Астанада еліміздің үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Жаңалық Медицина в РК

Астана – Медицина қызметкерлері күні қарсаңында еліміздің денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген таңдаулы мамандарды құрметтеу мақсатында Астанада салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында Қазақстанның әр өңірінен келген 68 медицина қызметкері мемлекеттік және салалық наградалармен марапатталды.

Марапаттар қатарында «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет» ордендері, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдары бар. Сонымен қатар, салтанатты жиында «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары да анықталып, кәсіби шеберлік пен жанқиярлық еңбегі үшін дәрігерлер, медбикелер, фармацевтер және денсаулық сақтау саласының өзге де мамандары марапатталды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Қошербаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ермек Қошербаев өз сөзінде медицина қызметкерлерінің күнделікті жанкешті еңбегіне алғыс білдіріп, олардың жоғары кәсібилігі мен адам өмірін сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті.

Қазіргі таңда еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінде 378 мыңнан астам маман еңбек етеді. Оның ішінде шамамен 81 мыңы – дәрігерлер, ал 190 мыңнан астамы – орта медициналық буын өкілдері. Сонымен қатар, салада кіші медициналық персонал, әлеуметтік қызметкерлер, инженерлер мен менеджерлер де қызмет атқаруда.

Министр Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, медицина мамандығының тартымдылығын арттыру және кәсіби ортада қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі шаралар қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы бес айында еліміздің медицина қызметкерлері стационарлық көмек шеңберінде 1,4 миллионнан астам науқасқа көмек көрсеткен, 445 мыңнан аса ота жасалып, 3 миллионнан астам оңалту қызметі ұсынылған. Жедел жәрдем қызметі 2,7 миллион шақыртуға шыққан.

Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан ауылдық жерлерге дәрігер мамандарды тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, тапшылығы жоғары мамандықтар бойынша ауылға барған дәрігерлерге 100 АЕК (шамамен 8,5 млн теңге) көлемінде бір реттік төлем, тұрғын үйге жеңілдетілген несие және жалақы үстемақылары ұсынылуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің қоғамдағы рөлі мен мәртебесіне әрдайым ерекше назар аударады. 2024 жылы Мемлекет басшысы медицина мамандарының әлеуметтік және құқықтық қорғалуын күшейтетін заңға қол қойды. Бұл заң аясында кәсіби сақтандыру жүйесі енгізілді.

Медицина қызметкерлерін марапаттау – олардың адам өмірі мен денсаулығын сақтаудағы жоғары миссиясын тану ғана емес, сонымен қатар қоғам тарапынан көрсетілген алғыс пен құрметтің белгісі. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі – ұлт саулығы жолындағы ерен ерлік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *