Жүктілік және босану эндокриндік жүйе қызметінің қайта құрылымдалуымен, иммунитеттің өзгеруімен бірге жүреді және туберкулездің қауіп факторлары болып табылады. Жүкті әйелдер мен босанған әйелдердің аурушаңдығы жалпы туберкулезбен ауыратын әйелдерден 1,5 — 2 есе жоғары. Туберкулез жүктіліктің кез келген кезеңінде дамуы мүмкін, бірақ көбінесе босанғаннан кейінгі алғашқы 6 айда болуы мүмкін. Егер жүктілік бұрыннан бар туберкулездің фонында болса, жүктіліктің алғашқы айларында аурудың өршуі мүмкін. Бұл әйелдің әл-ауқатының нашарлауында, әлсіздікте, жөтелде, салмақ жоғалтуда, ұзаққа созылған субфебрильді дене қызуының көтерілуінде көрінеді. Бірқатар науқастарда туберкулездің өршуі жүктіліктің 5-7 және 9 айында қайталануы мүмкін. Туберкулездің жиі кездесетін түрлері: ыдырау фазасындағы инфильтративті, диссеминирленген туберкулез, экссудативті плеврит.
Босанғаннан кейінгі кезеңде туберкулезді уақтылы диагностикаламау және емдеу кезінде өлім 20% жағдайда болуы мүмкін.
Өкпе туберкулезі алғаш рет ауырған әйелдерде, әсіресе жүктілік кезінде және босанғаннан кейін қысқа мерзімде қолайсыз жүреді. Жүктілік кезінде әйелде 2-3 аптадан астам уақытқа созылатын жөтел болса, орташа мөлшерде қақырық бөлінсе, тәбеті төмендесе, дене қызуы көтерілсе, кеуде қуысының ауыруы, шамадан тыс тершеңдік, әлсіздік пайда болса, онда дереу әйелдер кеңесіндегі акушер-гинекологқа, учаскелік терапевтке немесе фельдшерге қаралу керек, олар өз тараптарынан қосымша зерттеулерге жолдайды – туберкулез микобактриясын анықтау үшін қақырықты тексеру. Жүкті әйелдер жоғарыда аталған белгілерді жиі токсикоздың әсерімен байланыстырады, сондықтан дәрігермен уақтылы кеңесу және қажетті диагностикадан өту өте маңызды. Анықтаудың негізгі әдісі – туберкулез таяқшаларын анықтау үшін қақырықты зерттеу.
Рентгендік зерттеуді 12 аптадан кейін жүргізуге болады (сақтық ережелерін сақтай отырып: ұрықты қорғау үшін арнайы қорғасын алжапқышы).
Біздің елімізде туберкулезді дер кезінде анықтау үшін босанғаннан кейінгі кезеңде барлық әйелдер кеуде қуысының мүшелерін міндетті түрде флюорографиялық тексеруден өтеді. Сондықтан бұл зерттеуді мерзімінде – босанғаннан кейін бір ай ішінде жасау өте маңызды.
Жүктілік кезінде туберкулезбен ауырған әйелдерде жүктілікті қалдыру немесе тоқтату мәселесін дәрігер шешеді. Бірақ, әдетте, туберкулезге қарсы препараттармен емдеу курсын тағайындау арқылы мерзімді жүктілікке рұқсат етіледі. Туберкулезге қарсы емдеу көбінесе ана мен баланың денсаулығына зиян келтірместен жүктілікті сақтай алады. Дәрігер дұрыс таңдаған, туберкулезге қарсы препараттармен емдеу ұрықтың өсуі мен дамуына теріс әсер етпейді. Жүкті әйелдердегі туберкулез ауруы жаңа туған нәрестенің ағзасына әсер етпейді. Тек ауыр прогрессивті процестерде салмағы аз және денсаулығы нашар балалар туылады. Қарсы көрсетілім болмаған жағдайда, өмірінің алғашқы 4 күнінде перзентханада сау анадан жаңа туған нәрестелер БЦЖ вакцинасымен егіледі.
Егер анасы белсенді туберкулезбен ауырса және оны оқшаулау мүмкін болмаса, баланы кем дегенде 3 ай оқшаулау керек. 3 айдан кейін балаға БЦЖ вакцинасы егілуі керек, бірақ Манту сынамасының нәтижесін ескере отырып, нәрестеде иммунитетті дамыту үшін анасынан тағы 2 айға оқшаулайды. Туберкулез диагнозы анықталған жүкті әйелдер есепке алынып, учаскелік фтизиатр мен акушер-гинекологтың бақылауында болады.
Туберкулезді ерте анықтау – емнің сәтті аяқталуына себеп болады. Өзіңіздің және балаларыңыздың денсаулығына қамқор болыңыз!
Автор:Жоғарғы санаттағы дәрігер-терапевт Касымжанова Жанар Бодауовна
Талдықорған қаласы, Облыстық перинаталдық орталық