Б.Е. Есеркеева жалпы тәжрибелі мейірбике,
Г.М.Нурпейсова- акушерка, С.К.Аманжолова –фельдшер
ШЖҚ «Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасы» КМК Лесновка ауылдық дәрігерлік амбулаториясы
АИТВ-жұқпасы — адамның иммунитет тапшылығы вирусының лимфоциттерде, макрофагтарда және жүйке тінінің жасушаларында ұзақ жылдар сақталуының нәтижесінде дамитын, иммундық жүйені зақымдайтын жұқпалы ауру. АИТВ инфекциясының өзіне тән шағымдары жоқ.
Ауру біртіндеп басталады. Алғашқы уақытта ауру тұмауға ұқсас белгілерден басталуы мүмкін, сонымен бірге дене қызуының көтерілуі, лимфа түйіндерінің ұлғаюы мүмкін.
АИТВ-инфекциясының 4 клиникалық сатысы бар, бастапқы екі сатысы симптомсыз ағыммен және ұзақ сақталатын лимфоаденопатиямен сиппатталса, 3-4 сатыда басқа да әртүрлі симптомдар мен синдромдар асқына бастайды, соның ішінде тыныс алу жолдарының созылмалы инфекциялары, әр-түрлі дерматиттер, ауыр бактериялдық инфекциялар, герпес, пневмония, туберкулез, Капоши саркомасы және басқалары.
Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырудың негізгі жолдары – бұл мүшеқапсыз жыныстық қатынас, инъекциялық есірткіні пайдалану кезінде (есірткіні тұтынушылар арасында таралған) стерильді емес құралдарды ортақ пайдалану және АИТВ жұқтырған анадан балаға (жүктілік уақытында, босану кезінде және емізу кезінде ана сүті арқылы жұғуы мүмкін). Жұқтырудың басқа жолдары жоқ, сондықтан АИТВ-ны ауа-тамшылы жолы арқылы, қол алысу кезінде, ортақ ыдысты пайдалануда, бассейнде, саунада, жәндіктердің шағуы кезінде, тамақ, жемістер арқылы жұқтыру мүмкін емес.
АИТВ инфекциясын емдеу
АИТВ-ны емдеу мәселесінде заманауи медицина алға жылжып, өз жетістіктерімен қуантады. Осылайша, қазір АИТВ-инфекциясын емдеуге арналған тиімділігі жоғары дәрілік препараттар қолданылуда.
Олар антиретровирустік деп аталады, вирусты ағзадан толық шығармаса да, дегенмен, бұл дәрі-дәрмектер адам ағзасының қанындағы вирустың көбеюін тежейді және АИТВ-ның асқынуына кедергі келтіреді.
Емдеудің арқасында вирус анықталмайтын деңгейге жеткен науқастардың жалпы өмір сапасы жоғарылап, қосымша аурулар мен өлім көрсеткіші төмендейді, және де тиімді емнің нәтижесінде науқастар инфекцияны басқаларға жұқтыра алмайды. Сондықтан, АИТВ инфекциясы анықталған жағдайда тез арада дәрігердің қабылдауында болып, арнайы ем алуды бастаған дұрыс. Соңғы жылдары АИТВ инфекциясының көп жағдайда жыныстық жолмен таралуына байланысты, АИТВ жұқтыру мүмкіншілігін ешкім жоққа шығара алмайды, сондықтан репродуктивті жастағы азаматтар әлеуметті қауіп аймағында тұр.