Автор: Малтабарова Бахытгуль Ахиятовна, дәрігер-стоматолог
Балхаш ауданы.
Тіс щеткасы мен пастасын дұрыс таңдау – тіс пен қызыл иек денсаулығын сақтау үшін маңызды қадам. Бұл құралдар күнделікті ауыз қуысы гигиенасын қамтамасыз етіп қана қоймай, көптеген стоматологиялық аурулардың алдын алуға да көмектеседі. Таңдау кезінде тіс пен қызыл иектің күйін ескеру қажет, себебі дұрыс таңдалған щетка мен паста мәселелерді шешуге септігін тигізеді және зиян келтірмейді.
- Тіс щеткасын таңдау
Тіс щеткасын таңдауда тіс пен қызыл иек күйі маңызды рөл атқарады. Назар аударатын негізгі көрсеткіштер мыналар:
Қылшықтың қаттылығы:
Жұмсақ (soft) — сезімтал тіс пен қызыл иектерге, сондай-ақ, гингивит секілді қабыну аурулары кезінде ұсынылады. Жұмсақ қылшықтар тіс қақтарын нәзік түрде тазартып, қызыл иекті тітіркендірмейді.
Орташа (medium) — көбіне ауыз қуысының қалыпты жағдайындағы адамдарға қолайлы. Орташа қылшықтар қақтарды жақсы тазартады және эмальды зақымдамайды.
Қатты (hard) — тек тістері сау адамдарға, тістерінде көп мөлшерде қақ жиналатын адамдарға ұсынылады. Бірақ, сезімталдық пен қабыну кезінде қатты қылшықты щеткалар мәселені асқындырып жіберуі мүмкін.
Қылшық түрі:
Нейлон қылшықтар — ең танымал түрі, олар икемділігімен және ұзақ мерзімді қолдануға жарамдылығымен ерекшеленеді.
Ұштары жұмырланған қылшықтар — эмаль және қызыл иек үшін қауіпсіз, себебі бұл қылшықтар шырышты қабықты жарақаттаудан сақтайды.
Бас бөлігінің формасы:
Компактті бас бөлігі — артқы тістерді тазартып, жету қиын аймақтарға оңай кіреді.
Дөңгеленген немесе үшкір бас бөлігі — қақтарды тазартып, қолдануға ыңғайлы.
Электр және дыбыстық щеткалар:
Тістерді мұқият тазалау қиындық тудыратын адамдарға қолайлы, себебі қылшықтардың дірілі немесе айналуы терең тазалауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, олар ортодонтиялық құрылғылары бар адамдарға пайдалы болуы мүмкін.
- Тіс пастасын таңдау
Тіс пастасын таңдауда да тіс пен қызыл иек күйін ескеру қажет, себебі пастаның құрамында болатын компоненттер белгілі бір мәселелерді шешуге көмектеседі.
Сезімтал тістер үшін:
Сезімталдықты төмендететін компоненттер бар паста таңдау қажет, мысалы, калий нитраты, стронций хлориді немесе натрий фторы. Бұл заттар эмальді нығайтып, суық және ыстық тағамдарды тұтынғанда ыңғайсыздықты азайтады.
Кариеске қарсы:
Фторы жоғары паста (натрий фторы немесе аминофторид) тісті нығайтып, тіс жегісінің алдын алады.
Қақ және тіс тасының түзілуіне қарсы:
Пирофосфаттар немесе мырыш секілді қақ пен тіс тасының жиналуын азайтатын компоненттері бар пасталар ұсынылады.
Қызыл иек ауруларының алдын алу:
Қабынуға қарсы шөп экстракттары (түймедақ, жөке), алоэ, сондай-ақ, антисептиктері бар паста (мысалы, хлоргексидин, триклозан) гингивит және пародонтоздың алғашқы сатыларында қолдануға тиімді. Алайда, антисептикалық пасталарды дәрігердің нұсқауымен 2–3 аптадан артық қолдануға болмайды.
Ағартатын пасталар:
Сау эмалі бар адамдарға арналған. Мұндай пасталар пигментті қақтарды кетіруге арналған полирлеуші және ағартушы заттардан тұрады. Сезімтал эмаль және қабынған қызыл иектерге арналған емес, өйткені құрамындағы абразивтер мәселелерді асқындырып жіберуі мүмкін.
- Тіс пен қызыл иек денсаулығын сақтау бойынша жалпы кеңестер
Стоматологпен кеңесіңіз. Маман тіс пен қызыл иек жағдайын дәл анықтап, қажетті құралдарды ұсынуы мүмкін.
Құралдарды жиі алмаңыз. Ұдайы құралдарды ауыстыру ауыз қуысының қалыпты жағдайына теріс әсер етуі мүмкін.
Сапалы өнімдер таңдаңыз. Сертификатталған құралдар денсаулыққа қауіпсіз және тиімділікті қамтамасыз етеді.
- Құралдарды дұрыс пайдалану
Тіс щеткасын 3 айда бір рет немесе тозу белгілері пайда болғанда ауыстырыңыз.
Тістерді күніне екі рет, екі минуттан тазартыңыз, әрбір тіске мұқият көңіл бөліңіз.
Тіс жібі мен ауызды шаюға арналған ерітінділерді де қолданыңыз.