Автор: Кардиева Зоя Төремұратқызы, сарапшы дәрігер
№5 қалалық емхана, Астана қаласы
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру өседі. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.
МӘМС жүйесі жинақтаушы Қор болып табылмайды. Бұл жарналармен аударымдардың мөлшерлеріне қарамастан, пациенттердің МӘМС медициналық қызметтеріне тең қолжетімділігіне ие әлеуметтік жүйе.
МӘМС жүйесінде сақьандыру мәртебесі жоқ пациенттер ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) тізбесіне кретін медициналық көмекті ала алады, бірақ МӘМС пакетіндегі медициналық қызметтерге қол жеткізе алмайды.
МӘМС жүйесінің негізгі принциптері:
- әлеуметтік бағдар – мемлекет 15 жеңілдік санатындағы азаматтарға жарна төлейді;
- ортақ жауапкершілік — халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты;
- медициналық көмекке тең қолжетімділік — әрбір сақтандырылған азамат төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқығы бар;
- ақша пациенттің артынан жүреді — пациент медициналық қызметті алу үшін өз қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдай алады. Ол Қордың өнім берушісі болуы тиіс;
- пациенттің құқығын қорғау — Қор медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана медициналық қызметтер үшін ақы төлейді.
МӘМС артықшылықтары:
1. Медициналық қызмет үшін қалтамыздан аз жұмсаймыз.
2. Сақтандыру қымбат операцияларды, диагностика мен емдеуді жабады.
3. Медициналық көмек сақтандырылған адамның табысы мен жарна мөлшеріне байланысты емес.
4. Емдеуші дәрігердің жолдамасы бойынша сізді Қормен келісім-шарт жасалған кез келген клиникада қабылдайды.
5. Медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсарту.
Қазақстанда медициналық сақтандыру қоры кіммен жұмыс істейді?
1. Барлық мемлекеттік медициналық ұйымдар
2. Қормен шарт жасасқан жеке медициналық клиникалар
3. Қор Шетелде емделуге ақы төлейді
Сақтандырусыз қандай көмек алуға болады?
1. тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) – Қазақстанның барлық тұрғындары үшін.
2. шұғыл жағдайларда медициналық көмек
3. бүкіл қоғам үшін маңызды ауруларды бақылау
4. емханаларда қызмет көрсету (Алғашқы медициналық-санитариялық көмек)
5. жедел жәрдем көмегі
6. диагностика және емдеу: әлеуметтік маңызы бар аурулар үшін (туберкулез, АИТВ, психикалық бұзылулар және мінез-құлықтың бұзылуы, қатерлі ісіктер), негізгі созылмалы аурулар, айналадағыларға қауіп төндіретін жіті жұқпалы аурулар.
Сақтандырылған адам қандай көмек ала алады? МӘМС пакеті:
— қымбат тұратын зертханалық қызметтер және диагностика
— ТМККК қамтылмаған аурулар кезінде амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету
— стационарды алмастыратын медициналық көмек
— ТМККК қоспағанда жоспарлы стационарлық көмек
— қалпына келтіру емі және медициналық оңалту.
Мемлекет есебінен сақтандырылған жеңілдікті санатқа келесі азаматтар кіреді:
- 18 жасқа дейінгі балалар;
- жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
- бала үш жасқа толғанға дейін оны тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін адамдар;
- жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, сондай-ақ баланы үш жасқа толғанға дейін күтуге байланысты демалыста жүрген адамдар;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар;
- мүгедек балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;
- бала кезінен мүгедектерге күтім жасаушылар;
- мүгедектер;
- зейнеткерлер мен ҰОС ардагерлері;
- орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар;
- жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;
- жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
- жұмыс істемейтін қандастар;
- қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерді қоспағанда, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот үкімі бойынша жазасын өтеп жүрген адамдар;
- тергеу изоляторларындағы адамдар.
Егер сіз көрсетілген санаттардың біріне кіріп, бірақ сақтандырылмаған болсаңыз, онда растайтын құжаттардың тізімін жинап, оларды ХҚКО-ға ұсыну қажет. Құжаттар ақпаратты растау үшін мемлекеттік органдарға жіберілетін болады. Барлық қажетті рәсімдерден кейін мемлекет сіз үшін жарна төлейді және «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі жеңілдікті санаттағы өкіл ретінде берілетін болады.
МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді қалай тексеруге болады?
Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебеңізді бірнеше жолмен тексеруге болады.
- Egov.kz электрондық үкімет порталы
- Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының https://msqory.kz/kk/ ресми сайты
- Telegram-дағы @SaqtandyrýBot боты
- Qoldau 24/7 мобилді қосымшасы және сайт msqory.kz
- 1414 телефоны арқалы тексеруге болады.
Өз атыңызға аударылған аударымдар мен жарналар туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне медициналық көрсетілетін қызметті тұтынушы ретінде қатысу туралы және аударымдардың және (немесе) жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат ұсыну» мемлекеттік қызметіне келесі сілтеме арқылы тапсырыс беріп, біле аласыз: https://egov.kz/cms/kk/services/health_care/pass171-2_mz.