қаңтарына қарай жүрек трансплантациясын күту парағында 140 ересек және 5 бала тұр. Бұл елімізде донорлықтың дамуы мен органдарды трансплантациялаудың маңызды екенін көрсетеді.
Донорлық – өмір сыйлау! Қайтыс болған адамның органдары бірнеше адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Қазақстанда трансплантология қарқынды дамып, азаматтарға жаңа өмір сүру мүмкіндігі берілуде.