Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Қазақ эстрадасының аңызы


27 октября 2017, 04:06 | 2 199 просмотров



Биыл 1970 жылдары қазақ өнерінің көгіне жасындай жарқ етіп шығып, ұлт рухын асқақтатқан әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына – 50 жыл. Жарты ғасыр бойы тыңдарманның құлақ құрышын қандырып келе жатқан ансамбльге деген халық сүйіспеншілігі әлі күнге дейін толастар емес. Соның айқын дәлелі – жақында Атырауда қала күніне орай пайдалануға берілген жаңа мəдени нысан – ретро-саябақта «Дос Мұқасан» ансамбліне арнап ескерткіш ашылуы. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен Жайық өзенінің жағалауынан орын тепкен, өткен ғасырдың 50-жылдарындағы неоклассикалық стильде жасалған саябақта өткен салтанатқа ансамбль мүшелері арнайы келіп қатысты. «Қазақ эстрадасының аңызы» атанған топ мүшелерін оқырмандар атынан мерейтойларымен құттықтай отырып, кезінде ансамбльдің мүшесі болған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық Жаратылыстану академиясының академигі, философия ғылымының докторы, профессор, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті ректор аппараты басшысының орынбасары Ұлықпан Сыдықовтың жүрекжарды лебізін жеткізгіміз келеді.

– Ұлықпан Есілханұлы, «Дос-Мұқасан» феноменінің сыры неде?– 1960 жылдар қазақ елінің қиын жылдардан кейінгі бары мен жоғын түгендеп, оң-солына қарай бастаған кезі болатын. Бұған хрущевтік «жылымық» та әсер етті. Қуғын-сүргін жылдары жазықсыз қудаланған арыстарымыз ақталып, халық өзінің тарихына үңіле ­бастады. Бұның бәрі ұлт рухының жаңа сипатта жандануына бағыт берді. Сонымен бірге бұған мүлде қарама-қайшы – «коммунизм орнаған кезде ұлт­қа бөліну болмайды, біртекті ­совет халқында бір ғана мәдениет болуы тиіс» деген кереғар үдеріс арқылы ұлттық ерекшеліктен, дәстүрден, тарихтан, тіл мен ділден ажырату үздіксіз жүріп жатты. Сол тұстағы билікті тұтастай өз қолына шоғырландырған тоталитарлық жүйенің социализмнен тыс елдерге теріс көзқараста болғаны мәлім. Шетелдік атаулыны жоққа шығару, сұрқайлық, біртектілік жайлап, даралықты, дарын­дылықты көрсету жағы шектелді. Генетика сияқты ғылымдар шеттетіліп, тектілік, атадан балаға берілетін қасиеттер жоққа шығарылды. Шетелде пайда болған кибернетика ғылымы да жат саналды. Оқшаулану саясаты шетелдің музыкасы, әдебиеті мен өнеріне тыйым салды. Міне, осындай үш түрлі үдеріс тоғысқан кезде қайшылықтан шығудың жолып тапқан – «Дос-Мұқасан» ансамблі болатын. «Дос-Мұқасанның» феномені осында.Топтың қалай құрылғаны көпшілікке белгілі. Политехникалық институттың «электронды есептеу машиналары» мамандығына оқуға келіп түскен мен қазақ мектебін бітірген жалғыз студент болып шықтым. Барлығы – қаланың балалары. Ал автоматика мен телемеханикада бірнеше қазақ жігіті оқыды. Досым Сүлеев, Мейірбек Молдабеков, Мұрат Құсайынов, Шәріп Омаров, бәріміз жатақханада бірге тұрамыз, дәрісте де бірге отырамыз. Осы талантты жігіттердің басып қосуға ұйтқы болған бізден 5-6 жас үлкен, комсомол комитетінің басшысы Хамит Санбаев болатын. Мен алыс түкпірден қазақ мектебін бітіріп келгем, бұйығымын. Елді, қазақылықты сағынамын. Мұрат ағып тұрған домбырашы екен, алғаш тыңдағанда-ақ ерекше бір жылуымен баурап алды. Осылай табысып кеттік.Ансамбльдің тұсауы 1967 жылы 1 тамызда Баянауылдағы Торайғыр деген совхозда кесілді. Күзде оқуға қайтып келгеннен кейін енді ары қарай қандай бағыт ұстанамыз деген мәселе көтерілді. ­Сонымен, барлығымыз ақылдаса келе, біз өз өрнегімізді табуға тиіспіз деген шешімге келдік. Ол өрнек қайда – сан ғасыр бойы ұлттың бойында қалыптасқан, ананың сүті, әкенің қанымен сіңген төл өнерімізде. Ақыры өзіміз электроника маманымыз, төл өнерімізге жаңа аспаптармен жаңа әуен, ырғақ берсек, заманмен үндестіре алсақ деген шешімге тоқтадық. Түрлі байқаулар мен хабарлар арқылы ансамбльдің өнері көзге түсіп, танымал бола бастады. «ҚазПТИ көктемі» деген студент жастардың фестивалінде «Ғашықтық», «Әсем жұлдыз» деген әндерімізбен 2 жыл қатарынан бас бәйгені иелендік.Мен бір қызға ғашықпын,Талшыбықтай бұралған.Жалыны билеп жастықтың,Көре алмай оны тұра алман, – деп келетін ол әндер әлі күнге дейін айтылып жүр. 1973 жылы тамыз айында Берлинде өткен дүниежүзі студент жастарының 10-шы фестивалінде «Дос-Мұқасан» «Той жыры» әнімен алтын медалді жеңіп алды. Сол күннен бастап абыройы асып, мәртебесі биіктеп кәсіби деңгейге көтеріліп кетті.– Ансамбль мүшелері өнерде ғана емес, ғылымда да үлкен жетістікке жетті. Барлығы қазақ ғылымының мүйізі қарағайдың бір-бір тұлғасы. Ғылым мен өнерді тоғыстыру қиын емес пе?– Жалпы ғылым мен шығарма­шылықтың түп-тамыры бір, егіз деуге болады. Біріншіден, бұл бойдағы талант, қасиет, тектілік, екінші, оны жарыққа шығаратын тынымсыз еңбек, үшіншіден, ерекше тәртіп. «Дос-Мұқасаннан» 5 ғылым докторы, 4 академик, 7 ғылым кандидаты шықты, елші, министр, әкім болғандары бар. Біз сабақты өте жақсы оқыдық. Мейірбек екеуміз лениндік стипендиат атандық. Ансамбльдің атағын пайдаланып бір мұғалімнен баға қойып бер деп сұраған емеспіз.Ғылымдағы жеткен жетістігіміздің басты себебі – тәртіп пен жауапкершілік. Бірде Алматының маңайындағы «Қызылқайрат» деген ауылда концерт қойып түн ішінде «Пазик» автобусымен жатақханаға қайттық. Таңертең бәріміз сабақта отырдық. Мен 2 курста философиядан жазған «Ой жүйесін модельдеу» деген ғылыми баяндамам одақ бойынша өткен байқаудан бәйге алды. Сол кейін менің философияға кетуіме түрткі болды. Бізде өзара сыйластық, уақытты бағалау басты орында еді. «Әй, Шәріп, сен 5 минут кешіктің ғой» деген емеспіз. Әлі күнге дейін арадағы ынтымақ пен бірліктің арқасы болар, балаларымыз да бірімен бірі дос, туыс болып кетті. Дәстүр жалғастығы деген осы, қуанышта да қайғыда да біргеміз.– «Дос-Мұқасанның» жаңалыққа жаны құмар жастары сол кездегі әлемдік музыкадағы жаңа үрдісті қазақ топы­рағына бейімдеді. Қазір де түрлі музыкалық ағымдар жеткілікті екенін білеміз. Эстрадада жүрген жастардың өнерін қадағалап отырасыз ба? Оларға қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?– Қазір ән де көп, әнші де көп заман ғой. Шоу, даңғаза басым. Дегенмен, талантты жастар баршылық. Бірақ олардың көпшілігіне ізденімпаздық, өз жолын табуға ұмтылыс жетіспей жатады. Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі деген жігіттер бар, солар табиғи талантына сәйкес білім іздеп, көп еңбектенсе дұрыс бағыт-бағдарын табады деп ойлаймын. Өз басым «Мұзарт», «Қоңыр» топтарының әндерін сүйсініп тыңдаймын, ұлттық бояуы бар, әні мен сазы үйлесіп тұрады. ­Алтынай Жорабаева да талғампаз, еңбекқор әнші. Жалпы жастардың музыкалық талғамын қалыптастыратын эстрада әншілері ғой, сондықтан бұл бағытқа баса назар аударған жөн.Атырауда ескерткіштің ашылуы «Дос-Мұқасан» халықтың жүрегінен берік орын алғанын көрсетеді. Кезінде Біржан сал мен Ақан Серілер өздеріне ескерткіш қояды деп ән салған жоқ. Ескерткіштің мәні халықтың қажетіне жарауында, пайдасы тиюінде жатыр. Ел ішінде шынайы қадір-қасиетке ие, қазақ мәдениетіне еңбек сіңірген ансамбльдің өнерін ұлықтаған Атырау облысының жұртшылығына, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа ризашы­лы­ғымызды жеткіземіз. Бұл ескерткіш некесін жаңа қиған жас жұ­байлар жиналатын, «Дос-Мұқасан» жыр­лаған таза сезім мен мәңгілік махаб­батты дәріптейтін орынға айналары анық.– Әңгімеңізге рақмет.