Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУ – ҚҰРМЕТІМІЗ...», - дейді Есік қаласы денсаулық саласының қызметкерлері


7 июня 2010, 14:46 | 1 902 просмотра



«ЖӘРДЕМ» АПТАЛЫҒЫ ЕСІК ШАҺАРЫНДА

Бүгінгі біздің кейіпкер Еңбекшіқазақ аудандық «Емхана» МҚКК директорының амбулатория – емханалық жұмыстар жөніндегі орынбасары Айгүл Мұхтарқызы Жақсылықова. Әңгімемізді емдеу мекемесінің жұмысынан бастағанды жөн саналық.

- Аудан халқының саны 140 мыңнан асады -, деп бастады әңгімесін Айгүл Мұхтарқызы. – Шелек өңірін қосқанда аудан көлемінде 40 ауылдық – дәрігерлік амбулатория, 4 емхана халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Жалпы, емдеу мекемелерінің жұмысы ауыр да сонысымен өте жауапты дер едім. Кейбір медицина мекемелеріне дәрігер мамандары жетіспейді. Емдеу орындарының материалдық-техникалық базасына әлі де болса мемлекет тарапынан жанды көмек қажет.

Әлбетте, саладағы өзіндік қиындықтарға қарамай, ауданымыздың ақ желеңді абзал жандары халықтың денсаулығын сақтау бағытында аянбай еңбек етуде. Бүгінгі таңда негізгі бес бағытта жұмыс жасаудамыз. Біріншісі, ана мен баланың денсаулығы, екіншісі – ана мен сәбидің өлімін болдырмау. Онкологиялық және ересек адамдар арасында (жас ерекшеліктеріне қарай) қан қысымы, қан айналымы сияқты ауруларды ерте бастан анықтау. Міне үш жыл қатарынан алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Жұқпалы ауруларды болдырмау, дер кезінде анықтап, емдеу сияқты істер де өзінің оң нәтижесін бере бастады. Бұл жұмыстарда ауданымыздың емдеу мекемелеріндегі учаскелік медбикелерінің еңбегі айтарлықтай. Мақсатымыз – жоғарыда атап өткен аурулардың кең таралмауына, уақытында сапалы ем қолдану арқылы, әрбір науқасты қатарға қосу.

-Айгүл Мұхтарқызы, өзіңіз білесіз ағымдағы жылдың алғашқы күнінен бастап Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі еліміздің 75 мемлекеттік емдеу мекемесіне қазыналық кәсіпорындар мәртебесін берді. Яғни, аталмыш мекемелер бүгінде Бірыңғай ұлттық денсаулық жүйесі бойынша жұмыс жасауда. Тәжірибелі маман-дәрігер ретінде салаға осы жаңалық қандай жақсылық әкелді?

-Жаңа жүйені енгізу Алматы облысының әрбір тұрғынына өз еркімен, тілегімен дәрігерді және емхананы таңдап алуға мүмкіндік алды.Негізінен алты бағытты қамтыған Бірың-

ғай ұлттық денсаулық жүйесінің оңды жақтары баршылық. Егерде науқастан кейінге қалдыруға болмайтын жай – күй анықталса, оған дереу амбулаториялық-емханалық жедел медициналық қызмет көрсетіледі. Мына бір жайды айта кетейін, егерде науқас адам таңдаған стационарда бос төсек орын болмаған жағдайда, емдеуші дәрігер сол адамның таңдауына қарай басқа емдеу орнын ұсынады.

Бағдарламада халыққа тегін медициналық көмектің кепілділігі жан-жақты қарастырылған. Міне, алты ай уақыт өтті. Жаңа бағдарлама медицина саласына етене енді. Емдеу мекемелері, емдеуші дәрігер, жалпы халық соны байқады. Ұтымды жолдарын көрді. Тиімсізін де аңғарды.

- Емханаларды дәрі – дәрмекпен қамтамасыз ету жағдайына тоқталып өтсеңіз.

-Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін ірілі-ұсақты фирма өкілдерімен хабарласқаныма жаңа ғана өзіңіз куә болдыңыз. Тендер өтті. Дәрілермен қамту мәселесі жолға қойылды. Денсаулық сақтау министрлігінің №446 – шы бұйрығымен жұмыс жасағандықтан, жеңілдікке ие науқастарға дәрі тегін бөлінеді. Сондай-ақ, аталған бұйрыққа сәйкес жекелеген ауруларға берілетін дәрі-дәрмек те тиісті тізім бойынша таратылады.

- Аудан емханасының жұмысы жайлы бірер сөз.

- Емхана жұмысы қалыптасқан, бір арнаға түскен десе де болады. Медицина саласына енгізіліп жатқан жаңа реформалар негізінде халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетудеміз. Тәжірибелі мамандар, білімді де білікті дәрігерлер мен орта буын медбикелер ұжым-

ымыздың мақтанышы. Дей тұрсақ та, терапевт, невропотолог, эндокринолог дәрігерлері қажет-ақ. Зейнеткерлікке шыққан ақ халатты апайларымыз бен ағаларымыз әлі де қатардан қалыспай жұмыс жасауда. Бұларды тәлімгер-ұстаздарымыз деп те мақтан тұтамыз. Өткен жылы 3 жас маман келді. Аз уақыт ішінде өздерін жақсы қырынан танытты.

- Айгүл Мұхтарқызы, Биылғы жыл аудан медицина саласына қуанышты хабар әкелгелі тұр дегенді естідік. Ол қандай қуаныш?

- Аудан орталығы Есік қаласында соңғы үлгідегі жаңа аурухана жыл соңында пайдалануға берілмек. Ғимарат үш қабаттан тұрады. Мұнда аурухана, стационар, емхана орналаспақ. Барлық бөлімдер күн талабына жауап беретін медициналық құралдармен жабдықталады. Компьтерлендіріледі. Жаңа емдеу мекемесі барлық проблемаларды шешеді деп үміттенеміз. Өткен жылда ауданымызда бірнеше емдеу мекемелері ашылып, жұмыс жасай бастады. Бұрынғы фельдшерлік-акушерлік қосындар ауылдық аурухана деген мәртебеге ие болды. Бұл аудан халқына сапалы медициналық қызмет көрсету ісін жақсартты. Материалдық-техникалық базаның нығаюына жол ашты. Кадрлармен қамтамасыз ету проблемасын біршама шешті. Аудан медицина саласының қызметкерлері халық денсаулығы күзетінде аянбай еңбек ете бермек. Оған жағдай да мүмкіндік те бар, жасалып жатыр.

- Еңбектеріңізге жеміс тілей отырып, салиқалы әңгімеңізге рахмет дегіміз келеді.

Айгүл Мұхтарқызы ЖАҚСЫЛЫҚОВА: Семей өңірі Көкпекті ауылының тумасы. 1984 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын офтальмолог-терапевт мамандығы бойынша бітірген. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы емдеу мекемелерінде жұмыс жасаған 1995 жылдан бері Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы емханада қызмет атқарады.

Автор:
Ырысбай КЕНЖЕБАЙҰЛЫ, Есік қаласы.