Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Жастарымыз әскерге дайын ба?


12 октября 2017, 06:23 | 2 825 просмотров



Қазір күзгі әскерге шақыру кезеңі. Алматы қаласы бойынша бір мыңға жуық адамды күзгі әскер қатарына шақыру көзделген. Қазақстанда мерзімді әскери қызмет міндетін өтеу мерзімі – 1 жыл. Әскерге шақыру науқаны желтоқсанның аяғында аяқталады. «Қазіргі жастар әскерге дайын ба?» деген сауалмен Алматы қаласының Сейфуллин көшесіндегі Әскерге шақыру және келісімшарт бойынша жинақтау орнына келдік. Мақсатымыз қала бойынша тікелей әскерге шақыруға жауапты маман мен жастардың өздерін сөзге тартып, сыр суыртпақтау.Алматы қалалық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, әскерге шақыру және келісімшарт бойынша жинақтау орнының басшысы, полковник Фархад Құрманғажиновтың айтуынша, қала бойынша 80 мыңға жуық әскерге шақырылуы тиіс азамат тіркеуде тұр. Оның ішінде жан-жақтан оқу іздеп келіп, студент атанғандар, сондай-ақ отбасы, бала-шағасы барларының қарасы көбірек. Ал бүгінгі күні 25 мың жасөспірім мерзімді әскери қызмет міндетін өтеуге дайын.

«Заман талабына қарай адам да бейімделеді, қазір әскери билетсіз жұмысқа тұру қиын. Күзетші болу үшін де әскери билет талап етеді. Сондықтан 1990-шы жылдарға қарағанда қазір жастар белсенді. Мерзімді әскери қызмет міндетін өтеп, ары қарай келісімшарт арқылы қалғысы келетіндер, өмірін әскери қызметпен байланыстыратын сарбаздардың қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Алматы қаласы бойынша көктемде бір мың, күзде бір мыңға жуық, жалпы алғанда жылына екі мыңға жуық азамат әскер қатарына қабылданады» дейді полковник Ф.Құрманғажинов.Әскерге қабылдау қатаң талап бойынша жүргізіледі. Алдымен ауданнан, одан өткендер қалалық бөлімшеден медициналық тексеріс пен әртүрлі психологиялық тесттен өтуі тиіс. Әрі қарай әскери бөлімнен, мәселен, Ақтаудан, Өскеменнен, Отардан, т.б. арнайы өкілдер келіп, баламен, ата-анасымен әңгімелесіп, іс-қағаздарын тексеріп, өздері іріктеп алатын көрінеді. Көп жағдайда денсаулығы жарамды болғанымен, психологиялық тестерден өте алмай қалатындардың қатары көп екенін білдік. 300-ге тарта сұрағы бар психологиялық тестің сауалдары біз үшін құпия болып қалды. Шамалауымызша, «Бала кезіңізде ұрлық жасадыңыз ба немесе ұрлыққа барғанда неше жаста едіңіз?», «Жаяу жүргіншілер жолынан өтесіз бе әлде жолды кесіп өте саласыз ба?» деген мазмұндағы сұрақ бір емес, бірнеше мәрте келуі мүмкін. Осылайша бір жауаптың екіншісімен сәйкес келуін, жасөспірімнің өтірік немесе шын айтып тұрғанын тексеруге болады-мыс. Бұдан өзге, мәселен, жоғары қабаттан төмен қарағанда секіргіңіз келе ме деген тәрізді сұрақтар да кездесетін көрінеді.ҚР Ұлттық қауіпсіздік комите­тінің Шекара қызметінен арнайы келген психолог маман әскерге шақыры­лушылардан тест алып жатқандығын байқадық. Жасөспі­рім­дердің айтуынша, әсіресе Шекара қызметіне барғысы келетіндер үшін психологиялық тестен екінің бірі өте алмайды, сұрақтары күрделі.Алматы қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің Медицина қызметінің бастығы, майор Қабылбек Манапов әскерге шақырылған жастардың денсаулығы өткен жылдармен салыстырғанда анағұрлым жақсы екендігін, жыл сайын әскерге шақырылу кезеңі аяқталған соң жарты жылдық, бір жылдық есеп беру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.Сол жұмыстардың қорытын­ды­сына сүйенсек, 2015-2016 жылдармен салыстырғанда май табан, қуық безі тамырының кеңеюі, кеуде қуысының, омыртқа бағанының қисаюы, асқазан, өкпе аурулары біршама азайған. Ал бас тамырларының кеңеюі және тарылуы сияқты неврологиялық аурулардың көрсеткіші сол деңгейде сақталған.«Салмақ төмендігі көп белең алып, 1994-1995 жылдары әскерге ша­қырылған азаматтардың ішінде дұрыс тамақтанбау салдарынан және эн­докриндік ауруларға байланысты семіздік пен дене салмағының төмен көрсеткіштерімен көпшілігі әскерге бара алмайтын. Қазір семіздіктің деңгейі сақталуда. №37 бұйрық бойынша дене салмағының көрсеткіші өте төмен болса, оларға да шектеу қойылатын. Бұл жағдайлар азайды. Көз ауруларын да аса көп деп айта алмаймыз. Жастар компьютерде көп отырады, соның салдарынан көздің көруінің сәл төмендеуі байқалады. Дегенмен, баланың өзі Отаныма қызмет етемін деп құлшынып тұрса, денсаулығына байланысты шектеу қойылғанымен, әскерге қызмет етуге жарамды болып табылады» дейді майор Қ.Манапов.Медициналық тексерістен өтіп жүрген жігіттерді сөзді тарттық. Мадияр Нұржанұлының жасы 20-да, Данияр Жұмаділұлы 23 жаста. Мадияр Орталық Азия университетін бітірген, Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы. Мадиярдың айтуынша, мектепте бірге оқыған 10 жолдасының ішінде әскерге әлі бармағандар жетерлік, яғни жоғары оқу орнында оқып жүрген студенттер әскерге баруға аса құлшыныс білдіре қоймаған. «Отан алдындағы борышымызды өтеп қайту – әр азаматтың міндеті ғой» деген Мадиярдың кезегі келіп, терапевттің қабылдауына енді.Ал Талғардан келген Данияр 2-3 жылдан бері денсаулығына байланысты әскер қатарына алынбай жүргеніне өкінішін білдіріп, «Амандық болса осы күзде әскер қатарына аттанамын. Денсаулықты түзедік, май табаннан да, басқасынан да құтылдық» деп, тезірек Отан қорғауға аттанғысы келетінін тілге тиек етті.Айтпақшы, қала бойынша тікелей әскерге шақыруға жауапты Фархад Қа­ли­бекұлының кабинетінен шыққанда, өзін таныстырып, әскери оқу орнын бітіргендігін айтып, өмірін әскер саласымен байланыстырғысы келетінін, әскери қызмет міндетін өтеуге құл­шынып тұрған, жүріс-тұрысынан, сөз саптауынан, өзін-өзі ұстауынан нағыз әскер маманы екендігі сезіліп тұрған бозбалаға қарап сүйсініп, ішіміз жылып қалды.Қақпадан шыға бере, қарсы алдымыздан жо­лыққан әскери киімді жігітті әңгімеге тарттық.– Сіздің ойыңызша, қазір жастар әскерге баруға дайын ба?– Жүз пайыз дайын деп айта алмаймын. Бізде жастарға рух беретін үгіт-насихат жұмыстары кемшін. Менің ойымша, 60 пайызы әлі дайын емес.– Мектепте алғашқы әскери даяр­лық сабағы, т.б. шаралар өтіп жатады емес пе?– Ашығын айтсақ, мектепте біз тек саппен жүруді ғана үйрендік. Негізінде тек мектепте ғана емес, білім ордаларының барлығында әскери дайындық жағын талдап айтып, қару-жарақ, т.б. қажетті құрал-жабдықтарды теория жүзінде ғана емес, іс жүзінде қалай қолданудың әдіс-тәсілдерін көрсетіп, бағыттап, жастар қай жағынан шыңдалуы қажеттігі туралы ақпараттармен толық қамтамасыз етсе, әскерге барғысы келетіндердің қатары әлдеқайда көп болар еді.– Әскердегі әлімжеттік жөнінде не айтасың?– Қазір Заң бар. Жарғылар бар. Сарбаздың үстінен қарайтын жауапты адамдар бар. Сондықтан біздің әке-ағаларымыз айтатындай таяқ жейтін, жұдырық ала жүгіретін заман емес. Ара-тұра сөзбен қорқытып, психологиялық қысым жасалатынын жоққа шығармаймын.– Әскерге барудан қашқақтайтын, барғысы кел­мейтін жастар да бар. Себебі неде деп ойлайсың?– Себебі, қазір жастар оңай ақша тапқысы ке­леді. Адамның пікірі толық қалыптас­па­ғандықтан көпшілігі банкте, ұлттық компанияларда, т.б. жеңіл-желпі жұмыс істеп, қаламның ұшымен ғана жылы кеңседе отырғанды қалайды. Бұл – бір.Екіншіден, жастардың бойында қорқыныш, үрей басым. Өйткені біздің аға буын өкілдері «біз әскерде болғанда, таяқ жегенде» деген әңгімелерін жиі айтады. Оны естіп алған жасөспірімнің бойын қорқыныш билеп жүреді– Әскери міндетін өтеуге барғысы келетіндер­дің көпшілігінің денсаулығы жарамсыз болып, бара алмай қалады екен. Бұл жөнінде айтарың бар ма?– Мен дәрігер маман емеспін, сондықтан денсаулыққа қатысты ештеңе айта алмаймын. Ал жастардың арасында жүргендіктен, мына бір мәселені ата-аналарға құлаққағыс ретінде айта кеткенді жөн деп есептеймін. Қазір жасөспірімдердің арасында клей, бензин, т.б. заттарға үйір, токсикоман, яғни уытқұмарлар қатары көбейіп кетті. Соны иіскеп, содан ләззат алады, бір сөзбен айтқанда уақытша болса да құмарын қандырады. Көп жағдайда осындай уытқұмарлар мен наша шегетіндер әскерге жарамсыз болып жатады.Медициналық тексерістен өте алмағандардың, яғни әскерге жарамсыз жасөспірімдердің ­жайын біл­мекке Алмалы және Әуезов аудан­да­рының қорғаныс істері жөніндегі басқармаларына хабарласқан едік. Алмалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысы Қанат Жексенбаев ауданда әскерге шақырылуы тиіс азаматтардың саны шамамен 9422 екендігін, көктемгі және күзгі шақырылымдардағы әскерге жарамсыз жастар туралы жоғарыдағы басшылықтың рұқсатынсыз ешқандай мәлімет бере алмайтынын, бұл әскери құпия екендігін жеткізді. Әуезов ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқарма басшысының телефон тұтқасын көтерген қыз кезекшіге қосты. Өзін Медет Тәңірбергеновпен деп таныстырған азамат мұндай мәліметтердің ашық түрде айтылмайтынын айтып, басқарма басшысының атына сауал жолдау қажеттігін алға тартты.Қазір жастарға мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп жатыр. Салауатты өмір салтын насихаттайтын «Саламатты Қазақстан», т.б. бірнеше бағдарлама да бар. Әсіресе жастардың отансүйгіштік қасиеттерін дамытуға аса мән берілетін халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынын ерекше атап өтуге болады. Бұған дейін республикалық деңгейде өткізіліп келген аталған шара үстімізден жылдан бастап халықаралық деңгейде ұйымдастырылуда.Еліміздің қауіпсіздігін қорғау мақсатында кез келген ер азамат Отанын қорғауға дайын тұруға міндетті. Сол себепті әскери мектептер, әскери тегін курстардың ашылуы да қамқорлықтың бір парасы. Мәселен, әскери мектепті алайық. Алдымен жасы 24-ке толған, отбасылы, бала-шағасы бар азаматтар бұл мектепке бірінші кезекте қабылданады. 40 күннің ішінде 3-4 рет болса да полигонға барып, мылтық ұстаудың техникасын, қалай қолданатынын біліп, хабардар болып шығады. Оқу ақысына 263 мың теңге төлеп, әскери билетін алады. Нәтижесінде, кез келген жағдайда елін қорғай алуға қауқары бар, әскери қарудың қыр-сырын меңгерген азаматтың өмірге көзқарасы өзгерері анық.Ал әскери тегін курстарда байланысшы, жүргізуші, әскердегі радиошы, дәнекерлеуші және т.б. мамандыққа үш ай тегін оқытып, бітіргеннен кейін бір жыл әскери міндетін өтеп қайтады. «Мемлекетке ешқандай ақша төлемейді, бірақ оқып шық­қаннан кейін маман ретінде бір жыл әскерге баруға міндетті. Жақында 60 адам оқыды, енді 20 баланы оқытып жатырмыз. Жататын жері тегін, күніне үш мезгіл тегін тамақ беріледі. Тегін білім алып, маман иесі болып шығады, әрі тәжі­рибе жинайды» дейді полковник Фархад Қалибекұлы.Оның айтуынша, оқуға түсе алмаған жасөс­пірім уақытын құр өткізбей, бір жылға әскерге барып келгені дұрыс. 18-дегі бала әскерге барсам ба, бармасам деп әрі-сәрі болып жүргенде теріс ағым­дағылардың қатарына қосылып кетуі әбден мүмкін екендігін жасырмады. Әскери комис­са­риатқа «Балам бұзылып бара жатыр, әскерге жі­берейік» деп өтініш айтып келетін ата-аналар кез­деседі екен. Өкінішке қарай, тәрбие отбасынан басталатынын, әскер тек баланың бойындағы тәрбиені әрі қарай шыңдайтын орын екенін көп­шілік түсіне бермейді. Әскер бұзық, тентек баланы да тәрбиелеп шығарады деп ойлайтын сияқты.Жоғарыда аталған қалалық басқармада Алғашқы әскери даярлық бөлімі бар. Ол бөлім қаладағы мектептермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Мектептегі Алғашқы әскери даярлық сабақтарында оқушылар қару-жарақтың жалпы ережелерімен танысып, тиісінше мағлұмат алып шығады. Яғни әскерге баруға ынта-жігерімен кіріскен жасөспірімге кез келген уақытта өзін дамытуға, шыңдауға мүмкіндіктер қарастырылған.«Бес саусақ бірдей емес». Дегенмен, ата-ана – бала тәрбиесіндегі басты тұлға екендігін, отбасындағы тәрбие тәрбиенің бастауы екендігін ұмытпайық. Қазақ жігіті шаңырақтың иесі, ата-ананың отын тұтатушы, ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы. Ол елді қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде тәрбиеленгенде ғана қазақ елінің болашағы жарқын болмақ.