Сіңір неден тартылады?

Uncategorized

Автор: Кейкуатова Асель Шагмарановна, Мейірбике,

ШЖҚ«Қарасай клиникалық көп бейінді орталық аудандық ауруханасы»

КМК Жарақат бөлімшесі

Аяқ-қолдың сіңірінің жиі тартылуы, бұлшық еттің ауыруы, қан тамырларында жайсыздықтың орын алуы қандай да бір дәрумен мен минералды заттардың жетіспеушілігінен болады. Кей жағдайда басқа да аурудың әсерінен сіңір тартылады. Мұндай жағдайда өз бетіңізше ем алудан аулақ болыңыз. Мүмкіндігінше дәрігерге тексеріліп, тиісті ем қабылдағаныңыз дұрыс.

Негізі аяқ-қол сіңірлерінің тартылуы түрлі дерттің белгілерінен хабар береді.

Нақтырақ айтқанда:

Ағзаның сусыздануы

Адам ағзасында ылғал жеткілікті болмаған кезде бұлшық еттердің жиырылуы жиілейді. Бұл кезде жүйке талшықтарының терминалдық бөлімдері сезімтал болып, бұлшық еттің құрысуы пайда болады. Мұндай жағдай күннің ыстығында, қарқынды спортпен айналысу кезінде жиі қайталанады.

Кейбір микроэлементтердің жетіспеушілігі

Ағзада микроэлементтер жеткіліксіз болғанда ағзалар тарапынан әртүрлі проблемалар туындайды. Атап айтқанда, бұлшық еттердің дұрыс жұмыс істеуі үшін денеге кальций, калий, магний және натрий қажет. Бұл заттардың жетіспеушілігі дұрыс тамақтанбағаннан, микроэлементтердің сіңуінің бұзылуынан туындауы мүмкін.

Қант диабеті

Бұл дертке шалдыққан науқаста ағзаның жұмысы бұзылады, тамырлар мен жүйке жүйесі сыр береді. Оған қоса, аяқ-қолдың сіңірі тартылады.

Варикоз

Аяқтың төменгі тұсының ісінуі, аяқтардағы ауырсыну мен шаршау – варикоздың белгісі екені мәлім. Бұл көбінесе тамырлардағы қан ағымының бұзылуынан, қанның тоқырауынан және жүйке жүйесінің бұзылуынан туындайды. Варикозы бар кез келген науқастың аяқ-қолы тартылады.

Гормоналды теңгерімсіздік

Гормоналды тепе-теңдіктің өзгеруі мен қайта қалпына келуі кезінде сіңір жиі тартылады. Көбінесе, жасөспірімдерде, жүкті әелдерде етеккір үзілісі кезеңдерінде байқалады.

Алкоголь мен темекі тұтыну

Алкоголь де, темекі шегу де тамырларда өзгеріс тудырады. Сондай-ақ, кейбір маңызды микроэлементтердің сіңуін бұзады және жүйке жүйесінің жұмысына кері әсер етеді. Бұл кезде аяқ-қолдың сіңірі тартылады.

Дене ыстығының көтерілуі

Фебрильді құрысулар дене температурасының жоғарылауының жанама белгілерінің бірі болып табылады. Әсіресе, ол жас балаларда жиі байқалады. Әдетте, бұлшық еттің құрысуы дене температурасы қалыпты жағдайға оралған кезде жоғалады. Тіндерде темір мен фолий қышқылының жетіспеушілігі кезінде қолдар мен аяқтардың кішкентай бұлшық еттерінің жиырылуы пайда болады. Егер құрамы дәруменге, минералды затқа бай тағамдармен дұрыс тамақтанып жүрсеңіз, сіңірдің тартылуы өз-өзінен жоғалады. Егер аяқ-қолдың ғана сіңірі тартылмай, бүкіл денеңіздің бұлшық еті ауырса, онда орталық жүйке жүйесін тексертуге кеңес береміз.

Кімнің сіңірі жиі тартылады?

· спортшылар мен артық салмаққа ие адамдардың;  

· үш жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер;

· күшті гормоналды өзгерістер кезеңіндегі әйелдер (жүктілік, етеккірдің үзілуі, оның бастапқы кезеңі);

· ұзақ уақыт аяғынан тік тұрып жұмыс істейтіндер; алкоголь мен темекіге әуес жандар;

· қатаң диеталарды ұстанатындар;

· қалқанша безі, қан тамырлары ауыратындар мен қант диабетіне, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастар;

· күнделікті сұйықтықтың жеткіліксіз мөлшерін тұтынатындардың сіңірі жиі тартылады.

Аяқ-қолдың сіңірі тартылғанда ағза ауырсыну сезімін байқайды. Өйткені, түйілудің салдарынан бұлшық ет тіндерінде гипоксия күйі қалыптасады. Оттегі мен қоректік заттардың жетіспеушілігі, зат алмасу процесінің тоқырауына байланысты ағзада улану үдерісі басталады. Нәтижесінде жүйке ұштары үнемі тітіркенеді, ұзаққа созылған ауырсыну белгісі пайда болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *