2025 жылғы 10 маусымда Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында медициналық тәжірибе тарихына енетін ерекше оқиға тіркелді. Орталықтың дәрігерлері әлемдік практикада бар-жоғы 30 жағдай ғана белгілі аса сирек кездесетін патологияға шалдыққан жаңа туған нәрестеге сәтті операция жасады.
Сәбидің өмірі оның дүниеге келген сәтінен бастап қауіпте болды – нәресте өздігінен тыныс ала алмады. Бет пен мойын тұсында пайда болған көлемі 4х4 сантиметрлік өскін кеңірдек пен жоғарғы тыныс жолдарын басып қалып, тыныс алуын қиындатқан. Баланың әрбір тынысы – өмір үшін күреске айналды.
Жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімінің меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітовтің айтуынша, бала ауыр жағдайда жеткізілген: тыныс жетіспеушілігімен қатар, жүрек-қантамыр және қан айналымының бұзылыстары байқалған. Сәби арнайы инкубаторлы реанимобиль арқылы орталыққа жедел жеткізіліп, жасанды тыныс алу құрылғысына қосылды. Интубация тоқтаған сәтте ол тұншыға бастайтын.
Алғашқыда мамандар бұл өскінді қатерсіз лимфангиома деп болжаған. Алайда диагностикалық зерттеулер – рентген, КТ және МРТ – түзілістің маңызды қан тамырлары мен жүйке талшықтарына әсер етіп жатқанын көрсетті. Өскін жұтқыншақ пен көмейге дейін таралып, шайнау бұлшықеттерін қысып, тыныс жолдарын тарылтқан.
Орталықтың жақ-бет хирургі, медицина ғылымдарының докторы Серік Нұрмағановтың айтуынша, науқастың өмірін сақтау үшін шұғыл операция қажет болды. Дайындық кезеңінде реаниматологтар, неврологтар мен хирургтерден құралған консилиум бірнеше рет жиналып, ота жоспарын егжей-тегжейлі талқылады. Әрбір қадам мұқият жоспарланды.
Хирургиялық топты Серік Нұрмағанов басқарды. Анестезияны қамтамасыз етуге Ұлықпан Әлсейітов, ал ассистент ретінде орталықтың хирургия бөлімінің меңгерушісі, неонаталдық хирургия саласындағы жетекші маман Саматбек Мырзахмет қатысты.
Екі сағатқа созылған күрделі операция барысында түзіліс толықтай алынып тасталды. Сәби алғаш рет өздігінен тыныс алды. Алайда күтпеген жаңалық гистологиялық зерттеу нәтижесінде белгілі болды – өскіннің ісік емес, ми тіні екені анықталды.
Бұл – ұрықтың дамуы кезінде ми жасушаларының бас сүйек қуысы сыртында орналасуынан туындайтын гетеротопиялық ми тіні деген диагноз. Балалар шұғыл көмек орталығының директоры Әлібек Смағұловтың айтуынша, мұндай патологиялар өте сирек кездеседі: көмей-жұтқыншақ аймағында орналасқан гетеротопия барлық жағдайлардың 0,1%-ынан аз бөлігін ғана құрайды. Дүниежүзілік медициналық әдебиетте осыған ұқсас бар болғаны 30 жағдай сипатталған.
Оқиға қайғылы аяқталуы мүмкін еді, алайда операция толықтай сәтті өтті. Сәбидің өмірі ғана емес, денсаулығы да сақталып қалды. Ол енді өздігінен дем алып, ана сүтін емуге үйреніп, жағдайы тұрақталып үйіне шығарылды.
Орталық директорының айтуынша, мұндай жағдайларда пренаталдық диагностика – екінші және үшінші скринингтер – шешуші рөл атқарады. Бет пен мойын тұсындағы түзілістер ерте анықталған жағдайда, дер кезінде жасалған ота баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының тәжірибесінде бұл бірегей оқиға ғана емес. 2024 жылы мұнда түрлі даму ақауымен туған 49 нәрестеге операция жасалса, 2025 жылдың басынан бастап 24 сәби перзентханадан шұғыл хирургиялық көмекке жеткізілген.
Бұл жағдай әрбір медициналық терминнің артында адам тағдыры тұрғанын еске салады. Әрбір сәтті емнің негізінде – дәрігерлердің кәсіби шеберлігі мен жанқиярлық еңбегі жатыр. Қазақстандық дәрігерлер күн сайын жүздеген отбасына үміт пен өмір сыйлауда.