Республикалық қоғамдық-медициналық апталық газеті

Ең жек көретін сұрағым: «Тағдырға сенесіз бе?»


26 сентября 2017, 11:26 | 1 233 просмотра



Тағдыр... «Құдай адамның тағдырын жазып қояды» дейді. «Тағдырың осындай» дейміз. «Тағдыр – адамның ғұмыры» деп те жатамыз. Бірақ дөп басып «Тағдыр» деген сөзге жауап беретін кім бар? Тегінде адамның тағдыры адамның өз қолында. Ақиқаты құдайдан екеніне шек келтіруге болмас, бірақ жаратушының өзі адамға ақыл мен сана берді. Ендеше құдайдың жазған тағдыры адамның туу нүктесі мен өлу нүктесі. Ал қалғаны сана мен ақыл, жүректің қарекеті болса керек. Жаман адам болмайды.

Дәл сол секілді «жаман тағдыр» деген сөз де жоқ. Бәрі адамның өз ісі. Жақсы жолдан жаман жолға кетуі, жаман жолға кетіп одан қайта жақсы жолға түсуі бәрі дерлік адамның ішкі жан арпалысы. Бірақ түптің түбінде адам өзі жазып шыққан тағдыр жырының құрбаны болады. Бәлкім сондай бір лаззатпен өледі әлде қасірет көріп, бұл жағы да адамға байланысты. Осы жерде ойланған боларсыз, «ажалдың кілті құдайда ғой» деп. Әрине ол солай. Бірақ адам жасаған өміріне өзінің көңілі толса, хақ жолынан адасып кетпесе, тағдырына күн сайын жақсылық тамшысын құйып отырса, ол неге күнәһармын-ау деп қасірет шегіп өлуі керек. Жоқ олай емес. Айналып келген кезде ажалды алдымызға алып келетін Алла, ал оны қабылдау біздің мәселеміз.

Яғни қалай қабылдаймыз деген сұраққа жауап іздеу. «Тағдырға сенесің бе» дейтін бір ауыр сұрақ бар. Жауабын іздеу үшін дінге келу керек. Ал дінге келу үшін таза болу керек, таза болу үшін бес уақыт дәрет алу керек, дәрет алу үшін ауызыңда дұға болу керек, дұғаны жаттау үшін ілім керек, ілімді алу үшін сана керек, сана болу үшін ми керек, ми болу үшін адам болу керек... керек дүниенің көптігі сонша, бұл сұраққа жауап берудің де қажеті шамалы. Бірақ жоғарыда атап өткенімдей, адам өз тағдырын өзі жасайтын болса, оған сенгені несі? Сонда сіз өзіңіз жасап отырған әрбір ісіңізге жауап бере алмайтын адам боласыз. Себебі сіздің сұрақ өзіңізге берілген тағдырдың иесі ретінде емес, біреу сізге соны жасап қойып, содан үміт күтіп отырған адамның әңгімесі. Әңгіме тағдырға сену сенбеу де емес, әңгіме СІЗДЕ! Түсінгенім мынау, «тағдырымыз сондай» деп мұң артатын адамдар ешкім емес.

Себебі бұл сөз сылтау ғана. Сізге құдай сіз жүре алмайтын жолды бермейді. Себебі ол сіз ойлағаннан да мың есе мейірімді. Тек бәрін қиындатып алатын өзіңіз. Содан кейін келіп тағдырды қала берді ақыры құдайды қарғап шығасыз. Бұл әділетті деп ойлайсыз ба? Түйін мынау, тағдырға сенбеңіз, сенім артпаңыз. Оны сіз жасайсыз. Өзіңіз жасаған дүниеге өзіңіз сене алмасаңыз, біреуді не көрінбейтін дүниені кінәламаңыз. Бір сөзбен айтқан кезде «тағдыр» деген сөзді ойлап тауып, оған сонша философиялық еркіндік пен моральдық басымдылық беріп тастағанбыз да, өзіміз айтқан өтірікке өзіміз сеніп келеміз. Құдай өмір берді. Құдай сізге тағдыр берді, бірақ сіз өзіңіз жасап жатқан тағдырды құдай берген жоқ. Кейде ақылдың есігін ашып, сырттан ішке ауа кіргізіп тұрған жөн. Әйтпесе бәрі өзі қамалып отырған үйдің пәлсапашыл данасы атанып кетеді. Айтпақтай, жоғарыдағы тағдыр дегенге діни тұрғыда сәл де болса бір факт келтіре кетейін, «тағдыр – Аллаһтың алдын ала білген ғылымы мен даналығының талабы бойынша бүкіл тіршілікке арнап өлшеген мөлшері». Мен айтқан екі нүкте осы.

Мақала ұнады ма? Ұнаса, достарыңмен бөліс!