Авторлар:Дюсенбаева А.Ж «Акушерия және гинекология пәнінің» оқытушысы
Дуйсенгалиева Г.Ж «Акушерия және гинекология пәнінің» педогог – модераторы
Жатыр мойны обыры — бұл жатыр мойны эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Әйелдер арасында жатыр мойны обыры сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында тұр.
Жатыр мойны обырының ең жоғары деңгейі 40-44 жас аралығында кездеседі. Ең басында бұл ауру еш симптомсыз болуы мүмкін. Жатыр мойны обырының ерте көріністерін жыныс жолдарынан сулы немесе қанды бөліністерден байқауға болады. Бөліністердің жағымсыз иісі болуы мүмкін. Іштің және бел аймағының төменгі бөлігіндегі ауырсыну қосылады, ал кейінгі кезеңдерде арқа мен аяқтың ауыруы, салмақ жоғалту, аяқтың ісінуі, зәрдегі қанның пайда болуы сияқты белгілері байқалады.
Қазіргі уақытта адам папиллома вирусының (АПВ) жиілігі мен жатыр мойны обырының даму қаупінің өзара байланысы дәлелденіп отыр. АПВ-ның 100-ден астам түрі бар. Бұл вирустардың көпшілігі теріде сүйелдер тудырады және ешқандай қауіп төндірмейді. Бірақ бұл вирустың шамамен 30 түрі жақын аймақтың шырышты қабығын тітіркендіреді. Олардың жартысына жуығы жыныс мүшелерінде сүйелдер тудырады (сүйел түймешіктері, жыныс жолдарындағы сүйелдер), ал вирустың 14 түрі қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін, оларды қауіптілігі жоғары АПВ деп атайды. Қауіптілігі жоғары АПВ-ның ең маңыздылары АПВ 16 және 18 болып табылады, өйткені олар бүкіл әлем бойынша жатыр мойны обырының шамамен 70-72% негізгі себебі болып табылады.
Адам папиллома вирустары жыныстық қатынас арқылы таралады және көбінесе жастарда кездеседі. Олар әдетте иммундық жүйемен бейтараптандырылып, инфекция өздігінен емделеді. Алайда, жоғары қауіпті АПВ-ның ұзақ уақыт болуы жатыр мойнының қалыптан тыс жасушаларының дамуына әкелуі мүмкін. Бұл жағдай қатерлі ісікке дейінгі кезең болып саналады, ол жатыр мойны обырына айналуы мүмкін. Жатыр мойны обыры қатерлі ісікке дейінгі барлық адамдарда дамымайды, бірақ оның кімде болатынын болжау өте қиын.
Жатыр мойны обырының алдын алудың алғашқы шаралары -профилактикалық егулер. АПВ қарсы вакцина өлімге апаратын аурумен күрестегі нағыз қорғанысы болып табылады. Егер АПВ-ға қарсы вакцинация жасөспірім кезінде, жыныстық өмір басталғанға дейін жүргізілсе, жоғары тиімділікке ие. Бірақ вакцинацияның тиімділігі қартайған кезде де жоғары. Адам АПВ түрлерінің бірін жұқтырған болса да, ол оны басқалардан қорғай алады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жатыр мойны обырын жою жөніндегі жаһандық стратегиясы Денсаулық сақтау мәселесі ретінде жол картасын қамтиды, яғни қыздардың 90%-ы 15 жасқа дейін АПВ вакцинасымен егілуі керек, оған қоса ұлдарды да егу ұсынылады. Сол сияқты әйелдердің 70%-ы 35 және 45 жасында жоғары тиімді тест арқылы скринингтен өтуі керек. Қатерлі ісікке дейінгі әйелдердің 90% және инвазивті қатерлі ісікке шалдыққан әйелдердің 90% емделуі керек.
С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бірінші проректоры, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова айтып өткендей, жатыр мойны обыры алдын алуға болатын жалғыз онкологиялық ауру екендігін дәйектей келе: «Қатерлі ісіктің бұл түрінің себебі көп жағдайда жыныстық жолмен берілетін адам папилломавирусы. АПВ вакцинациясы АҚШ, Канада, Израиль, Катар, БАӘ, Ұлыбритания, Германия, Австрия, Швейцария, Франция, Австралия және Жапонияны қоса алғанда, әлемнің 100-ден астам елінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізілген. АПВ -ге қарсы вакцинация көрші елдерде – Өзбекстан мен Түрікменстанда да жүргізіледі. Әлемнің 42 елінде қыздарды да, ұлдарды да вакцинациялаумен гендерлік бейтарап тәсіл енгізілді», дейді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Австралияда Ұлттық вакцинация бағдарламасы енгізілгеннен кейін 9 жыл өткен соң, 18-35 жас аралығындағы әйелдерде АПВ -нің 4 түрінің таралуы 90%-дан астамға айтарлықтай төмендеген.
АҚШ-та 2015-2018 жылдар аралығында әйелдер арасында АПВ -ның 4 түрінің таралуы 14-19 жас аралығындағы әйелдер арасында вакцинацияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 88%-ға төмен, ал 20-24 жас аралығындағы әйелдер арасында 81%-ға азайған.
АПВ -қа қарсы вакцинация – папилломавирустық инфекцияның және АПВ -мен байланысты аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының алдын алудың танылған әдісі. Жаппай вакцинацияны ДДСҰ, ACOG, ESGO, SGO, ACS сияқты беделді халықаралық медициналық ұйымдар қолдайды. Бұл ДДСҰ-ның мәселесі ретінде жатыр мойны обырын жоюды (элиминация) жеделдету жөніндегі жаһандық стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі.
Жатыр мойны обырын ерте диагностикалаудың тиімді әдістерінің бірі скринингтік бағдарламаға қатысу. Жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған Ұлттық скринингтік бағдарлама жатыр мойнынан ПАП-тестке жағынды алу түрінде 30 мен 70 жас аралығындағы әйелдерге әр 4 жыл сайын тегін жүргізіледі. АПВ-ға қарсы вакцинацияланған әйелдер де жатыр мойны обырының тұрақты скринингінен өтіп тұруы қажет. Тұрақты цитологиялық талдаулармен бірге АПВ вакцинасы денені аурудан қорғауды одан әрі арттырады, бұл көптеген әйелдердің өмірін сақтап қалуға септігін тигізеді.
Әдебиеттер:
1. The global burden of women’s cancers: a grand challenge in global health / O. Ginsburg et al. // Lancet. — 2017 Feb 25. — 389 (10071). — Р. 847-860. http://dx.doi.org/10.1016/S0140-6736(16)31392-7.
2. Human Papillomavirus and Related Diseases in Asia. Summary Report / L. Bruni et al. // ICO Information Centre on HPV and Cancer (HPV Information Centre)
— 2016. — P. 16.
3. Human Papillomavirus and Related Diseases in Kazakhstan. Summary Report 23 December 2015. / L. Bruni et al. // ICO Information Centre on HPV and Cancer (HPV Information Centre). — 2015. — P. 6-7.
— http:www.hpvcentre. net/statistics/reports/KAZ.pdf.
4. Prevalence and Distribution of Human Papillomavirus Genotype in South Eastern Italy, in the Period 20062011: Implications for Intervention / M. Guido et al. // Curr Pharm Des. — 2013. — 19 (8). — P. 1498-1507.
5. Carcinogenic HPV prevalence and age-specific type distribution in 40,382 women with normal cervical cytology, ASCUS/LSIL, HSIL, or cervical cancer: what is the potential for prevention? / S. K. Kjœr et al. // Cancer Causes Control — 2014 Feb. — 25 (2) — P. 179-189. — DOI: 10.1007/s10552-013-0320-z
6. GLOBOCAN 2012 (IARC). Section of Cancer Information. Available. — http://globocan.iarc.fr/ Pages/fact_sheets_population.aspx.
7. Выявление рака шейки матки в г. Алматы / Г. А. Дуненова [и др.] // Вестник КазНМУ — 2014. — №2 (4). — C. 126-129.