Жүктілік және зиянды әдеттер
Болашақта ана болатын әйелдің зиянды әдеттерден аулақ болғаны жөн (жүктілікті алдын ала жоспарлаған сәттен бастап бұл іске кіріскені дұрыс). Бұны істеу әрине, оңай емес. Бірақ жүктілік кезінде көптеген әйелдердің болашақ сәбиінің дұрыс қалыптасуы үшін жауапкершілігі жоғары, сондықтан барлық күш-жігеріңізді жинап, мықты болуға тырысыңыз.Бүгінгі күні темекі шегу мен ішімдіктер ішу күнделікті өмірде үйреншікті жағдай болып қалды. Бұл әрекеттер жүкті әйелдің жатырындағы болашақ сәбидің дамуына қандай зиянын тигізетінін анықтап көрейік.
Темекі шегу
Статистикалық мәліметтер бойынша, жүктілік кезінде темекі шегу анасынан гөрі, іштегі сәбиге екі есе зардап тигізетінін анықтады. Никотин жолдас арқылы өте оңай және тез енеді. Бұл заттың темекі тартқан әйелдің қан құрамынан гөрі ұрықтың тканьдерінде шоғырлануы жоғары. Темекі шеккен кезде тек никотин ғана емес, сонымен қоса, аса қауіпті – тұншықтырғыш газ, бензопирен және радиоактивті изотоптар (аздаған мөлшерде болса да!) ұрыққа зиянын тигізеді. Ал басқа улы заттар (мысалы, тиоцианат) ағзада темекі түтінінің «өңделуі» нәтижесінде пайда болады. Мұның бәрі де сәбидің дамуына айтарлықтай әсер етеді. Әйел темекісін шегіп болған соң жолдастың қан тамырларының жиырылуы басталады да, ұрық бірнеше минут жеңіл түрдегі оттектің жетіспеушілігі (кислородное голодание) жағдайында болады. Анасы жүктілік кезінде темекіні үнемі шегетін болса, ұрық созылмалы оттек жетіспеушілігімен ауырады. Сондықтан ұрықтың жатыр ішіндегі дамуы тежеліп қалады. Темекі шегетін аналардың сәбилері туылғанда көбіне салмағы аз, жатырдан тыс өмірге бейімделуі қиын, денсаулығы нашар болып келеді. Бірақ қауіп тек анасының темекісінде ғана емес. Басқа бір адамның шеккен темекісінің иісімен ауа арқылы дем алған да ана мен болашақ сәбиге зиянды да қауіпті. Сондықтан жүктілік – тек әйелге ғана емес, оның жақындарына да темекі шегуден бас тартуға үлкен себептердің бірі. Сәбидің амандығы үшін болашақ анасы мен әкесінің, басқа да жақындарының міндетті түрде жасай алатын әрекеті – үйде темекі тартуды доғару.
Алкогольді ішімдік
Алкоголь жолдас арқылы еш кедергісіз еніп, оның ағзасына түседі. Құрамындағы спирт (этанол) пен оның ыдыраған өнімдері (мысалы, ацетальдигид) ұрыққа қатты әсер етеді. Спирт жолдастың қан тамырлар жүйесінің және кіндігінің жиырылуына әкеледі, ал бұл ұрықта оттектің жетіспеушілігін тудырады. Ацетальдигид жасушалардағы мырыш (цинк) мөлшерін төмендетіп, дамуын тежейді және де ұрық жасушалары ДНҚ-ның мутациясына әкеледі. Оған қоса, алкоголь дәрумендердің жетіспеушілігін тудырады, зат алмасуды бұзады. Нәтижесінде, болашақ сәбидің көп мүшелері зардап шегеді, әсіресе – орталық жүйке жүйесі. Болашақта бұл баланың ақыл-ойының дамуын баяулатады. Жүктілік кезінде алкогольді ішімдікті үнемі қолдану (аздаған мөлшерде болса да!) түсік тастауға, уақытына жетпей босанып қалуға, салмағы аз боп туылуына, ал ең қиын жағдайда нәрестенің фетальды алкогольды синдромына әкеледі.
Авторы: Жоғарғы санаттағы дәрігер-терапевт Касымжанова Жанар Бодауовна
Талдықорған қаласы, Облыстық перинаталдық орталық