Балалардағы демікпе: себептері, белгілері, диагностикасы және алдын алу

Педиатрия

Автор: Андешбаева Айдана Ағабайқызы, Жалпы тәжірибе дәрігері ,Қордай аудандық аурухана , Жамбыл облысы

Демікпе – бұл тыныс алу жолдарының созылмалы қабыну ауруы. Ол бронхтардың тарылуына, қабынуына және шырыштың шамадан тыс бөлінуіне әкеледі. Демікпе балалар арасында кең таралған және оларға физикалық белсенділікке, ұйқыға, өмір сапасына кері әсер етуі мүмкін. Ауруды ерте анықтап, дұрыс емдеу арқылы оның асқынуын болдырмауға болады.


Демікпенің пайда болу себептері

Балалардағы демікпе бірнеше факторлардың әсерінен пайда болады. Олар сыртқы және ішкі факторларға бөлінеді.

  1. Аллергендер

Демікпенің басты қоздырғыштарының бірі – аллергендер. Олар баланың тыныс алу жолдарының қабынуына себеп болады.

Тұрмыстық аллергендер:
Үй шаңы, жүн-түк, кенелер, зең саңырауқұлақтары.

Тамақ аллергендері:
Сүт, жұмыртқа, жаңғақтар, теңіз өнімдері.

Сыртқы аллергендер:
Өсімдік тозаңы, химиялық заттар, тұрмыстық химия.

  1. Тұқымқуалаушылық

Егер ата-ананың бірі немесе екеуі де демікпемен ауырса, балада аурудың даму қаупі жоғары. Бұл тұқымқуалаушылық факторымен түсіндіріледі.

  1. Экология

Ластанған ауа, темекі түтіні, өндірістік қалдықтар демікпенің даму қаупін арттырады. Қалалық жерлерде тұратын балалар арасында ауру жиі кездеседі.

  1. Инфекциялар

Тыныс алу жолдарының жиі қабынуы (ЖРВИ, бронхит, тұмау) бронхтардың гиперреактивтілігіне әкелуі мүмкін.

  1. Психоэмоционалдық және физикалық факторлар

Күшті физикалық жүктемелер, стресс немесе қорқыныш жағдайы демікпе ұстамасын қоздыруы мүмкін.

Демікпенің негізгі белгілері

Балалардағы демікпенің клиникалық көрінісі әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оның басты белгілері төмендегідей:

  1. Тыныс алудың қиындауы:
    Бала демалуы ауырлап, ауа жетіспеуін сезінеді. Бұл жағдай көбіне түнде немесе таңертең күшейеді.
  2. Ысқырықты тыныс:
    Тыныс шығарған кезде өкпеден естілетін ысқырықты немесе сырыл дыбысы демікпеге тән белгі.
  3. Құрғақ жөтел:
    Әсіресе түнде немесе физикалық жүктемеден кейін пайда болады. Кей жағдайларда жөтелден кейін аздаған шырыш бөлінеді.
  4. Кеуденің қысылуы:
    Бала кеудесінде қысым немесе ауырлық сезінуі мүмкін. Бұл сезім тыныс алуды одан әрі қиындатады.
  5. Цианоз (көгеру):
    Ауыр жағдайда ерін, тырнақтардың ұштары көгеріп, баланың жалпы әлсіреуі байқалады. Бұл гипоксияның (оттегі жетіспеушілігі) белгісі.
  6. Шаршағыштық:
    Ұстамаларға бейімді балалар физикалық белсенділіктен кейін тез шаршайды, сабаққа зейіні төмендейді.

Диагностика

Демікпені уақытылы анықтау ауруды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Дәрігерлер келесі әдістерді қолданады:

  1. Анамнез жинау:
    Дәрігер баланың тыныс алу жүйесіне байланысты мәселелерін, тұқымқуалаушылық факторларын анықтайды.
  2. Өкпе қызметін тексеру (спирометрия):
    Бұл әдіс бронхтардың тарылу дәрежесін және өкпе функциясының бұзылуын анықтауға мүмкіндік береді.
  3. Аллергиялық сынақтар:
    Арнайы сынақтар арқылы аллергендерге реакцияны анықтайды.
  4. Тері сынақтары:
    Аллергия қоздырғыштарын анықтау үшін теріге жүргізілетін сынақтар қолданылады.
  5. Пикфлоуметрия:
    Бұл әдіс бронхтардың өткізгіштігін күнделікті бақылауға мүмкіндік береді.

Демікпені емде

Балалардағы демікпе толық емделмейтін ауру болғанымен, дұрыс емдеу арқылы оның асқынуын болдырмауға болады. Емдеу келесі бағыттарды қамтиды:

  1. Дәрі-дәрмекпен емдеу

Ингаляторлар (бронходилататорлар):
Олар бронхтарды кеңейтіп, ұстаманы жояды.

Қабынуға қарсы дәрілер:
Тыныс жолдарының қабынуын басады.

Антигистаминдер:
Аллергиялық реакцияларды төмендетеді.

  1. Аллергендерден қорғану

Үйдегі шаңды, жануарлардың жүнін, тозаңды азайту.

Аллергия тудыруы мүмкін тамақ өнімдерін рационнан шығару.

  1. Арнайы тыныс алу жаттығулары

Тыныс жолдарын нығайтуға арналған арнайы жаттығуларды орындау (мысалы, Бутейко әдісі).

  1. Психоэмоционалдық жағдайды жақсарту

Баланың күйзеліс деңгейін төмендету, стресс жағдайларын болдырмау.

  1. Тұрақты бақылау

Баланың жағдайын бақылау үшін дәрігерге жүйелі түрде қаралу.

Демікпенің алдын алу

Демікпенің даму қаупін азайту үшін келесі шараларды қолдану қажет:

  1. Таза ауа:
    Бала ластанған ауадан, темекі түтінінен аулақ болуы тиіс.
  2. Иммунитетті нығайту:

Баланы дәрумендерге бай тағамдармен қамтамасыз ету.

Дене шынықтыру және таза ауада серуендеу.

  1. Инфекциялардың алдын алу:

ЖРВИ және тұмауға қарсы вакцинация.

  1. Баланың эмоционалдық жағдайына назар аудару:
    Күйзеліс жағдайларын болдырмау үшін балаға қолдау көрсету.

Қорытынды

Балалардағы демікпе – бұл ерте анықталған жағдайда бақылауға алынатын ауру. Дұрыс ем мен алдын алу шаралары арқылы бала толыққанды өмір сүре алады. Ата-аналар баланың жағдайына ерекше назар аударып, дәрігердің нұсқауларын қатаң орындауы тиіс. Демікпе ұстамаларын болдырмау – баланың денсаулығы мен болашағы үшін жасалатын ең маңызды қадам.

Балаларымыздың денсаулығы – біздің ортақ міндетіміз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *