17 мамыр — Артериялық гипертонияға қарсы күрестің Дүниежүзілік күні. Бұл жүрек-қан тамырлары аурулары мен мезгілсіз өлімге әкелетін кең таралған және қауіпті факторлардың бірі.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемде 30 бен 79 жас аралығындағы 1,28 миллиард адам гипертониямен өмір сүруде. Алайда олардың шамамен 46 пайызы диагнозы туралы білмейді.
Қазақстанда 2025 жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша, қанайналым жүйесі ауруларының ішінде артериялық гипертензия ең жиі тіркелген – барлық жағдайлардың 47,7 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіштің өсуі скринингпен қамтудың артуымен байланысты.
Аурудың алғашқы кезеңінде симптомдар байқалмауы мүмкін. Дегенмен, емханаларда жүргізілетін қан қысымын өлшеу, ЭКГ және зертханалық зерттеулердің арқасында гипертония ерте сатысында анықталып, ем уақытылы басталады. Қажет болған жағдайда пациент диспансерлік бақылауға алынады.
2024 жылы шамамен 1,9 миллион адам скринингтен өтті. Нәтижесінде 104 мыңнан астам жаңа гипертония жағдайы анықталып, бақылауға алынды.
Еуропалық гипертония қоғамының ұсынымдарына сәйкес, артериялық қысымның мақсатты деңгейі 140/90 мм сынап бағанасынан төмен болуы тиіс. Емдеу әдістеріне өмір салтын өзгерту — тұзды азайту, зиянды әдеттерден бас тарту, физикалық белсенділікті арттыру — және қажет болған жағдайда дәрі-дәрмектерді қабылдау жатады.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды артериялық қысымын үнемі бақылап отыруға, профилактикалық тексерулерден өтіп тұруға және дәрігердің нұсқауларын орындауға үндейді. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алудың және өмір сапасын арттырудың тиімді жолы.