Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Мұрағат- құнды деректер қоймасы


4 декабря 2017, 10:52 | 1 252 просмотра



Тұңғыш Президент күні қарсаңында Талдықорған  мемлекеттік  мұрағаты күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Осы  салтанатты жиынға  Алматы облысы әкімінің  бірінші орынбасары Л.Тұрлашов,  Талдықорған қаласының әкімі Б. Қарасаев,  Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен мұрағат ардегерлері, жеке тектік қор иелері қатысты.   Облыс әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашов, « Өңіріміздің  өткен тарихын  көз алдымызға келтіріп, болашаққа қызмет жасайтын архив. Архивтің ел өмірінде алар орны ерекше. Биыл Талдықорған мемлекеттік архиві орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, үлкен жұмыс атқардық» — деп атап өтті.

Заманауи үлгіге сай 1976 жылы салынған ғимаратқа   биыл күрделі жөндеу жұмысы жасалды. «Компания Строй-Индустрия» ЖШС  құрылысшылары жөндеу  ісіне атсалысып, 81 млн, теңгені игерді. Нәтижесінде,  төрт қабатты  ғимараттың іші белгіленген мерзімде аяқталды. Күрделі жөндеуден өткен жаңа нысан заманауи қызмет көрсетуге ыңғайлы жабдықталды.

Мұрағат- тарихтың қоймасы, шежіресі. Айтар болсақ, 1944 жылдың 15 наурызында Талдықорған облысы құрылды. Осыған байланысты Ішкі істер халық комиссариатының басқармасына кіретін архив бөлімі құрылды. Ал 1946 жылы ақпанда Талдықорған облысының мемлекеттік мұрағаты Талдықорған қаласында да жұмысын жандандырды. Бірнеше рет атауы өзгергенмен, оның халық үшін атқаратын жұмысы ретімен  жүргізіле берді. 2016 жылдан бері «Талдықорған мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді.

Талдықорғандағы  архивтің мемлекеттік сақтаудағы құжаттар- 4 арнайы архивтік қоймаға қойылған  690 қорда- 245943 іс көздің қарашығындай қорғалуда.    Бұл мекеменің  мемлекеттік сақтауында сонау  өткен ХХ –ХХІ ғасырдан сыр шертер дерек қорлар  жетерлік.  Мәселен, 1850-1918 жылдардағы Жетісу өлкесіндегі шіркеулердегі туу туралы акті жазбаларының кітаптары, 1917-1918 жылдардағы Кеңес билігінің (өкіметінің) құрылу кезеңіндегі құжаттар бар.

Оқу залының жұмысы архивте маңызды орын алады.  Талдықорған қаласының, облыстық партия және комсомол ұйымдарының құжаттары (1923- 1991 жылдар.) өз кезегінде зерттеушілердің қызығушылығын    туғызады.

Архивте бұл құжаттар бойынша мемлекеттік сақтауда 82 187 іс, 63 қор бар.

Құжаттар Жетісу өңіріндегі 20-шы жылдардағы сан қилы оқиғалар мен іс-шаралардан бастау алып, Кеңес үкіметінің құлауы, коммунистік партия мен комсомолдың тарауына дейінгі деректерден тұрады.

Ғылыми-анықтамалық аппараттық жүйе: тізімдер, қорларға тарихи анықтамалар, сілтеме, мекемелердің тарихы туралы картотека, ақпараттық анықтама қоры 1679 кітаптан, кітапшалардан, журналдардан тұрады.

Иә,  енді бір сәт тарихқа көз салар болсақ, Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.

1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданды. Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді. Осыған байланысты мұрағат қорында сақталған құжаттар негізінде жылжымалы көрме жасалды. Ол көрмені қалың жұртшылық С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханадан тамашалай алады.

Қазіргі таңда  245 мыңнан астам қордың 30 пайызы латын қарпінде сақталып қалған. Тарихи мұрамызды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған мұрағаттың жұмысы ұшан-теңіз. Бүгінде архив саласында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде  электронды құжат айналымын дамытуға байланысты істер қолға алынуда.Яғни, электронды архив жүйесі арқылы мемлекеттік сақтаудағы аса құнды құжаттардың парағы сандық форматқа көшіріледі. Нәтижесінде, архив қызметкерлері құжаттарды тиімді сақтап, оңай іздеп таба алады. Сонымен қатар, архивте Е-Акимат жүйесі де маңызға ие. Электронды сандық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болса «Электронды үкімет порталы» арқылы кез келген азамат электронды өтініш беріп, өз анықтамасына оңай қол жеткізеді.

Елбасының «Болашаққа бағдар-Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер»  бөлімі аясында Жетісу өлкесіндегі Талдықорған қаласының тарихына зерттеу жұмыстарын жүргізуде жергілікті ғалымдар мемлекеттік архивтің құжаттарын қолдана отырып көптеген еңбектерді жарыққа шығарды. Соның дәлелі 2012 жылы Талдықорған қаласы әкімінің қолдауымен жарық  көрген «Тарихы терең Талдықорған» кітап-альбомдағы мәліметтердің басым бөлігі мемлекеттік архивтен алынды.

Сонымен қатар, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы этнос өкілдерінің тарихы туралы болмақ. Өткен өмір жолдары ел тарихымен етене тығыз байланысты  Қазақстандағы әйгілі азаматтардың өмірлерін зерделеудегі зерттеушілердің сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында, сан жылдар бойына архив саласында бұл жұмыс түрі —  танымал тұлғалардың жеке құжаттары бойынша жеке тектік қор құжаттарын жинақтау негізінде жүргізілді.

Жеке тектік қорлардың құжаттары, отбасылық мұрағаттық қорлар – ол биографиялық құжаттар, қызметтік, қоғамдық мәліметтер,, сурет материалдары, ғылыми және шығармашылық құжаттардан тұрады.

Мәселен, елімізге  белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің жеке қорлары, яғни Социалистік Еңбек  Ерлері, даңқты колхоз төрағалары, КСРО Жоғарғы Кеңесі, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі және жергілікті кеңес депутаттарының, еңбек және соғыс ардагерлерінің, құрметті азаматтардың, ауылшаруашылық, білім беру мен мәдениет саласы қызметкерлерінің, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан азаматтардың құжаттары сақталып отыр.

Майра  Байденова, архив директоры:-  Ғимаратымызға  биыл күрделі жөндеу жұмысы жасалып, жаңарды. Өте қуаныштымыз.  Елбасымыз атап өткендей, «ұлттық кодты» сақтап, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді насихаттауымыз  керек. Архив- тарих айнасы. Мұнда  жүздеген жылдар бойы сақталып келе жатқан мемлекеттік  құжаттар бар. Сарғайып кеткен қағаздың әрқайсысында сыр тұнған.

Талдықорған мемлекеттік архивінің мамандары тарапынан архив құжаттарын көпшілікке насихаттау жұмысы жүйелі түрде   атқарылуда. Құнды құжаттарының негізінде басылым беттеріне мақалалар жазып, көрмелер әзірленді. Студенттер мен оқушыларға дәстүрлі түрде жыл бойына «Архивтік мұра» атты арнайы сабақтар өткізіліп, экскурсиялар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, «Есте қалатын,айтулы күндердің күнтізбесі» негізінде  әдеби патриоттық кештер, дөңгелек үстелдер  дәстүрлі өткізіледі. Атап айтсақ, үстіміздегі жылы Көксу ауылшаруашылық техникумының құрылғанына -85 жыл,  Корей музыкалық драма театрының  85 жылдық мерейтойына,  Текелі қаласында орналасқан «ҚазЦИНК» АҚ кен-байыту комбинатының 80 жылдығына, Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 45 жылдығына орай ынталы ақпарлар дайындалды,-дейді  бізбен сұхбатында.

Елбасы атап өткендей өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама азаматтарымыз туралы мәліметті жинақтап, жастарға үлгі ұсынуымыз үшін архив саласында да әлі талай істер атқарылатыны анық.Тарихтың мол қойнауынан сыр шертер мұрағаттың мұрасы әлі де талай ұрпаққа сусын болары сөзсіз.