Астанада жалпы практика дәрігерінің денсаулық сақтау жүйесіндегі рөлі талқыланды

Жаңалық Медицина в РК

2025 жылғы 10 маусымда Астана қаласында Халықаралық отбасылық дәрігер күніне арналған «Жалпы практика дәрігері – медициналық-санитариялық алғашқы көмектің көшбасшысы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жалпы практика дәрігерлерінің қоғам қажеттіліктеріне жедел әрі сапалы жауап беретін алғашқы медициналық көмектің негізгі буыны екенін атап өтті. Министр қазіргі таңда елімізде шамамен 6000 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымы жұмыс істейтінін және олардың 80%-дан астамында жалпы практика дәрігерлері қызмет атқаратынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін жалпы практика дәрігерлеріне тіркелген учаскелердің үлесін 100%-ға жеткізу мақсаты қойылған. Бұл денсаулық сақтау жүйесінде отбасылық қызмет көрсету қағидатын толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова өз сөзінде алғашқы медициналық көмекті дамыту тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлемдік денсаулық сақтау жүйесі үшін стратегиялық маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, жалпы практика дәрігерлері бүгінде халықты медициналық көмекпен қамтудың негізгі бағыттаушыларына айналып отыр.

Конференцияның басты мақсаты — отандық және халықаралық тәжірибелер негізінде науқастармен жұмыста жаңа әдістер мен технологияларды пайдалана отырып, көпқырлы маман ретіндегі жалпы практика дәрігерлерінің мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру болды.

Іс-шара аясында сарапшылар ғылыми баяндамалар жасап, тәжірибе алмасып, алғашқы медициналық көмекті дамытудың маңызды бағыттарын талқылады. Олардың қатарында:

  • алғашқы медициналық көмектің тиімділігін арттыру,
  • жалпы практика дәрігерлерінің қызметін жетілдіру,
  • денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру мәселелері,
  • дәрігерлердің жұмысына заманауи ақпараттық технологияларды енгізу,
  • медицина қызметкерлерін ынталандыру тетіктері,
  • ТМККК және МӘМС аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бар.

Конференция барысында еліміздің әр өңірінен келген 48 үздік жалпы практика дәрігері салалық марапаттарға ие болды. Олардың ішінде «Еңбек ардагері», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды.

Іс-шара онлайн және офлайн форматта өтті. Жалпы қатысушылар саны 400-ден асты. Қатысушылар арасында Парламент депутаттары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, ведомстволық ұйымдар, медициналық мекемелердің басшылары мен дәрігерлері, кәсіби қауымдастық мүшелері болды.

Бұл конференция еліміздегі алғашқы медициналық көмек қызметін дамытуда маңызды рөл атқарып, жалпы практика дәрігерінің қоғамдағы орнын айқындауға бағытталды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *