20 наурыз – Дүниежүзілік ауыз қуысы денсаулығы күні. Бұл күнді Дүниежүзілік стоматологиялық қауымдастық (FDI) жыл сайын атап өтеді. Ауыз қуысындағы аурулар, әсіресе тісжегі мен қызыл иек патологиясы – жиі кездесетін мәселелердің бірі. Олар тек ауыз қуысын ғана емес, жалпы денсаулыққа да теріс әсер етуі мүмкін.
Сол себепті, ата-аналар мен балалардың ауыз қуысы денсаулығын сақтауда профилактикалық шаралардың маңызын түсінуі аса қажет. Әсіресе қауіп тобына жататын балалар мен жасөспірімдер үшін бұл – өзекті мәселе. Қазақстанда 2 жастан 17 жасқа дейінгі балаларға арналған профилактикалық тексерулер мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында жыл сайын жүргізіледі.
Соңғы жылдары елімізде ауыз қуысы ауруларының, әсіресе тісжегі мен асқынған тіс жұлу жағдайларының артуы байқалуда. Мысалы, тексеруден өткен әрбір 10 баланың 7-інде тісжегі анықталған.
Осы мәселелердің алдын алу мақсатында 2024 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Болашаққа – сау тіспен» жол картасын қабылдады. Бұл құжат 2024–2028 жылдар аралығында мектеп жасындағы балалар арасында стоматологиялық аурулардың алдын алуды жетілдіруге бағытталған.
ҚР Білім министрлігімен бірлесе отырып, білім беру мекемелерінде профилактикалық стоматологиялық кабинеттер ашу жөнінде нақты іс-шаралар жоспары жасалды. Қазіргі уақытта республика бойынша 145 стоматологиялық кабинет жұмыс істейді, ал 2025 жылы олардың қатарына тағы 195 кабинет қосылмақ.
Ауыз қуысы мен тіс денсаулығын сақтау үшін келесі қарапайым ережелер ұсынылады:
- Күніне екі рет тісті щеткамен тазарту, сонымен қатар тіс жібі, тіс аралық щеткалар, ауыз шайғыш секілді қосымша гигиеналық құралдарды қолдану.
- Көмірсуларды шектей отырып, дұрыс тамақтану.
- Жылына кемінде бір рет тіс дәрігеріне қаралу.
Бүгінгі таңда мектептерде балалар арасында ауыз қуысы гигиенасы бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Оның аясында оқу бейнематериалдары, гигиена сабақтары, стоматологтар мен гигиенистерге арналған конференциялар ұйымдастырылуда.