Асқазан мен ішек жарасы неден пайда болады?

Uncategorized

Жара ауруы — асқазан мен он екі ішектің кілегей қабатында пайда болып, маусымға байланысты, әсіресе көктем және күз айларында өршіп отыратын созылмалы, қайталамалы ауру.

Ауру пайда болатын себептер:

  1. Helicobacter pylori – ауа тамшылы, сілекеймен, лас қолдармен, жуылмаған көкөністермен ас қорыту жолдарына енетін қатерлі ісік тудырушы микроағза. Жас адамдарда көбінесе жеке бас гигиенасын сақтамаудан, яғни, кеселерден, бір шөлмектің аузынан сусындарды бірнеше адам ішуден енеді. Емделмеген жағдайда хеликобактермен біріккен қатерсіз жара қатерлі ісікке айналады.
  2. Тамақтану режимінің бұзылуы, яғни ащы тағамдар ішу. Оның ішінде соустар, уксус араластырылған корей салаттары және донер, самса сияқты құрғақ тағамдар бар. Сонымен қатар, тамақтану уақытының бұзылуы мен ретсіз тамақтану гастриттің пайда болуы себептерінің біріне жатады.

Бұл ауру 3 үлкен синдроммен көрініс береді. Олар: ауыру, диспепсиялық және астенговегетативті. Жара ауруына нүктелік ауыру тән. Көбінесе науқастар жара орналасқан аймақты нақты, анық көрсетеді. Ауырудың ерте және кеш түрлері болады. Ерте ауыру өңештің асқазанға өтетін жеріндегі жарада болады,тамақ ішкеннен кейін 10-15 минуттан кейін басылады. Бұл жердегі жара қатерлі ісікке айналуға бейім келеді. Өйткені, асқазанның жоғарғы 1/3 өңеш эпителиімен төселген. Ауыру сезімінің басылуы желінген тағам жара аймағына келіп асқазанның қышқылдылығын нейтралдауымен  (азайтады) байланысты. Асқазандағы жара тамақтан кейін 30 минут-1 сағатта, асқазанның он екі елі ішегіне өтетін жеріндегі жарада ауру тамақтан кейін  1 сағат-1,5 сағатта, он екі елі ішек жарасы тамақтан кейін 1,5-2 сағатта басылады. Науқастар ауыру сезімі мен күйдіру сезімін аштықпен байланыстырса, ауыру тамақ ішкеннен кейін азаяды. Сондықтан науқастар ауыру пен күйдіру сезімін басып, өзіне қолайлы жағдай туғызу үшін тағамды ретсіз, мезгілсіз қабылдауға мәжбүр болады.

Диспепсиялық шағымдарға өңеш бойының күйдіріп ауруы, ауызға ащы дәмнің келуі, құсу мен жүрек айнуы жатады. Бұл шағымдар асқазан мен ішектің перистальтикасының бұзылуымен байланысты. Өңештің асқазанға өтетін жеріндегі қысқыш бұлшық ет тамақ ішкеннен кейін жабылуы керек. Ішек қозғалысы бұзылғанда ол толық жабылмай, асқазан ішіндегі орта өңешке қарай құйылып күйдіру сезімін тудырады.

Есіңізде болсын!

1.Жоғарыда келтірілген симптомдар көрініс бере бастағанда дереу дәрігерге көрініңіз.

2.Асқазаныңыз қыжылдап, күйдіру сезімі мазаласа, асқазан сөлін нейтралдап, қышқылдығын басатын Ренни, Гастрал, Фосфалюгель, т.б дәрі-дәрмекті қолданбаңыз. Олар хеликобактерді жою үшін бөлінген қышқыл сөлді нейтралдап, микроағзаны қышқылдан қорғап, оның көбеюіне жол ашады. Дәрігерге көрініп ФГДС-тен өтіңіз. ФГДС — асқазан мен он екі елі ішек жарасын тексеретін құрал, сенімді әдіс.

3.Егер сізде Хеликобактер пилори анықталса, үштік және төрттік ем қолданылады. Бұл емдеу үлгісі микроағзаны эрадикациялауға (жоюға) бағытталған.Үштік емнің құрамына екі антибиотик, бір қышқылдылықты басатын препарат кіреді: омепразол +амоксициллин+метронидазол.

Ал төрттік емге осы көрсетілген қатарға Де-нол қосылады: омепразол+амоксициллин

+метронидазол+Де-нол. Антибиотиктерге тұрақтылық пайда болмас үшін амоксициллин мен метронидазолды кларитромицин және тетрациклинмен алмастыруға болады. Асқазан мен ішек қозғалысын қалпына келтіретін мотилиум немесе домперидон кешенді емнің құрамына кіреді.

Автор: Бекботаева Ақмаржан Өтегенқызы

Гкп на Пхв Сб п.Достық

Жалпы тәжірибелі медбике

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *