Мұнайлы ауданында 200 мың тұрғынға арналған жаңа аудандық аурухана ашылды

Жаңалық

2025 жылғы 9 маусымда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары аясында облыс әкімі Қилыбай Нұрдәулетпен бірге Мұнайлы ауданында жаңа аудандық аурухананың ашылу салтанатына қатысты. 150 төсек-орынға арналған бұл заманауи емдеу мекемесі — өңір тұрғындары үшін маңызды медициналық нысан.

Жаңа аурухана Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бой көтеріп, 200 мыңнан астам халыққа сапалы және қолжетімді медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Бұған дейін Мұнайлы ауданында стационарлық емдеу қызметін көрсететін аурухана болмаған еді.

Мекеме диагностика, емдеу және оңалту қызметтерін қазіргі заманғы медициналық талаптарға сай жабдықтармен жүзеге асырады. Мұнда аурудың алдын алу жұмыстарынан бастап бейінді мамандар көмегіне дейінгі толық медициналық қызметтер кешені ұсынылады.

Ашылу салтанатында министр медицина қызметкерлерін алдағы кәсіби мерекелері — Медицина қызметкері күнімен құттықтап, халық денсаулығын қорғаудағы қажырлы еңбектері мен адалдығы үшін алғыс білдірді.

«Бұл аурухана – жай ғана ғимарат емес. Бұл – мемлекетіміздің әрбір азаматына, оның тұрған жеріне қарамастан, уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсетуге деген ұмтылысының көрінісі. Алдағы уақытта медициналық көмектің қадамдық қолжетімділігін арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту бойынша жұмыстар жалғасатын болады», – деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта ауруханаға дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлерді қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Жас мамандарды тарту мақсатында арнайы бағдарламалар жүзеге асырылып, ауданға жұмысқа келетін медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған.

Мұнайлы ауданындағы бұл жаңа медициналық нысан өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын едәуір жақсартып, жергілікті тұрғындардың өмір сапасын арттыруға айтарлықтай үлес қоспақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *