Инфекциялық аурулардың алдын алу жолдары

Инфекционные болезни

Автор: Мазимхан Дариға Жаныбекқызы, мейірбике, ШЖҚ «Облыстық аурухана» МКК, Талдықорған қаласы

Қазіргі таңда инфекциялық аурулар әлемдік денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сәйкес, жыл сайын 2 миллиардтан астам адам инфекциялық ауруларға шалдығып, олардың шамамен 17 миллионы қайтыс болады. Бұл статистика инфекциялардың алдын алу шараларының маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді.

Инфекциялардың таралу жолдары
Инфекциялық аурулардың қоздырғыштары – бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар және паразиттер. Олар адам ағзасына әртүрлі жолдармен енеді:

Ауа-тамшы жолы: тұмау, қызылша, туберкулез сияқты аурулар жөтелу, түшкіру кезінде бөлінетін микробтар арқылы жұғады.

Фекальды-оральды жол: ішек инфекциялары ластанған тағам немесе су арқылы таралады.

Қан арқылы: ВИЧ, гепатит В және С вирустары қан немесе инъекциялық құралдар арқылы беріледі.

Контакт жолы: науқаспен немесе оның пайдаланған заттарымен байланыс арқылы таралатын тері инфекциялары.

Жәндіктер арқылы: масалар арқылы таралатын безгек, денге сияқты аурулар.

Алдын алу шаралары
Инфекциялық аурулардың алдын алу үшін келесі шараларды сақтау қажет:

Жеке бас гигиенасы
Қолды сабынмен жиі және мұқият жуу – инфекцияның алдын алудың ең тиімді жолы. Қоғамдық орындардан кейін, дәретханадан соң, тамақтанар алдында қол жуу маңызды.

Вакцинация
ДДҰ мәліметі бойынша, екпе егу жыл сайын 4–5 миллионға жуық адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вакцинацияның арқасында 2000–2019 жылдар аралығында 23,2 миллион өлімнің алдын алынған.

Тағам мен судың қауіпсіздігі
Ластанған тағам немесе су арқылы жұғатын инфекциялардың алдын алу үшін, өнімдерді дұрыс сақтау, термиялық өңдеу және тазалықты сақтау қажет. ДДҰ мәліметінше, жыл сайын 600 миллионнан астам адам тағам арқылы инфекция жұқтырады, олардың 420 мыңы көз жұмады.

Салауатты өмір салты
Құнарлы тағам, жеткілікті ұйқы, физикалық белсенділік – ағзаның иммундық жүйесін нығайтып, инфекцияға төзімділікті арттырады.

Қоғамдық ортада сақтық шараларын сақтау
Эпидемия кезінде маска тағу, әлеуметтік арақашықтықты сақтау және антисептик пайдалану – індеттің таралуына тосқауыл қояды.

Мейірбике рөлі – инфекцияның алдын алудағы негізгі буын
Мейірбикелер – инфекциялық аурулардың алдын алу мен бақылауда жетекші рөл атқаратын медицина қызметкерлері. Олардың міндеттері тек емдік шаралармен шектелмейді, сонымен қатар:

Ағарту және түсіндіру жұмыстарын жүргізу: Мейірбикелер халыққа инфекциялардың таралу жолдарын, гигиенаның маңыздылығын, вакцинацияның қажеттілігін түсіндіреді. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендерде маңызды.

Вакцинацияны ұйымдастыру және бақылау: Екпе егу кезінде мейірбикелер қауіпсіздік ережелерін сақтап, егілген науқастардың жағдайын бақылап отырады.

Санитарлық-гигиеналық тәртіпті қамтамасыз ету: Медициналық мекемелерде зарарсыздандыру, бетперде режимі, құрал-жабдықтың тазалығы – мейірбике бақылауындағы маңызды бағыттар.

Инфекциялық бақылау жүйесіне қатысу: Қауіп төнген жағдайда оқшаулау, эпидемиологиялық қадағалау мен науқаспен байланыста болғандарды анықтау сияқты шараларды жүзеге асыруда белсенділік танытады.

Мейірбикелер – инфекциямен күресте бірінші желіде қызмет ететін, халық пен медицина арасындағы алтын көпір. Олардың кәсіби дайындығы мен жауапкершілігі эпидемияның таралуын болдырмауға ықпал етеді.

Қорытынды
Инфекциялық аурулардың алдын алу – бұл тек дәрігерлердің ғана емес, әрбір адамның азаматтық міндеті. Жеке гигиенаны сақтау, екпелерді уақытылы алу, санитарлық талаптарды орындау – қарапайым, бірақ өте маңызды әрекеттер. Сонымен қатар, мейірбике мамандығы – халық денсаулығын қорғау саласындағы тірек күш. Олар күн сайын жұқпалы аурулардың таралуын тежеуге өз үлесін қосып келеді.

Денсаулық – ең қымбат байлық. Оны сақтау – әрқайсымыздың қолымызда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *