Дерматомикоз – бұл адамдар мен жан-жануарларда кездесетін микроскопиялық таз ауруы – дерматофитке әкеп соқтыратын жұқпалы індет.
Індет ауру адамнан және жануарлардан (мысық, ит, мүйізді мал-жан) жұғады. Ол күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар (тарақ, жөке, киім және т.б.) арқылы, ауру адаммен байланыс орнатқанда, үй жануары және қаңғыбас жануарларды күту кезінде жұғуы ықтимал. Адамдар сонымен қатар, көпшілікке қызмет ететін мекемелерге барғанда (сауна, жасанды су қоймасы, монша, шаштараз, спорт кешендері), жеке гигиенаны сақтамағанда, ауру адамның тарағы, сүлгісі, бас киімдері, аяқ киімі, жөкесі тәрізді жеке заттарын қолдану барысында жұқтырады.
Ауру алдымен терінің бұзылуы (қабыршақтану), тырнақтың сынуы, бастың шаш орналасқан бөлігінің тақырлануы түрінде байқалады. Шаштың түсуі көбіне жас бүлдіршіндерде кездеседі.
Қышыма (чесотка) — тері жұқпалы ауруларының бірі. Оны қышыма қотыр кенесі таратады. Ұрғашысы адамның терiсiне енгеннен кейiн жылдам көбейеді, яғни терiге жұмыртқа салады. Қышыма қотыр адамнан сау адамға жылдам жұғады. Әсіресе отбасы мүшелеріне тез тарайды. Яғни қышымамен ауырған адаммен тiкелей қарым- қатынаста болғанда, сондай-ақ олардың пайдаланған төсек орындарын, iш киiмдерiн, киiм-кешектерiн, сүртінетін орамалдарын, жөкелерiн (мочалка), қолғаптарын, басқа да заттарын пайдаланғаннан жұғады. Сондықтан тиісті тазалық талаптарын сақтау қажет.
Осы аурулардан сақтану үшін:
-Жеке гигиеналық заттарды қолданыңыз;
-Қоғамдық орындарға барып келгеннен соң қолыңызды мұқият сабынмен жуыңыз;
-Қаңғыбас жануарлардан аулақ жүріңіз;
-Үй жануарларын уақытылы мал дәрігеріне көрсетіп, ектіріп тұруды назардан тыс қалдырмаңыз;
-Егер сіздің айналаңызда микоз ауруымен ауыратындар болса, жеке гигиеналық тазалыққа көңіл бөліңіз;
Індетті жұқтырып алған жағдайда не істеу керек:
-Ең алдымен үрейленбеңіз;
-Ауруды ұмытуға тырыспаңыз;
-Өздігінен жазылып кетеді деп қол қусырып отырмаңыз;
-Өздігінен ем жүргізбей, дерматолог-дәрігерге қаралыңыз.
Тазалық – денсаулық кепілі!
Автор: Л.Асылбекова,
Көксу аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысы