Жіті ішек инфекциялары (ЖІИ) – адамның ағзасына ауыз арқылы келіп түсетін, әр түрлі бактериялар ықпалынан орын алатын жіті ішек инфекцияларының аурулар тобы. Бұл топқа сальмонеллез, дизентерия, сонымен қатар, эшерихиоз, тағамдық токсикоинфекциялар, шартты-патогенді қоздырғыштардан туындаған жіті гастроэнтериттер жатады. Олар дәреттің бұзылуымен қоса, асқазан-ішек жолдарының зақымдалуына алып келеді.
Аурудың негізгі клиникалық көріністері қандай?Ауру дене қызуының көтерілуінен, дәреттің бұзылуынан, яғни, оның жиіленуі мен босаңсуынан, іштің ауруынан басталады. Науқасты құсу мен лоқсу мазалайды. Ауру барысында ағза дәрет және құсу арқылы сұйықтығын шығара бастағандықтан сусыздану белгілері: әлсіреу, сусау, демігу басталуы мүмкін.
ЖІИ науқас адаммен байланыс барысында берілуі мүмкін. Науқастардың, сондай-ақ оларды күтуші жақындарының ұқыптылығы, жеке бас гигиенасын сақтауы өте маңызды. Себебі, инфекция қоздырғыштары бар нәжістің қолға жұғуы ол арқылы тамаққа, ыдысқа, жиһазға, ойыншақтарға және басқа да тұрмыстың заттарға түсуіне алып келеді.
ЖІИ су арқылы да жұқтыруға болады, яғни, қайнатылмаған суды қолданғанда және ашық су қоймаларында суға түсу барысында ағзаға су түскен кезде жүзеге асады. Нәжісте орын алған ішек инфекцияларының қоздырғыштары топыраққа сіңеді, ал ол жерден жауын кезінде әр түрлі су қоймаларына (өзен, тоған су және т.б.) таралады. Судың ластануы ағынды сулар арқылы, сонымен қатар, кір жуған кезде және суға түскен кезде де болады.
Тоймбаева Маирагуль Шинаровна
ШЖҚ»Алакөл аудандық орталық ауруханасы»Достық ауылдық ауруханасы.
Фельдшер