Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығында қатерлі ісіктерді дер кезінде анықтауға бағытталған экспресс-гистология әдісі іске қосылды. Бұл бастаманы орталық директоры Жандос Сейдахметов көтеріп, диагностиканың жаңа кезеңіне жол ашты.
Аталған орталықта жыл сайын 800-ден астам хирургиялық операция жасалады. Бұған дейін пациенттен алынған биологиялық материал Алматы мен Астана қалаларындағы зертханаларға жіберіліп, нәтижесін күту үшін 2–3 апта уақыт қажет болатын. Нәтиже шықпайынша, науқасқа нақты ем тағайындау мүмкін болмай келген.
Жаңа енгізілген экспресс-гистология әдісі тікелей операция кезінде алынған тін үлгісін жедел түрде мұздатып, арнайы микроскоп арқылы зерттеуге мүмкіндік береді. Небәрі 15–20 минут ішінде нақты нәтиже алуға болады. Бұл – ота кезінде хирургиялық шешімдерді дәл қабылдауға және қажет болған жағдайда емдеу тактикасын дереу өзгертуге жол ашады.
Орталықтың мамандары бұл әдісті меңгеру үшін арнайы оқудан өтіп, тәжірибе алмасу бағдарламаларына қатысты. Жаңа технология тек хирургияның дәлдігін арттырып қана қоймай, онкологиялық ауруларды тиімді әрі жылдам емдеуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл өңірлік медициналық мекемелердің мүмкіндігін арттырып, тұрғындар үшін сапалы онкологиялық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етеді.