Сібір жарасы: аурудың белгілері мен алдын алу шаралары

Мақала

Автор: Жаксыбекова Раушан Сламжановна, Нургожаева  Шынар Каримхановна, Калиева Назгуль Нурбековна

жалпы тәжрибелі мейірбикелері    

ШЖҚ «Панфилов көпсалалы ауданаралық ауруханасы» КМК  Улкеншыған ауылдық  дәрігерлік-амбулаториясы

Сібір жарасы (түйнеме) – зооноз тобындағы жедел жұқпалы ауру.  Ол дене қызуының көтерілуімен, лимфа жүйесінің зақымдалуымен және ағзаның ауыр түрде улануымен сипатталады. Сібір жарасы терілік, өте сирек  ішектік, өкпелік  және сепсистік формада өтуі мүмкін. 
Аурудың қоздырушысы – таяқша пішінді, қозғалмайтын аэробты бактерия. Бұл бактериялар адам мен жануарлардың ағзасынан тыс жерлерде споралар түзуге қабілетті және олар физикалық-химиялық әсерлерге өте төзімділік танытып, қоршаған ортада ондаған жылдарға дейін сақталады. 
Сібір жарасын адамға жұқтырушы көз  – үй жануарлары (ірі қара мал,  қой, ешкі, түйе, шошқа) болып табылады. Адамға аурудың жұғу жолы көбінесі жанасу арқылы (малды сою кезінде терісін түсіруде немесе мал терісін өңдеуде)  және бактерияның спораларымен ластанған  тағамдар мен ауыз суын ішп-жеуде және ластанған топырақты егістікте қолдануда жұғуы мүмкін.  Ал ауру адамнан адамға жұқпайды. 
             Сібір жарасының белгілері мен аурудың ағымы.                                                      Ауру көбінесі тері жамылғысын зақымдайды, сирек түрде ішкі мүшелерді де зақымдауы мүмкін. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Дененің ашық жерлері зақымдалады.  Қоздырғыш енген жерде алдыменен диаметрі 1-2 см, қызыл-көкшіл түсті, ауырмайтын дақ пайда болады. Сол жер қышиды, ашиды. Бірнеше сағаттан кейін дақтың орнында мыстың түсіндей папула пайда болады. 12-24 сағаттан кейін іші серозды, соңынан қанды сұйықтыққа толы везикулаға айналады. Осы везикула жарылғаннан кейін, жиектері көтеріңкі, түбі қоңыр түсті жараға айналады. Осы кезден бастап оны карбункул деп атаймыз. Жараның айналасы қызарып, ісіп тұрады. 1-2 аптадан кейін карбункулдың ортасы қарайған тығыз, ауырмайтын некрозды қабыршаққа  айналады. Осы қабыршақ айналасындағы қызарған терінің ортасындағы қара дақ, қызыл шоқтың ортасындағы көміртәрізді көрінеді. Сондықтан оның аты грек тілінен аударғанда «anthax – көмір» деген мағынаны білдіреді. Оның айналасында сезімдалдық мүлде болмайды. 
Лимфа түйіндерінің ұлғаюы болады. 2-3 аптаның соңына қарай қабыршақ түсіп, оның орны тыртықанады. Карбункулдың ең көп ораналсатын жерлері – аяқ-қол, мойын және желке. Жергілікті қабыну процесі кезінде ағзаның жалпы улану белгілері болады. Әлсіздік, шаршағыштық, басының ауыруы, дене қызуы субфебрильдіден, 39-40ºС дейін көтеріледі. 
Аурудың бастапқы кезеңіндегі айтылған белгілер байқалған жағдайда науқас немесе оның жақындары оны міндетті түрде ауруханаға жеткізіліп медициналық көмекке жүгіну қажет. Дәрігерге дер кезінде қаралғанда және арнайы емдеу шараларын жүргізгенде дерттен толығымен жазылып кетуге болады. 
                                        

                                           Алдын алу шарасы
Сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы — жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Ауруға қарсы вакцинаны егу үй жануарлар мен ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері-жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасында Сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейінгі 12-14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа                2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет. Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн.  Бүгінгі күнде егу жұмыстары жануарларды жоспарлы тексеруден өткізу кезінде ветеринарлық мекемелерде тегін жүргізіледі.              

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *