Автор: Рахманова Мария Кемелахуновна, Рустембекова Замзагуль Мадияровна, Кусаинова Бакытгуль Тулегеновна, жансақтау бөлімінің мейіргерлері, ШЖҚ «Облыстық кардиологиялық орталық» МКК
Диета №10 – жүрек-қантамыр жүйесінің ауруларымен ауыратын науқастарға тағайындалатын емдік тамақтану түрі. Бұл диетаның мақсаты – жүрек жұмысын жеңілдету, қан айналымын жақсарту, ісінуді азайту және ағзадағы зат алмасу процестерін реттеу.
Диета №10 негізгі принциптері
1. Тұзды шектеу:
• Күніне тұз мөлшері 5-6 грамнан аспауы керек (шамамен 1 шай қасық).
• Асты тұздамай, тағам дайын болғаннан кейін аздап қосқан жөн.
2. Сұйықтық мөлшері:
• Тәуліктік сұйықтық мөлшері 1-1,2 литрден аспауы тиіс (сорпа, шай, су барлығы есептеледі).
3. Майлы тағамдарды шектеу:
• Қаныққан майлар мен қуырылған тағамдардан бас тарту.
• Майсыз ет (тауық, қоян, балық) пен өсімдік майларын тұтыну ұсынылады.
4. Калорияны бақылау:
• Калория мөлшері науқастың салмағына және физикалық белсенділігіне байланысты реттеледі.
• Қант, тәттілер, нан өнімдерін азайту қажет.
5. Көкөністер мен жемістер:
• Ас мәзірінде жаңа піскен көкөністер мен жемістер көп болуы керек. Олар ағзаны калий, магний және талшықтармен байытады.
6. Жіктелген тамақтану:
• Тағамды күніне 5-6 рет аз мөлшерде қабылдау ұсынылады. Бұл асқазанға күш түсірмей, жүректің жұмысын жеңілдетеді.
Рұқсат етілген тағамдар
• Майсыз ет түрлері (тауық, күркетауық, қоян еті).
• Көкөніс сорпалары.
• Пісірілген немесе буда дайындалған көкөністер (картоп, сәбіз, қызылша, асқабақ).
• Тұтас дәнді дақылдар (қарақұмық, сұлы, күріш).
• Майсыз сүт өнімдері.
• Кептірілген нан немесе тұзсыз печенье.
• Жемістер: алма, банан, өрік, шабдалы.
Шектеу қойылатын немесе тыйым салынған тағамдар
• Тұздалған, қақталған өнімдер (шұжық, балық).
• Қуырылған тағамдар.
• Майлы ет және балық түрлері.
• Қатты тұздалған ірімшіктер.
• Консервілер, маринадталған өнімдер.
• Қант мөлшері жоғары тәттілер (торт, кәмпит, балмұздақ).
• Кофе, қара шай, газдалған сусындар, алкоголь.
Диета үлгісі
Таңғы ас: Сұлы ботқасы, бір тілім тұзсыз нан, майсыз айран.
Түскі ас: Көкөніс сорпасы, буда пісірілген тауық еті, пісірілген картоп.
Кешкі ас: Майсыз сүзбе, бір алмұрт.
Ұйықтар алдында: Бір стақан майсыз айран.
Ескерту
Бұл диетаны дәрігердің ұсынысы бойынша ғана ұстанған жөн. Әр адамның денсаулығы мен ағзасының ерекшелігіне қарай диетаны маман өзгертіп бере алады. Дұрыс тамақтану – жүрек саулығының кепілі!