Түркістан облысында балаларға арналған даму және ерте араласу орталығы іске қосылды

Детское здоровье Жаңалық

Түркістан облысында, Кентау қалалық емханасының базасында алғаш рет Даму және ерте араласу орталығы (ДЕАО) ашылды. Бұл орталық — Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Алғашқы 1001 күн» ұлттық жобасын жүзеге асырудағы маңызды қадам.

Орталықтың негізгі мақсаты — баланың өмірінің алғашқы кезеңдерінен бастап оның дені сау әрі үйлесімді дамуын қамтамасыз ету. Бұл мекеме отбасылар үшін қолдау алаңы ретінде қызмет етеді және балалар дамуындағы ауытқуларды ерте анықтауға, алдын алуға бағытталған.

Мұндай орталықтар келесі мүмкіндіктерді ұсынады:

  • баланың даму ерекшеліктерін ерте кезеңде анықтау;
  • мүгедектік, созылмалы аурулар және ауруханаға жатқызу қаупін төмендету;
  • болашақта жоғары шығын талап ететін емдеу шараларына қажеттілікті азайту;
  • баланың жеке қажеттіліктері мен отбасының басымдықтарын ескере отырып жеке қолдау жоспарын әзірлеу.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің (МСАК) жаңа моделі балалардың денсаулығына кешенді түрде қарауға мүмкіндік береді. Бұл учаскелік дәрігерлер мен патронаждық қызметке деген сенімді нығайтып, әсіресе арнайы мамандар тапшылығы бар өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады.

Орталықта нәрестелер мен жас балаларға арналған скринингтер, аутизмге бейімделген скринингтік тесттер, күтім жасау және емшек сүтімен қоректендіру бойынша кеңестер, сондай-ақ қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға қолдау көрсету қызметтері қарастырылған. Сонымен қатар, бес жасқа дейінгі балалардың заңды өкілдеріне арналған тамақтану мен күтім бойынша кеңес беру де жоспарланған.

Орталық ведомствоаралық өзара әрекеттестікті нығайтуға, патронаждық қызмет сапасын арттыруға, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты қатыгездіктің алдын алуға ерекше көңіл бөледі.

Кешенді медициналық және психоәлеуметтік көмек педиатр, невропатолог, психолог, әлеуметтік қызметкер, патронаж мейіргерлері және басқа да бейінді мамандар тарапынан көрсетіледі.

Мұндай орталықтар еліміздің барлық өңірлерінде ашылады және олардың қызметтері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін ұсынылады.

«Алғашқы 1001 күн» ұлттық жобасы ерте диагностика мен араласу жүйесін жетілдіру, әмбебап патронаждық үлгіні енгізу, балалар ауруларын кешенді басқару, педиатриялық қызметті жетілдіру және емшекпен қоректендіруді қолдау сынды бағыттарды қамтиды.

Ашылу рәсіміне ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, ЮНИСЕФ-тің Денсаулық сақтау бағдарламасының үйлестірушісі Бауыржан Жүсіпов және Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *