Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

«ҚАЗАҚ – ҚАЙДА ДА ҚАЗАҚ…»


3 октября 2017, 10:25 | 1 273 просмотра



«Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналының «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты жаңа ғылыми-көпшілік жобасы – халық этнографиясының аса көрнекті өкілі, қоғам қайраткері, шежіреші Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналған. Жоба жұмысына ғалымдар, ізденушілер, эт­нографтар қатысуда. Осы жобаның авторы, «Дәстүр» журналының Бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан БЕГМАНОВТЫҢ елімізге белгілі жазушы, 1991 жылы Құран Кәрімнің түсіндірмелі-мағыналық тәржімасын жасаған аудармашы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Уақап ҚЫДЫРХАНМЕН сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

 Уақап Қыдырханұлы 1933 жылы 23 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Ақарал ауылында дүниеге келген. Кезіндегі қызыл империяның қыспағынан кейін жер ауып, 1933–1955 жылдары Шығыс Түркістанда (ҚХР) тұрған. Орта білімді туған өлкеден тыс жерде игеріп, гимназия тәмамдаған. Мұғалім, газет тілшісі болды. Шыңжаң Халық радиосында қазақша хабарлар бөлімін ашып, басқарған. 1955 жылы Қазақстанға оралып, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде, Қазақ радиосында, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, еларалық «Шалқар» газетінде бас редактор қызметін атқарған. Бір топ өлеңдері 1960 жылы жас ақындардың «Жырға сапар» жинағында, «Ант» повесі «Жол басы» атты ұжымдық жинақта жарық көрді. «Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай» атты әңгіме-повестер жинағының, «Сағыныш саздары» атты диаспоралық шежіре кітаптың, бірнеше деректі кітапшалардың авторы. 

АБАЙ ТАҒЫЛЫМЫНЫҢ  АРҒЫ БЕТКЕ ТАРАЛУЫ

– Уақап аға, Сіздің балалығыңыз бен жастығыңыздың біраз жылы жат жұртта қалып, туған жерге алғашқылардың бірі болып қайта оралғаныңызды білеміз. Сіздермен бірге Қызыл империя құбыжық етіп жіберген құндылықтар да оралды. Абай, Шәкәрім, Мағжан, Міржақып кітаптарын ала келдіңіздер. Сонда олар шекарадан қашан және қалай өткізілген, қалай сақталған? Ол жақтағы елдің (Абақ-керейдің) сол тұстағы әлеуметтік хал-ахуалы қалай еді?– Ежелгі керейдің егжей-тегжейі сұхбатқа сыймайды. Абақтың арғы-бергісі де ұзақ. Дегенмен, тақырып табиғатына орай аңғарта кеткен артық болмас.– Құба-құп, аға!– «Керей қайда барасың,Сарысуды жебелеп.Сен қашсаң да мен қойман,Арғымағым көбелеп.Ақсопымды өлтірдіңАқ сойылмен төбелеп.

Мен Арғын деген арыспын,Азуы алты қарыспын.Сен бұзау терісі шөншіксің,Мен өгіз терісі талыспын.Абылай алдында бітіссең,Құдандалы таныспын.Егер оған көнбесең,Атасын білмес алыспын» дейтін еді ғой Бұқар жырау. Бұл «Ақтабан-шұбырынды» аяқталып, елдің Сырдан қайта көтерілген тұсы еді. Әрі, ата-жұртқа асыққан, әрі ақын айтқан айыбы бар Абақ сол көшкеннен қара нарды Өр Алтайдың бөктеріне әкеліп бір-ақ шөгерген ғой.– Содан кейін…– Содан, не орыстың заңын, не жоңғардың жарғысын, не қытайдың қағидасын ұстанбай, өздерінің «Бір Төре, Төрт Биін» сайлап, өз Жарғыларын жасап алып, өздерін өздері басқарып, басқалармен терезесін теңеп алған. Тек, ХІХ ғасырдың соңындағы Орыс-Қытай шекара бөлісі оларды тұтас қазақтан бөліп тастаған. Батыс мәдениетінен алыстаған, тұтас ұлттан оңашаланып қалған томаға-тұйық осы ахуал оларды оқу-білімнен, өнерден мешеулеп қалуға әкеліп соққан.«Керей деген азғана ел,Алтай деген аймақпыз.Жалап кетер әркім кеп,Сүт бетінде қаймақпыз.Жетелеуші табылса,Бұйда ірікпес тайлақпыз.Тартысуға жарамас,Ер-тоқымсыз жайдақпыз.Сонша надан болсақ таНадандыққа тоймаппыз» деп өкіне жазды сол керейдің ұлы биінің баласы Зия дейтін ақынның өзі.Арқалы ақын Әсет Найманбаев былайша жырлайды:«Алтайды Абақ керей жатқан жайлап,Сапырып сары қымыз, бие байлап.Тасы – алтын, тауы – күміс, кеудесі – гүл,Ел екен жер сарасын алған таңдап.

Таулары жасыл желек, орман екен.Аң мен құс арасына толған екен.Сулары сүйек сорпа секілденіп,Жұтсаң күш қосатындай бойға бөтен.

Жаз көркі жанға тыныс болғанымен,Қысы елге қырсық қонақ болған екен.Елінде талай егей туғанымен,Надандық елге масыл қорған екен».– Биыл белгілі ғалым Ұлықпан ­Сы­дық­тың шақыруы бойынша Мақан­шыда екі рет болдым. Сол кезде Мақаншы­дағы Әсет Найманбайұлы­ның музейін асықпай көргенім бар. Керемет қой…– Абақтың ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарына дейінгі жағдайы осындай еді. Бірақ бұл елінде ие, тұр­мысында жүйе жоқ, тіршілігі біржола тұйық­талып қалды деген сөз емес. Ел ұстаған көсемі де, сөз ұстаған шешені де (билері), ту ұстаған батыры да, елді асырайтын байлары да бар еді. Бір кезде орыс жиһанкезі Потанинмен пәтуаласқан Жұртбайдың ұлы, күллі керейдің «единицасы» Мәми би тірі еді.«Бірі еді қойған бидің Құдай сайлап.Жүретін риза ғып жұртын жайлап.Керейдің қысылғанда тиянағы,Ақылдың бастауы еді жатқан қайнап.Зор фанар адасқанның шамшысы еді,Шабанның шарапатты қамшысы еді.Аузы – төс, тілі – балға, тісі – қысқаш,Наданның мінін қиған қайшысы еді.Керейдің малын бақпай өзін баққан,Әрі би, әрі иесі, жалшысы еді.Сусынын шөлдегеннің қандыратынРахматлік жаңбырының тамшысы еді».Мәми би көз жұмғанда Әсеттің Абаққа арнаған осы ұзақ көңіл ­айтуын бұл елдің азаматтары әліге дейін айтады.1912 жылға дейін Ресейден жеті кітап шығарған ақын Ақыт Үлімжіұлы мешіт салып, медресе ашып, бала оқыта бастаған еді. Ресейден қашқан ақ генерал Бэкштің он мыңдық армиясын Моңғолияға қуып тастаған Зуха батыр ат үстінде болатын. Уақыт тамырын тап басып, замана зұлматтарымен жағаласа Шарыпқан, Баймолда сынды жас тұлғалар шығып келе жатқан-тын.Аймақтың оқу-білімге күрт бұрылғаны 30-40 жылдар арасы. Бұл Шарыпқан дәуірі деп аталады. Ол хан тұқымы Көгедайдың бесінші ұрпағы. Бірер жыл Зайсанда да оқыған. Ел ісіне ерте араласқан. Өлкеде қазақ-монғол мектебін аштырған. Алтайдағы дүңгендер дүрбелеңін басқан соң аймаққа генерал-губернатор болып тағайындалған. Бұл – Кеңес жерінен ығысқан қазақ зиялыларының бірталайы осы аймаққа шоғырланып, ағарту ісін жандандырудың алғышарты жасалған тұс еді. 1934 жылы әйтеуір қара танитын алпыс адамды жинап, мұғалімдер дайын­дайтын курс ашады. Оны басқару, оқытуға Сейтқазы Нұртаев, Зият Шәкәрімұлы, Әбдікерім деген болыстың Петербор, Мәскеуде оқыған Қамбар, Шабдан деген ұлдары, Кәрім Дүйсебаев, Ғинаят Сақабаұлы, Мұсылманбек Төгісовтар қатысады. Небәрі үш-төрт жылда аймақта алпыс шақты мектеп бой көтереді. 1937-1938 жылдары осы тұлғалардың бәрі тұтқындалып, Шарыпқан тірідей көміліп, өлтіріледі…– «Қазақ қайда да қазақ» дейміз. Бірақ бар қазақтың тарихын тұтасты­рып, тағдырын тоғыстыра алған жоқпыз. Сіздің сыздықтатып айтқан аз сөзіңізден көп жайт аңғарылғандай. Енді айтар әңгімеңіздің түп қазығына қайтып оралсақ.– Айта берсек, Абай мен Абақ ежелден құдандалы, нағашылы-жиенді әулеттер.Құнанбайдың әкесі Өскенбай керей Жәнібек батырдың қарындасынан туған жиен. Абақтың Өтеулі деген батырының баласына ұзатқан Өскенбайдың қызынан тараған жиендері қазір де бар. Сонан соң, керейдің қажылары Меккеге жолхатты аға сұлтан Құнанбайдың кепілдігі бойынша Семейден алатын болған. ХІХ ғасырдың орта тұсында патша офицерін өлтірген бір қазақты іздеп арғы бетке Құнанбай барғанда керей ұлықтары оны «өлді» деп куәландырып, қорғап қалған. «Жердің шеті, желдің өті, жаудың беті беліңді бекем буғызған екен, Абағым. Түптің түбінде қазақтың шығыстағы қорғаны сен боларсың!» деп, риза болып қайтыпты. Сонда бұл ежелгі ағайындық емей, немене?!– Иә, қызық, керек дерек екен!– Ал енді, Абай тағылымының арғы бетке таралуын мен Хакімнің алғашқы жинағы жарық көрген 1909 жылдан бастаймын. Керейдің Мәмиі сол жылы Абай ауылында бала оқытып жүрген Сейтқазы Нұртаев дейтін азаматты уссули жадид жүйесімен (әрі дін, әрі пән оқытатын) «Абақия» мектебіне шақырып алады. Әуелі Троицкіде «Расулия» медресесін, одан Омбы мұғалімдер семинариясын бітірген, қызылжарлық сол жігіт 1905 жылғы «Қарқаралы петициясына» қатынасқаны үшін соңына түскен қуғыннан жасырынып, Абай ­ауылдарында жүріпті. Осы «Абақияның» шаңырағын жиырма бес жыл көтеріп, талай білімді, ақылды азаматтарды атқа қондырады. Абай солардың көкірегінде кетеді. Сол ұстаз 1934 жылы аймақта ашылған «Мәдени-ағарту» ұйымын басқарады. Осы тұста Зият Шәкәрімұлын жолықтырады. Одан осы ұйымның өлкелік басқармасына бастық болып ауысқанда Зиятты да ала кетіп, оны өз қызы Мүнираға үйлендіреді. Екі жылдан кейін аталы-балалы екеуі де тұтқындалады.«Ақындар бізден бұрын өткен талай,Әсіресе Құнанбай баласы Абай.Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,Мен де аз сөз жазып қойдымқұрап-жамай…»(Ақыт Үлімжіұлы)Абай тағылымын таратудың таңғажайып тәсілін тапқан тағы бір тұлға – ғұлама діндар, кемел ақын Ақыт Үлімжіұлы. Жаны жаннатта болғыр жарықтық «Дәлайлул Ғақлия» (Парасат пайымдары) деген тақырыпта ақынның елу екі өлеңін алып, олардың философиялық астарын ашып, тұспалдарын түсіндіріп, мазмұндап, араб, парсы сөздерін тәржімелеп, тәпсірлеп, өлеңмен қайта жазып таратты. Құдайға ғана құлшылық жасап, иманды ғана уағыздайтын абыз Абай өлеңдерін Құрандай тәпсірлесе ақынға бұдан артық қандай құрмет болмақ! Бүкіл өмірін өз халқын ағартуға арнаған, Абақтың рухани ұстазына айналған сол абыз да қара қытайдың қапасында көз жұмды.Ал Абайдың алдын көрген, ақылын естіген, өзіне арнаған өлеңін тыңдаған, өмірден «Абайдай арт жағына сөз қалдырып, дариға-ай, жақсы екен ғой өлу деген» деп, күңіреніп өткен ақын Әсетті Абай тағылымының таратушысы, насихатшысы емес деп кім айтады?!«Өлеңді он жасынан бастаған» Арғынбек Апашбайұлы деген ақын болды. Зайсанның тумасы. Әкеден жас қалған жетімек нағашыларын сағалап, арғы бетке ерте (1912 ж.) асып, бүкіл Жоңғар даласын жырмен жуған даңғыл дарын. Сол ақынның Өр Алтайдың екі бетіне төгіп кеткен, тіпті Алтайдан ауған елмен бірге жер жүзіне шашылып кеткен өлеңдерін өмір бойы мен де жинап, сараптап (марқұмның рухы риза болсын!) 2014 жылы «Жыр — Ғұмыр» деген жинағын шығардым. «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебектер» менен бұрын келіпті. Абай өлеңінің алғашқы жинағы мен Міржақыптың «Оян, қазағы» менімен бірге келді» депті, жарықтық. Сол Арекеңнің «Қазақтың Сырдан Арқаға көшуі» дейтін өлең-романындағы тобықты тарауында Абайға айрықша жыр арналады.«Өскенбай, қажы Құнанбай,мырза Абай,Абайдың жаннан асқан білімін-ай.Затың қазақ болған соң амал бар ма,Арманда зарлап өттің бұлбұлым-ай!Ғаламға үлгі жайып, сөз тараттың,Атыңыз бақи қалды дүлдүлім-ай.Низамя болмаған соң атаң қазақ,Табылмас енді сенің бір күнің-ай.Құдайдан әмір болып қайтып келсең,Жапырлап айтар еді ел мұңын-ай.Далиған даладағы бұл қазаққаАлла енді берер ме Сендей ұлды-ай!»Бұл шерменде ақынның көкірегінен 1924 жылы төгілген шері еді. Құдайшы­лы­ғын өзің айтшы, сол жылдары, Абайды тап осылай жоқтаған қазақтың қай ақынын білесің?!Абайдың алғашқы өлеңдер жинағы, Міржақыптың «Оян, қазағы», «Бақытсыз Жамалы», Сұлтанмах­мұттың «Қамар сұлуы», Сәбит Мұқанов­тың «Адасқандар», Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы»… менің әкемде болды. Ылғи босқын­дардан құралған бұл ауылдың адамдарының бәрі діндар, бәрі ділмар, бәрі мұндар еді. Тапқандарын тамаққа айналдырып алатын да, қыста әр түні бір үйге жиналып, сырласатын, мұңдасатын, діни жоралғылар жасайтын, қиссалар айтатын, кітаптар оқитын. Өздерін-өздері жылататын, өздерін-өздері жұбататын. Кейін бұл ауылдан да бірталай танымал адамдар, мұғалімдер, әншілер шықты. Ұлылардың ұлағаттары біреудің қолында, енді біреулердің ­аузында солар арқылы да тарап кетіп жатты. Мысалы, менің өзім Абай өлеңінің жартысына жуығын, «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Ер Тәуке» дастандарын жатқа білемін, қазір де жаңылмай айта беремін. Дәуірдің дауылы жер аударғанда менің жөргегіме оралып барған сол кітаптар да менімен бірге туған жерге қайта оралды.– Бұл көкейдегіні қозғаған сұхбат болды-ау, аға. Осы орайдағы әңгімелер көбінде Зият есіміне байланысты өрбитін. Бүгін Абай тағылымының таралуына ғана емес, Абайтанудың игерілмей жатқан бір тыңына түрен түсті ме деймін!– Зият қоғамдық жұмысқа бес-ақ жыл араласты. Соның өзінде аймақтың оқу-білім, мәдениет, рухани саласында зор сілкініс жасады. Томаға-тұйық түбектің түндігін түрісті, үлгі таратты, ілгері жетелесті, мол мұра қалдырды. Зият зерттелмеген зерде, танылмаған тұлға. Ол әкесі Шәкәрімнің бар мұрасын құтқарып, шарапатын шашты. Абайдың Абақ керейді көтергенін, Абақтың Абай мұраларын сақтап қалғанын көрді. Ендеше тиянақ сөзді Зияттың өзіне берейік:«Мен кеттім жан сауғалап өз бетіммен,Туысым түрмеленді бір шетінен.Жат жерде сүйретіп құр сүлдерімді,Қайғыға батып жүрген мен шерлімін.Ойлайсың, егілесің, күңіренесің,Қолыңнан келері жоқ, бос жүресің.Атаның аруағын сыйлаушы көп,Көңілді соған ғана көтересің.Ырыздық болды маған ата даңқы,Құрметтеу жақсыларды елдің салты.Абай мен Шәкәрімді көрмесе де,Оларды құрметтейді керей халқы.Керейдің мекені екен Алтай, Сауыр,Бұл жақта ел көрмедім одан тәуір.Айқасқан елі үшін де, өзі үшін де,Шайқастың тарихы бар әжептәуір.Ойшылдар оқымысты мұнда да бар,Шарыпхан, Мәнкей,Мұқаш, ­Баймолдалар.Күш қосып қозғалысқа өлкедегі,Алтайды азат еткен ер осылар…

БҮГІНГІ ТОЙДЫҢ ТУЫН БІР КӨТЕРСЕ, САРЫН КӨТЕРЕР ЕДІ

– Уахап аға, өткенде қазақ құдалы­ғы­ның түрлерін атағаныңызбен түстерін түстемеген едіңіз. Оның бәрі сұхбатқа сия қоймас. Ал ортақ бір сипатын аңғарта кетсеңіз артық та бола қоймас. Бәлкім, Сіздің көл-дария көңіліңіздің қалтарысында бүгінгі тойларды толықтыратын бір жоралғы жатқан шығар!– Қазақтың «белден» бастап, «бе­сіктен» шығарып, «барымта», «бітімге» дейін жалғасатын құдалығы­ның, әр­қайсысының өз ерекшелігі бар. Оның бәрін жіліктеп шығу оңай емес. Дегенмен ортақ сипатын еске түсіріп көрейік.– Ал онда әлқисса дейік!..– Әлқисса: ұрпақ қамын құрсақтан бастайтын қазақ ұлды сүндеттеп, қыздың құлағын тескен соң-ақ үлкен өмірге бейімдей бастайды. 12-13 жасқа толғанда ұлға ұя, қызға өріс іздейді. Шарт – жа­қын­дығы жеті атадан әрі, нәсілі асыл, несібі тең, қыз көрікті, инабатты болуы керек.Атасы басқа болса да ауылдасқа жоламайды. Өтей бойдақ айтқандай, қаны қосылмаған, «жеті белдің астынан, жеті өзеннің ар жағынан» іздейді. Ұнатқан жеріне «Жаушы» жібереді. Қыз жақ іштартып тұрса да бірден келіспейді, кет те демейді. Ойласуға, ақылдасуға мұрсат керек. «Құда болып алғанша би боп, құл боп сырлас. Құда болып алған соң құл да болса сыйлас!» дейді мұны қазақ.Қыз жағы мақұлдаған соң жасалатын алғашқы ресми қадам – өлтірі. Құда әкелген мал сойылады. Аруақтарға құран бағыш­талады, тірілерден ризалық сұралады. Қалың­малға келіседі. Өлі де, тірі де бірдей куә болған бұл бата – енді бұзылмайды.– Қалыңмалға қалай келіседі? Оның белгілі бір өлшемі бола ма?– Қалыңмал 60 – 200 байталға дейінгі баламалық өлшем бірлігімен есептеледі. Ол бірден түгел төленбейді. Бұл әрі құданы қинамау үшін, әрі өзара таныса беру, егер балалар жас болса, балиғатқа толғанын тосатын уақыт.– Ендігі қадам қандай болмақ?– Ұрын той – қалың төленіп, құдалық қалыптасқан тұста күйеудің алғашқы қайыншылап келуі. Құда­лар он шақты адам болып, жол-жоралғысын, бар кәделерін алып, артынып-тартынып келеді.Жеңгелер ауылдан біраз алыста күйеуді аттан түсіріп, сусын алып шы­ғады. Қымыз құйылған ағаш аяқты ұсы­нып – тартып, ұсынып – тартып, аяққа (ыдысқа) кәде (жүзік пе, иіссу ма, күміс ақша ма) салмайын­ша бермейді. Бұл «Аяқ жүгірту» жоралғысы» деп аталады. Ендігі тағдыр жеңгелердің қолына өтеді.Қилы-қилы қылықтар, таусылмайтын талаптар күйеу аттанғанша жалғаса береді. Құдалар қанша сый–сияпатпен келсе, сонша бодаумен қайтады. «Ұрын барып алған соң, өлген күйеу жатар ма?» деп, бұдан кейін күйеу ашық келе береді.«Қайныма қарға мініп ұрын бардым,Күйеуден өзім қатар бұрын бардым.Айғырын шегірткенің ұстап мініп,Алдынан қайынатаның қырындадым» дейтін өтірік өлең болушы еді. Күйеу­ге еркіндік осыдан соң тиеді екен.– Жоқ, бұл да шексіз еркіндік емес. Жанашыр жеңгелер әдептен оздырмайды. Қызды ауылдың содан кейінгі жөн-жоралғысы өз кезегімен жалғаса береді ғой.– Той тарқасымен қызды ұзатуға дайындайды. Отау жасақтайды, жасау жинайды, енші бөледі, бәсіре белгілейді. Ұзатылар қарсаңда қызды ауыл аралатып қоштастырады. Барған үй оның жасауына жарайтын бір затын сыйлайды. Бұл «Қыз таныстыру» (әрі тойға шақыру) деп аталады.– Бұл сонда қоштасу емес, жасау жинау болды ғой?– Бәлкім, сол да болар. Бірақ ешбір парыз-қарызы жоқ, ортақ дәстүр.– Келін ала барғанда құдалар тағы да бір шабылатын шығар?– Жоқ. Анасының «Сүт ақысынан» басқа еш нәрсе апармайды. Баяғыдай бүрсеңдемей, керісінше кердең жүреді. Той соңына қарай «Аужар» айтылады. Негізінен күйеу жақтан, болмаса екі жаққа да жақындығы жоқ екі жігіт атпен келіп, отаудың тұсынан:

«Бір толарсақ, бір тобық санда да бар,Жар-жар!Қырық кісінің ақылы ханда да бар,Жар-жар.Мұнда әкем қалды деп қайғыланба,Жар-жар,Жақсы болсаң қайын атаң онда да бар,Жар-жар»деп, өжет дауыспен желдірте жөнеледі.

«Ақ отауым тіккен жер айрам болсынАй-яу,Ақ жүзімді көретін айнам болсын,Ай-яу!Кісі әкесі кісіге әке дейді,Ай-яу.Өз әкемдей сонда да қайдан болсынАй-яу!Ей, сылқым ай,Қош-аман бол,Жұртым-ай! – деп, жылауық дауыс­пен қыздар жауап қатады. Сөйтіп, бірі баратын жақтың шашбауын көтеріп, екіншісі қалатын жаққа қимастығын аңғартып, біраз айтысып барып тоқтайды.Ең соңында «Сарын» айтылады. Бұл – төркін жақтың бір ақылманының қызға айтатын ақыл-кеңесі, елі атынан қоштасуы, соңғы батасы. Неге екенін біл­меймін, осы «сарын» біздің дәстүрімізде, тіпті тұрмыс-салт жырларымыздың қатарында да жоқ. Қазіргі ұзату тойларында асабаның тақылдағы мен тілектің сыңғырынан басқа салиқалы ештеңе айтылмайды. Мен, егер бүгінгі тойдың туын бір көтерсе осы сарын көтерер еді-ау деп ойлаймын!Сарын:( өз әнімен, салмақты, қоңыр дауыспен айтылады)«Сарынның басы – Бисмилла,Құлағың салып сөз тыңда.Бабаңнан бері бағынған,Үлгілі сөздер бар мұнда.

Кім құтылар жосыннан,Қозы мен Баян қосылған.Талай қыздың көз жасыҰзатарда жосылған.

Атаңның жаны-тіні едің,Дүниесінің гүлі едің.Атаның хақы ауыр деп,Қызметінде жүр едің.

Әңгіме солар өрбітер,Естіген жанға шер бітер.Алдында жүріп күндіз-түнАтаңды сендей кім күтер.

Атаңыз жүрер сағынып,Анаңыз жылар ағылып.Жат елге сапар шегесің,Асылдан киім жамылып.

Атаңнан тудың дақ (қыз) болып,Абзал бір өстің пәк болып.Өз тұсыңа үлгі боп,Жағып бір жүрдің нақ болып.

Болып ең жұртқа жағымды,Білер ме жат ел бабыңды.Алдыңнан Алла оңғарып,Өсірсін сенің бағыңды!

Атанарсың келіншек.(Көңілді сайтан семіртпек.)Есіктен кіріп, төрге озба,«Бұл қалай, дер, жеңілтек».

Сөз шығады қиыннан,Тойыңа көп жұрт жиылған.Әдепсізге сын тағар,«Туған ба деп сиырдан».

Сөзіме менің сал құлақ.Батырлар мінер арғымақ.Жемісімді жесін депМәуе ағаш тұрар салбырап.

Әдепті болу асыл жол.Сөйлете берсең сөзім мол.Мәуе ағаштан үлгі алып,Сен-дағы сондай имек бол!

Албырттық, жастық өтеді,Аяңдап уақыт жетеді.Үлкеннің сөзін сыйласаң,«Өркенің өссін!» деседі.

Жан жақсысы – құлқынан,Мал жақсысы – жұртынан.Аса алмайды еш адам,Бұрынғының ғұрпынан.

Келіннің ата-қорғаны,Көп айтсам кетер сөз мәні.Сыйламасаң ата-анаң,«Әдепсіз» дер ол-дағы.

Жақсыға әр кез жуыта,Көңіліңді жанға суытпа.Ата-анаң айтқан ақылдыӘр кезде, қалқам, ұмытпа!!!Сарынның бұл нұсқасын мен ағам Түсіп­хан Мағзиұлының жазбаларынан алып отырмын.

СЫҢСУ

– Сыңсу – менің ұғымымда – шерлі жандардың айтарын тауыса алмай, өксігін баса алмай, көз жасын тия алмай, дауысын да еркін шығара алмай, құмығып ұзақ жылауы. Қыз мұраты – кету ғой. Сонда осынша неге өксиді? Осынымыз жасанды жылау, өтірік өксу емес пе?– Сөздің тегі солай екені – солай. Бірақ қыздың сыңсуын сөгуге болмайды. Ата-ананы, аға-бауырды, құрбы-құрдасты, туған үйді тастап, жат босағаға келін, жат жерге кіріптар болу оңай ма! Тіпті жігітін жақсы көріп, күйіп-жанып тұрса да қазақ қызы қуанып, барамын деп қашан айтқан? Бұл тек қазақ қызына ғана тән тәрбиелік, біздің ұлтымызға ғана лайық ахлақ. Тегінде, адамзатта туған-туыстан тірі айрылысқаннан асқан қасірет жоқ. Қазақ оны ұзатқан қыздың басынан ғана сезінген. Демек, мұнда ешқандай жасанды жылау, өтірік өксу жоқ.– Түсіндім, аға. Тіпті көңіл босап бара жатыр. Енді сезімімді тежей тұрып, қарындастың жайына ойысайық…– Қыз ең әуелі «ұзатпашы» деп, әкесіне жалынады. «Ішіңе сыйған анашым, сыртыңа қалай сыймадым» деп анасын еңіретеді.«Ақ атанға жүк арттым,Аумасын деп бек тарттым.Алдыңнан өтпес ағекем,Иығыңа қол арттым» деп, ағасымен қоштасады.«Әуеде торғай өріп жүр,Балапаны еріп жүр.Айналайын Мүсіралжан,Сағындырмай келіп жүр!» деп, бауырына жалынады. Осылайша бәріне сөз арнайды. Тіпті «мен жоқта атама жақсы қара. Мен сені де сағынамын» деп, жалшылармен де көріседі…Кекілі мен құйрығы үкіленіп, күміс ер-тоқым ерттеліп, қызыл торғын кежім жабылған келін аты көлденең тартылады. Босағадан қолын босатпай тұрған балдызды базынасы өтетін жездесі келіп атқа қон­дырады. «…Көтеріп атқа салатын, жездекем саған не жаздым?» деп, оған да өкпе айтады.Көш қозғалады. Бірі шылбырынан жетелеп, біреуі жанасалып, сүйемелдеп келе жатқан ат үстінде:«Қарағайдың жаңқасы-ай,Жарылмайтын болсашы-ай.Бір атадан туған жан,Айрылмайтын болсашы-ай!» деп, сыңсып, қыз кетіп бара жатады. Соның өзіне қалың елінің қабырғасы сө­гіліп, жұрт болып жұбатып, ұзатып, сағындырмай барып-келіп, түңіл­дірмей төркіндетіп алып отырады.– Ал енді келін келді делік…– Жоқ, келе жатыр. Тетелес абысындар мен қайын сіңлілер ауыл сыртында күтіп тұр. Шашу шашылып, түсіріп алады да сәукеле сыртынан жаулық жауып, жетелеп әкеліп, отауының оң жағындағы шымылдық ішіне отырғызады. Той «Беташармен» басталады. Үлкендерге сәлем салғызады. Баталарын алады. Таңертең енесі ерте тұрып үлкен үйдің түндігін аштырады, іргесін түргізеді, ошағына от салдырады. Осы тәртіп келін ғұмырының ғибраты болып қалады!– Әңгімеңізге рақмет!

Автор:
anatili.kazgazeta.kz