2025 жылғы сәуір айында Атырау қаласында 11 жастағы балаға артроскопиялық әдісті қолдана отырып, бірегей сүйек операциясы сәтті жасалды. Бұл — облыстық деңгейде алғаш рет қолданылған жоғары технологиялы емдеу тәсілі.
Науқасқа «оң жақ жіліншіктің айдаршықаралық бөлігінің сынуы» және «тізе буынына қан құйылу» (гемартроз) диагноздары қойылды. Мұндай жарақаттар, әдетте, күрделі жағдайлар санатына жатады және жедел әрі дәл емдеуді талап етеді.
Артроскопиялық трансоссалдық фиксация — арнайы құралдар көмегімен буынішілік сынуды ішінен бекіту тәсілі. Бұл әдіс жоғары дәлдікті және хирургтың кәсіби шеберлігін қажет етеді. Операцияны Атырау облыстық балалар ауруханасы мен облыстық аурухананың травматологтары бірлесіп жүргізді.
Дәрігерлер зақымданған сүйек бөлігін артроскопиялық бақылаумен мұқият қалпына келтіріп, оны ішкі жағынан бекітті. Бұл тәсілдің басты артықшылығы — тіндерге аз зақым келтіре отырып, баланың тез және толық оңалуына мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бұған дейін мұндай күрделі операциялар тек Астана қаласындағы Ана мен баланың ұлттық ғылыми орталығында ғана жасалып келген болатын. Енді бұл жоғары технологиялы әдіс батыс өңірде де қолжетімді бола бастады.
Бұл оқиға — аймақтық медицинаның дамуындағы маңызды қадам және жоғары мамандандырылған көмектің аймақтарда да табысты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.