Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Көшбасшы өнегесі


4 декабря 2017, 04:37 | 1 980 просмотров



Қазақ елінің Тәуелсіздігінің негізін қалап, қалыптастыру мен нығайту жолындағы тарихи миссия еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тікелей байланысты. Олай дейтініміз, мемлекеттілігіміздің негізін салушы ұлы тұлға өзінің сындарлы саясатының, көрегендігі мен біліктілігінің арқасында елдігімізді көркейтуге бар күш-жігерін салып, көптеген әлемдік деңгейдегі жұмыстардың бастамашысы болумен қатар, барлық қазақстандықтардың, сондай-ақ Халықаралық қауымдастықтың құрметіне ие болды. 

Еліміздің бағына туған Нұрсұлтан Назарбаев өз халқына қашанда асқан жауапкершілікпен қызмет етіп келеді. Арғысын айтпағанның өзінде еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері әр кезеңдерде саяси-экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүзеге асырып, Қазақстан халқының болашаққа нық қадам басуына себепші болып жүр.Қазіргі Қазақстан қоғамының қай саласына болмасын көз жүгіртсек, түбегейлі өзгерістерді, жаңа белестерге жетелеген жобаларды, қажырлы ұмтылыстарды көреміз. Білім мен ғылымда, экономика мен әлеуметтік салаларда, халықаралық қаты­настар мен сыртқы саясатта діттеген межеге жетіп, ендігі көздегеніміз бәсекеге барынша қабілетті елдер қатарынан көріне білу.Амандық болса, шамалы күндерден кейін Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығын тойлағалы отырмыз. Міне, содан бері қаншама белестерді бағындырдық. Президентіміздің парасаттылығының арқасында Семей полигонының құлағы тыншыды, көрші мемлекеттердің барлығымен Мемлекеттік шекарамыз шегенделіп болды. Сарыарқаның төрінен айбынды астанамыз Елорда бой көтеріп, бүгінде айшықты Астана қаласы әлемге танымал. Ұлттық валютамыз айналысқа енгізіліп, экономикалық тұрақтану жолға қойылды. Тәуелсіз еліміз Тұңғыш Президенттің саяси тұғырнамасының негізінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Ислам Конференциясы ұйымынаТөрағалық етіп, тарих беттерінде дәйектелді.Тіпті, еліміздің жасампаз жолындағы жақсылық істерді санап бітпейсіз. Лайым ол мәңгілік солай болғай, қуанышты, мерейімізді тасытар сәттер елімізде көп болсын.Елдіктің мерейін асқақтатар Тұңғыш Президент күні қарсаңында қауіпсіздіктің қалқаны – Ұлттық ұланымыздың Мемлекет басшысының тікелей қамқорлығының арқасында еңсерген еңселі жолын атап өткеніміз жөн.Егемен еліміздің қорғаны Ұлттық ұланның жауынгерлік тарихының жылнамасы сонау тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан Рес­публикасы ІІМ Ішкі әскерлері туралы» Жарлығының шығуынан бастап жазылады.Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында елдің ертеңі мен қауіпсіздік қамы үшін бұл қабылданған реформалық шаралар бағамының тарихи құндылығы өз алдына айтпаса да түсінікті. Өйткені азат мемлекет ретінде өз отауын өзі көтеріп, түрен жолын тыңнан салған есті елдің ең бірінші қамдар ісі де халқының тыныштығы, құқықтық тәртіптің сақталуы, әділеттілік пен конституциялық талаптардың үстемдік құруы болып табылды. Осы жолда Елбасының салиқалы саясаты­ның арқасында еліміз тоқсаныншы жылдар­дың соқтықпалы-соқпақсыз ауыр кезең­дерінде етең-жеңін жинап, дамудың даңғыл жолына түсе алды. Заман өзгерді, ел түледі, қазақ елі көркейді. Мұның барлығы да әрине, оңай келген жоқ. Ұлтты ортақ игілікке ұйыту, ел бірлігін сақтау, тыныштықты қамдау, өндірістегі өркенді істерге жол ашудың барлығы да елін сүйе білген, елдікті бекемдей білген Ұлт көшбасшысының ерен еңбегінің жемісі.Жылдар жылжып, заман ұсынған жаңа талаптарға сай болу үшін мемлекеттік органдарға, оның ішіндегі күш-қуат құрылымдарына да жаңа міндеттер жүктелді. Әрине, оның барлығы да халқымызды бүгінгі күннің өзінде дүбірлі дүниені дүр сілкіндіріп отырған лаңкестік, экстремизм, қару-жарақ саудасы, есірткі трафигі сынды адамзатқа төнген ортақ қауіп-қатерлерден қорғану үшін жасалған нақты қадамдар болып табылады. Осының аясында 2014 жылы «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы» Заң қабылданып, Ішкі әскерге Ұлттық ұлан мәртебесі берілді. Тыныштықтың тұғырында тұрған күш-қуат құрылымына Заң аясында жаңа арнайы міндеттер жүктелді, қызметтің нақты тармақтары мен мақсаттары айқындалды, әскери құрылымның мәртебесі жоғарылатылды.Елбасы, Қазақстан Қарулы Күш­терінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұстан бастап-ақ еліміздің қорғаныс саласына айрықша назарын аударып, қуатты Армиямызды құруда жеке қамқорлық пен ұдайы бастамашылық танытып келеді. Оған Мемлекет басшысының осы жылдар аралығында тікелей тапсырмасымен офицерлік құрамды білікті мамандармен жасақтау, әскерді басқару жүйесін жетілдіру, заманауи қару-жарақ үлгілерімен қамтамасыз ету, мұнан өзге материалдық-техникалық базасын жетілдіру бойынша жүргізілген ауқымды реформалық жұмыстар нақты дәлел.Осы орайда тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының басшылығы тарапынан әскеріміздің әлеуетін жетілдіру бойынша атқарылған ауқымды істерді тізбектесек талай кітапқа арқау болары сөзсіз.2013 жылы әскерді басқару тетігі жаңа замандық жүйеге көшіріліп, бұрынғы бригадалық қалыптан еліміздің төрт өңірінде басқарылатын өңірлік қолбасшы­лық жүйесі негізінде құрылды.Әскери мамандарды дайындау мен әскери қызметшілердің кәсіби біліктілігін арттыру қорғаныс жүйесін жетілдірудің басты басымдықтарының бірі. Бұл бағытта да жылдар бойы еңселі еңбек атқарылды. Мәселен, 1997 жылы Елбасы­ның Жарлығымен құрылған Петропавл әскери училищесі бүгінде Әскери институт мәртебесіне көтеріліп, халықаралық деңгейде кадр даярлайтын бірегей оқу орнына айнала білді. Қазір мұнда бауырлас Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің азаматтары да әскери білім алуда.Әр істің сәтті болуы, қорытындысының сәтті аяқталуы да оның басшысынан деп білсек, елдің дамуы, жақсы тұрмыс кешіп, өркениетте өмір сүруі де әрине елін бастаған Көшбасшыдан екені аян. Олай болса, Қазақ елінің осындай аз уақыттың ішінде әлемге танылып, бақуатты, дамып, көркейген мемлекетке айнала білуі елін шексіз сүйе білген Елбасының арқасы десек өте орынды айтқанымыз. Яғни елдің бағы Елбасыдан. Біз бұл тұрғыда жолымыз болған елміз.

Қайрат АҚТАНОВ, генерал-майор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы